ИРЖИ ПАЧИНЕК: «ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ШЫНЫДАЙ КІРШІКСІЗ, АБЫРОЙЫ АЛТЫНДАЙ БАҒАЛЫ БОЛҒАЙ!»

27 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстандағы Чех Республикасы елшілігінің ұйымдастыруымен Иржи Пачинектың «Шыны бақ» көрмесі ашылды.

– Чех халқы шыныдан жасалған ыдыстары мен аспа шамдарымен, түрлі әшекей бұйымдарымен әлемге белгілі. Қазақстанға елші ретінде алғаш келгенімде жергілікті ұлтты чех өнері мен мәдениетімен таныстырғым келді. Адам қолымен жасалған сұлулықты сусындау қос мемлекетке де тән болған соң, басыма Иржи Пачинектің көрмесін өткізу ойы келді. Бүгінде қазақ халқы «Шыны бақ» көрмесінің арқасында сала майталманымен сұхбат орнатып, қолөнер кәсібінің ерекшелігін тамашалап отыр, - деді Қазақстандағы Чех Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Рудольф Гикл.

 

Есімі Еуропаға кең тараған Иржи Пачинектің көрмелері Үндістан, Пәкістан, Малайзия, Қытай, АҚШ іспетті басқа да көптеген елді аралап үлгерген. Жерімізге алғашқы қадамын басқан ұста құшақ жая қарсы алған халқымыздың қонақжайлығына разылығын айтып, ел көшін бастаған Елбасыға арнайы дайындаған сыйлығын тарту етті:

– Бала күнімде фильм тамашалағанды қатты ұнатушы едім. Сүйсініп қараған туындылардың бірінен шыныдан неше түрлі бұйым мен күрделі мүсін жасауға шебер отбасыны көріп, қатты әсерленгенім бар. Өмірімді қай мамандыққа арнайтыным сол кезден-ақ анықталған болатын. Сырт көзге нәп-нәзік көрінетін көрмедегі шыны мүсіндердің бәрі шын мәнінде ауыр әрі ұзақ жұмыстың жемісі. Зор сабырлықты талап ететін күрделі кәсіпке қазақстандықтардың да қызығушылығы мол болып шықты. Елімізге қандас бауырларыңыздың бұл саланы меңгеру үшін келетіні мені тәнті етпей қоймады. Қазақтар біз сияқты ауыр жұмыстан жасқанбайтын еңбекқор халық екен. Түйген ойымның рас екеніне елге келіп көзім жетіп жатыр. Ұлттарыңыздың дәстүрі мен мәдениеті, қонақжайлығы, талғамы, бәрі де ұнады. Мемлекеттеріңіздің гүлденіп, терезелеріңіздің әлем елдерімен теңесіп келе жатқанына қуанамын. Ұлт тәуелсіздігінің негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлына дайындап келген сыйлығым бар еді. Оны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Мұратбекұлына табыс етуге рұқсат етіңіздер, - деді Иржи Пачинек.

    

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов чех елінің қазақ халқына, оның ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа деген ықыласы мен лебізіне үлкен ризашылығын білдірді.

Ол өз сөзінде Чех Республикасымен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта беруге мүмкіндіктердің мол екенін атап өтті.

Елбасы кітапханасы қабылдаған ерекше сыйлық мемлекет елтаңбасының геральдикалық элементтері негізінде жасалған.

Чехиялық автор алтын жалатылған шынының көмегімен күн мен қос пырақтың мүсінін бейнелеген.  

Автор бұл бейнелердің қазақ халқы үшін маңыздылығын терең сезінген. Күн – тәуелсіздіктің, бейбіт өмір мен ашық аспанның белгісі болса, оны екі жақтап қорғап тұрған пырақ қанаттары адалдық пен биік самғауға деген ұмтылысты, мүйіздері – қайсарлық пен батылдықты, жауынгерлік рухты суреттейді.

И.Пачинек авторлық туындысын сыйға тартарда: «Болашақтарыңыз шыныдай кіршіксіз, абыройларыңыз алтындай бағалы болғай!», - деп тіледі.