ИВЭН ЛАМОС, «EURACTIV» ХБО-НЫҢ МУЛЬТИМЕДИА ДИРЕКТОРЫ (БРЮССЕЛЬ, БЕЛЬГИЯ): «ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫН КӨРГЕНДЕ МАҒАН ЕУРОПА ЕЛЕСТЕДІ»

Елбасы кітапханасына келетін мәртебелі меймандар арасында шетелдік журналистер де көп. Солардың бірі - Бельгиядағы «Euraractiv» халықаралық баспасөз орталығының мультимедиа директоры Ивэн Ламос жуырда кітапхана көрмелерін аралап, әсерімен бөлісті. Ивэн мырзаның Астанаға келген мақсаты – Қазақстанның Еуропалық Одақпен қарым-қатынасы жөнінде репортаж әзірлеу.

- Ивэн мырза, қош келдіңіз. Астанамыздан алған алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Ия, бұл менің Астанаға, Қазақстанға да алғаш келуім. Мұның алдында Әзірбайжан астанасы Бакуде, Түркияда болғанмын.

- Қазақстанға сапарыңыздың мақсаты не?

- Сапарымның мақсаты,  Қазақстан туралы, нақты айтқанда оның Еуропалық Одақпен қарым-қатынасы жөнінде репортаж әзірлеу. 2015 жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында келісім-шартқа қол қойылды. Бұл Еуропалық Одақпен қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекеттің бірі. Бұл дегеніңіз Еуропалық Одақ үшін Қазақстанның экономикасы, дамуы, Орталық Азиядағы орны мен рөлі маңызды дегенді білдіреді. Репортажымның да өзегі осы – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстың артуы. Бұл байланыстың қандай пайдасы болады? деген сауалға жауап іздеу. Жемісті әріптестік дегенде, виза алу тәртібін жеңілдету мәселесі де журналистік назарымнан тыс қалмайды. 2017 жылдан бастап, Қазақстан Еуропалық Одақпен қатар, әлемнің көптеген елдеріне визасыз режим енгізгені белгілі. Ендігі кезекте Еуропалық Одақ елдері де өз тарапында Қазақстан үшін дәл осындай визасыз қадамға бару мүмкіндігін жасай ала ма? немесе виза алу тәртібін жеңілдете ала ма?  Репортажымның зерттейтін тағы бір бағыты осы.

- Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыстың келешегін қалай бағалайсыз?  

- Әлбетте, мен бұл қарым-қатынасқа баға бере алатындай сарапшы емеспін. Бірақ журналист ретінде айтарым еуропалықтар Қазақстан экономикасының ауқымын, қарқынды дамып жатқан ел ретіндегі маңызына қанық деп ойлаймын. Мұны көру үшін маман болудың қажеті жоқ. Көршілеріңіз Қытаймен де ынтымақтастықтарыңыз артып келеді. Әсіресе, Қытайдың «Бір жол-бір белдеу» аясында алыс-беріс анық көрінеді. Бұл тұрғыда Қазақстан Еуропалық Одақ пен Қытай арасындағы барыс-келісті арттыратын транзиттік мемлекетке айналып келеді. Алдағы жылдары мұндай әріптестіктің маңызы арта беретіне сенімім кәміл.

- Ивэн мырза, Елбасы кітапханасын ең алғаш көргендегі әсеріңіз қандай?

-  Осы ғимаратты алғаш көргенде ғажап сезімге бөленгенімді жасырмаймын. Ішіне енгенде, әлгі Джэймс Бондттың фильмдеріндегі футуристік, ғарыштық ғимаратты көргендей аңтарылдым. Жұмыс офисім әлбетте, мұндай емес. Шынымды айтсам, қызыға да қызғана да қарадым. Нағыз жұмыс істеуге және аралауға лайықты жер екен.  

- Сұхбатымыздың соңында кітапханамызға деген ниет-тілегіңізді естісек.  

-  Кітапхана өзінің орны мен рөлін мейлінше жақсы түсінетіні қуантады. Бұл білім мен танымдық дүниелерге ұмтылу қай қоғам үшін болмасын өте-мөте маңызды. Бұл кітапхананы көргенде маған Еуропа елестеді, нақты айтқанда Еуропалық Одақпен байланыстырғым келді. Меніңше, академиялық тұрғыда ой қорыту әлбетте тиімді саяси шешімдерге алып барады. Ол өз кезегінде халықтың әл-ауқатына да оң әсер етеді. Өзбасым осындай еңселі кітапхана Қазақстанның бұрынғыдан да жақсы дипломатия қалыптастыруға септігі зор болмақ. Ал, оның пайдасы ең алдымен халық пен үкіметке болары күмәнсіз.

- Әңгімеңізге рахмет. Сапарыңыз сәтті болсын.     

 

Сұхбаттасқан Қанат Әуесбай