ҚАНДАСТАР ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА КЕЛДІ

Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратын көруге құмартқан жандардың арасында туған жерін аңсап жеткен қандастар да бар. Қытай Халық Республикасынан елордаға қоныс аударған ардагер ұстаз Жұмашәріп Шәһадатұлы жұбайы мен немерелерін ертіп музейге келді.

Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан азаматы атанған Жұмашәріп Шәһадатұлы 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласына отбасымен түбегейлі көшіп келген. Ол ұзақ уақыт жоғары оқу орнында жемісті қызмет етіп, Санжы педагогикалық институтының ректоры болған. Басшылық жауапты жұмыста жүрсе де қаламы қарымды жазушы, ақын, аудармашы ретінде әдебиетке де өз үлесін қосқан тұлға. Ж.Шәһадатұлының «Жалғасқан арман», «Өнегелі өмір», «Тіл әдебиет оқыту әдістемесі» кітаптары соның дәлелі. Жолдасы да – мұғалім.  Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ата-әже.

Аспан асты елінде қырық жылдан астам уақыт қазақ балаларын оқытқан ұлағатты ұстаздар  музейдегі әр жәдігердің тарихына үңілді. Әсіресе, мектепте оқитын немерелеріне  Елбасының оқушы кезінде алған бағаларын көрсетіп, білімдінің алды жарық болатынын қадап айтты. Ғимараттағы заманауи технологиялар арқылы тарихтан сыр шертетін дүниелерді таңдана тамашалады.

«Елдегі дамуды, болашақ мүмкіншіліктерді бәрін естіп, көзбен көріп көзайым болдық. Осындай берекелі елі бар, Нұрсұлтандай  дана көсемі бар  Қазақ деген әлемдегі бір бақытты ел екен ғой деп кеудемді қуаныш биледі. Біздің болашағымыз да, табан тірер тиянағымыз да – осы ел. Әлемде жалғыз қазақ деген ұлт бар, оның жалғыз отаны бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Егемендігін ала алмай, дербес мемлекет бола алмай жүрген талай ұлт бар. Соларға қарап тәубе дейміз. Музейден бұрынғы елорда мен қазіргі астананы салыстырып көрсетті. Қалай көркейіп кеткен бас қаламыз! Дамушылық деген – осы. Жастарымыз жалындап, қарияларымыз жақсы ақылшы болса, еліміз одан сайын өркендей беретініне сенемін!»,-деп ой бөлісті Ж.Шәһадатұлы.

Музейдің алтыншы-жетінші залына кіре бергенде ақсақалдың 2-сынып оқитын немересі Алшын  Жұмашәріптің «Мен чемпион болам!»  деген дауысы саңқ ете қалды. Иә, бұл залға кірген кезде бала тұрмақ үлкендердің де бойында спорт саңлағы болсам дейтін арманның қылаң беретіні анық. Ал сегіз жасар Алшынның арманын осы залда қойылған Олимпида чемпиондары мен спорт шеберлерінің жеке заттары одан сайын асқақтатқандай. Қиялына қанат біткен жас өреннің көзінде от ойнап тұр.

«Мен өскенде еліміздің көк туын желбіретіп, Олимпиада ойындарының чемпионы болғым келеді. Оған қазірден дайындықты бастап кеттім. Бүгінгі мына залдан спорт саласындағы өзім үлгі тұтатын ағаларымның жеткен жетістіктерін көріп одан сайын жігерлене түстім»,-дейді Алшын  Жұмашәріп.

Ал жетпіске жақындап қалған Жұмашәріп ақсақал ұлттық аспаптар қойылған залда түзе бүгіп, домбырамен күй шертті. Тәуелсіздікке тәу еткен қария кеудесін кернеген  қуанышын күй арқылы күмбірлетті.