Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек жолы металлургиямен тығыз байланысты екені көпке мәлім. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де құрыштай мінезін Қарметкомбинаттың домна пешінде шынықтырғанын әрқашан айтады. Металлург күні қарсаңында (шілденің үшінші жексенбісі) Елбасы кітапханасы өз оқырмандарына Елбасымыздың Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істеген жылдарынан кейбір деректерді жариялайды.

Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында Қазақстан Магниткасы Бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланды. Коммунистік партия ОК-інің ірі құрылысқа шақырған үндеуін Кеңес одағының түкпір-түкпіріндегі жастар жылы қабыл алды. «Ленинская смена» газетіндегі жазбаны оқыған жас Нұрсұлтан туған Шамалғанынан Теміртауға ауыр да болса аса абыройлы металлургия мамандығын игеруге шешім қабылдады.

Комсомолдық жолдаманы алған он сегіз жасар бозбала маңдай терімен құрышты құю үшін ғана емес, Теміртаудағы металлургия алыбының құрылысын салу үшін шексіз даладағы жұмысшылар қалашығына жол тартты. Еліміздің болашақ президенті алғашқы екі ай Теміртаудан 15 шақырым жердегі Токаревка ауылындағы жатақханада тұрады. Ал, 1958 жылғы қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласына металлург кәсібін меңгеруге жіберіледі.

              

Ол №8 кәсіби-техникалық училищені бітірген соң сегізінші дәрежелі домна пешінің горновойы болады.

                      

Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолының «отты» кезеңі басталады.

 

Бәрімізге белгілі, 1960 жылғы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды.

Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады.

Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты.

Осы тарихи оқиғаны Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында былай сипаттайды: «1960 жылғы 3 шілде, жексенбі.

Мыңдаған құрылысшылар мен металлургтер, көптеген қонақтар Вадим Романовтың ауысымының жұмысын толғана бақылап тұр.

15 сағат 7 минутта аға көрікші Николай Набиуллин электр бұрғысын іске қосты. Тесік қашалды. Жыра бойымен отты ағын құйылып сала берді - алғашқы қазақстандық шойын жүрді!».

Ол «Қарметте» басқа да тектес мамандықтарды игеріп, құю машинасының шойыншысы, домна пешінің горновойы, домна цехының дипетчері, газшысы болып жұмыс істеді. 

 

Жұмыс өте ауыр еді, кейбіреулер алапат ыстық пен қиындықта шыдамай, есінен танып, мұрындарынан қан саулап жататын. Көптеген жастар осыған төзе алмай, кетіп қалды. Бірақ Назарбаев олардың қатарынан емес еді. Ол бәріне шыдауға ант берді және шыдай біліп, жұмысты дөңгелентіп әкетті. Онымен бірге қиындықтарға төтеп берген жолдастары Төлеген Юсупов пен Болат Кәрімов те жоғары білікті металлургтерге айналды.

                      

Жиырма жастағы Нұрсұлтан өзінің қомақты жалақысының жартысын жас балаларының мұқтаждығына жұмсасын деп, әкесіне жолдап отырды.

Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды.

 

Сонымен бірге, ол кәсіби тұрғыда өсу қажеттігін де естен шығармады.

Зауыттың жолдамасы бойынша Назарбаев өз цехындағы бірнеше жігітпен бірге Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді.

Ол жылдары техникалық жоғары оқу орындарында оқуды өндірістегі еңбекпен үйлестірудің сынақ-тәжірибесі өткізілетін.

Бұл болашақ мамандықтың практикалық жағын игеруге септігін тигізді, алайда жұмыс істеу және сонымен бір мезгілде институтта оқу өте қиын болды.

Осылайша, ол бірінші курсты бітіріп шықты, ал келесі екі курс өндірістен ажыраған таза студенттік кезең болды. Нағыз студенттік өмірдің барлық қажетті атрибуттары – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстар еді.

Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алуды одан әрі жалғастырған жылдар болды.

Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды.

Ол 1969 жылдан бастап туған қаласындай болып кеткен Теміртауда өзіне ұсынылған партиялық, комсомолдық жұмысқа ауысуға келісім береді.

Басында ол бұл ұсынысқа онша ықылас танытқан жоқ – жалақының едәуір бөлігінен айрылуы мен «жалынды жылдарының» жалғаспай қалатыны қынжылтты. Бірақ қатаң партиялық тәртіп осыған міндеттеді. Оған қоса металлург достары да мұның басшылық жұмысқа барғанын құптады.

                

Біраз уақыт өткен соң ол бұл маңызды іске қызу араласып кетті. Қалың көптің ортасында солардың мүддесі және арман-тілектерін сезіне отырып тіршілік ету, оларды басқару мен ұйымдастыру Назарбаевтың қанында бар қасиет болып шықты.

                   

Бірге жұмыс істеген жандардың көбі кейіннен оның адамды және оған қатысты оқиғаны есте сақтайтын керемет қабілеті, үнемі бәрін ұғуға, түпкі мәніне жетуге, сұхбаттасушысын мұқият тыңдауға және түсінуге тырысатыны туралы айтып жүрді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің еске алуынша, онда астамсу сезімі болмаған, басқарушылық лауазымдарға деген айтарлықтай құлшынысты да сезінбепті. Алайда, жасөспірім кезінен «орташа» күйінде қалуды қаламайтын өзіндік биік намысқойлығы, әрқашан бірінші болуға ұмтылу дағдысы қалыптасқан. Жетекші әрі ұйымдастырушы ретінде ол біртіндеп цех басшысынан министрлерге дейінгі сан алуан адамдармен қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.

                  

Кейін, тәуелсіз Қазақстанның Президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзіне жақын тұтатын Теміртау туралы ағынан жарыла былай деді:

«Теміртау мен үшін  - алтын бесік. Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас... Металлургия – менің басты университеттерім. Біз, металлургтер, алау отты бағындырамыз. Бұл – темірдей тәртіпті, батылдықты, дәлдікті, білімді талап етеді. Бұл жерде жанарыңды басқа жаққа бұруға, жалған сөйлеуге, жолдасыңның сенімін жоғалтуға болмайды. Бұл – осы уақытқа дейін маған бағыт беріп келе жатқан өмір мектебі. Егер менің өмірімде Магнитка  мен Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім». Туған халқының азаматы болам деген өскелең ұрпаққа осы сөздерден артық ақыл-өсиет бар ма екен?!

фотосуреттер ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының Жеке архивінен