Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласындағы №49 орта мектеп оқушылары үшін «Батырлар мұрасы» экскурсиясы өтті. Балаларға қазақ батырлары тарихынан қызықты деректер айтылды. Аталған экскурсияның негізгі кейіпкері Бөлек батыр болды. Балалар қазақ батырының жоңғарлармен соғыста көрсеткен ерлігі туралы ақпарат алып қана қоймай, сондай-ақ, оның жауынгерлік дулығасын да көрді.

Бөлек батыр 1700 жылы қазіргі Алматы облысының аумағында дүниеге келген. Ол - танымал қазақ батыры Сатайдың тұңғыш немересі. XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар шапқыншылығы кезінде Бөлек батыр әйгілі Наурызбай батырдың мыңбасы болған. Ол 1729 жылы шайқаста жоңғардың батыры Аңырақайды жекпе-жекте жеңіп, өлтіреді. Осы жеңістен кейін Бөлек халық «жүрегінің түгі бар батыр» атанған екен. 1931 жылы Сəкен Сейфулин жинақтаған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» жинағындағы Бұқар жырау толғауларында Бөлек  батырдың ұлы ерліктері туралы да жырланады. Батыр 85 жас жасады. Бөлек Қараұлының дулығасы оның ұрпақтарымен сақталып, біздің заманымызға дейін жеткен. Әулеттің басты жəдігері - Бөлек батырдың дулығасын ұрпақтары 2005 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Музейіне тапсырды. 

Оқушыларға жасалған экскурсия ойын форматында өтті - сөзжұмбақ пен жұмбақтар шешті. Мұражай қызметкерлерінің сөзінше, мұндай форматтың басты мақсаты – балаларға тарих туралы білім беріп, дүниетанымын кеңейту ғана емес, сондай-ақ, олардың бойында көшбасшылық, адамгершілік қасиеттерін жасақтау, шешім қабылдау және қабылданған шешімге жауапкершілік алу қабілеттерін де дамыту. 

Еске салар болсақ, Елбасы кітапханасында мынадай экскурсиялық бағдарламалар әзірленіп, табысты жүзеге асуда: «Отбасымызбен музейге», «Ұжымымызбен музейге», «Балалардың туған күнін музейде атап өту», «Қазақстанның спорттық даңқы» квест-экскурсиясы, «Сөзжұмбақ шешу» атты ойындық үлгідегі экскурсиялар, сондай-ақ шолулық және тақырыптық экскурсиялар мен Елбасы кітапханасы архивінен бейнефильмдердің кинокөрсетілімдері.