Елбасы кітапханасында Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптастары болды. Алматыдан Кеңес Байбосынов, Күләш Әмірова, Айша Әбішева, сондай-ақ, Қасым Жұрымбаевтың жары мен қызы - Бану мен Дина Жұрымбаевтар келді. Қонақтар Елбасы кітапханасындағы экспозициялармен танысып, мектеп жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.  

          - Мектебіміз өте жақсы болатын... Осы бір өлең жолдарында: Достықпен, кітаппен, әнмен ұштаса өткен қайран мектептегі жылдар-ай, - дегендей, біздің де сыныбымыз өте ұйымшыл еді. Нұрсұлтанның алған асуларына таңданудың қажеті жоқ, өйткені, ол бала кезінен лидер, әділетшіл және білімқұмар болды, - деп еске алады Күләш Әмірова. Күләш апай ғұмырының 40 жылын ұстаздыққа арнапты. Дефектолог-мұғалімнен бастап Шамалғандағы мектеп-интернаттың басшысына дейінгі жолдан өтті.  

Ал Кеңес Байбосынов мектепте Нұрсұлтан Назарбаевпен бір партада отырған. Кейін зооинженер мамандығын игеріп, «Еңбек ері» атағына ие болады. .

- Елбасы кітапханасында болғанымызға өте қуаныштымыз. Экскурсиядан үлкен әсер алып, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қызмет жолы туралы қызықты да мол мағлұмат алдық. Біз Нұрсұлтанмен бірге оқығанымызға және оның елімізді қуатты мемлекетке айналдырғанын мақтан тұтамыз. Оның қазақ халқының дамуына, барша Қазақстанның гүлденуіне сіңірген еңбегі - өлшеусіз. Біз оған және халқымызға зор денсаулық пен толағай табыс тілейміз, - деді өз ойымен бөліскен Кеңес аға.

Елордаға Елбасымыздың сыныптастарының бірі Қасым Жұрымбаевтың да жары келді. 1991 жылы дүниеден өткен Қасым аға жан жарымен бірге 8 бала тәрбиеледі. Бану апай қыздарының бірімен Елбасы кітапханасына сапар шегіпті.

Қонақтар Елбасы кітапханасы экспозицияларымен жан-жақты танысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, отбасы туралы архивтік фотосуреттер сыныптастарының жанын тебірентті. Олар ақ-қара түсті суреттерден таныстарын көріп, есімдер мен оқиғаларды еске алды. Кітапханаға сапардан естелік ретінде Елбасы сыныптастары Тілектер кітабына жазбаларын қалдырды.