«КАЗАХСТАНСКАЯ ПРАВДА» ГАЗЕТІНЕ 100 ЖЫЛ

Биыл жүз жылдық межесіне жеткен республикалық басылым – «Казахстанская правда» газеті алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Известия Киргизского края» деген атпен 1920 жылдың 1 қаңтарында тиді. Әр аптаның бейсенбісі сайын жарияланып тұрған бұл «басылымның бастапқы міндеті – жергілікті аймаққа заңдылықты, халықтың өмірі мен жұмысын бағыттауға негізделген үкіметтің актілерін енгізу» болатын. Бұл міндетпен қатар редакция «үкіметтің ресми баспасөзіне айналар баспа органын, сондай-ақ қазақ халқының мүддесін  айқындайтын ұлттық газетті құру» мақсатын көздейтінін жариялаған еді.

Жүз жылдық тарихтың ішінде газет ұлттық басылымға айналу мақсатын жүзеге асырып қана қоймай, нақты және сенімді ақпараттың қайнар көзі ретінде ел оқырмандарының мойындауына ие болды. 1921 жылдың шілдесінде «Известия Киргизского края»  газеті  «Степная правда» деген атпен жарық көрді. Республиканың ОКП және ОСК органына айналған газет 1923 жылы «Оренбургский рабочий» газетімен бірігіп, «Советская степь» деген атаумен жарық көретін болды. Аптасына алты рет шыға бастаған газеттің мазмұны публицистикалық материалдармен толықты. Дәл осы кезеңде басылым жұмысына Михаил Зощенко, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сергей Михалков, Константин Паустовский сияқты көптеген белгілі тұлғалар ат салысты.

1929 жылы газет баспасы Орынбордан республиканың жаңа астанасы Алматыға көшті. Басылым ақпаратының көкжиегі кеңейіп, өзге КСРО республикаларында және шекарадан тыс елдердегі өмір туралы жарияланымдар пайда болды. 1932 жылғы 20 қаңтарда «Советская степь» деген таңбасы бар газеттің 2185-ке келіп тоқтаған соңғы санына қол қойылды. Қазақ өлкетану комитетінің ІІІ пленумы шешімімен «Казахстанская правда» деп атауын өзгерткен газеттың алғашқы саны 1932 жылғы 21 қаңтарда жарыққа шықты. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған тұрақты штаттың корреспонденттері пайда болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында да «Казправда»  жұмысын белсенді жалғастыра берді. Бейбіт өмір орнаған соң, 1958 жылы 10 мыңыншы санын жариялап үлгерген «Казахстанская правда» газеті Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газет те Қазақстанмен бірге ауыр дағдарысты бастан кешті. Нарық және коммерция кезеңі басталды. Оны «Казахстанская правда» ұжымы абыроймен өткерді.

1995 жылы «Казахстанская правда» газетінің 75 жылдығына арналған құттықтауында Елбасы былай деп жазды:

«Казахстанская правда» түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды әу бастан-ақ қолдап, нарықты қайта құру, мемлекет егемендігіне қол жеткізу, демократияны дамыту, азаматтық бейбітшілік пен халықаралық келісімді қамтамасыз ету саясатын іске асыруда демеу етті», - деп белгілейді ол.

Тәуелсіздік жылдарында «Казахстанская правда» ұлт тарихының шежіресі екенін толықтай дәлелдеді. 2020 жылдың 1 қаңтарында газет ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазады:

«Әрдайым мемлекеттің қоғамдық, мәдени және саяси өмірінің ортасында жүретін газеттің мазмұны ел ішінде орын алып жатқан жағдайлар мен жер бетіндегі оқиғаларға қатысты өзекті жаңалықтар мен шолу, талдау жұмыстарына бай. Елдегі белгілі ақпараттық ресурстардың біріне айналған «Казахстанская правда» өз уақытынан еш қалыспайды. Жауапкершіліктің азаматтық ұстанымына адал «Казахстанская правда» елдегі ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Казправда» ұжымына сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі:

«Бүгінгі тарихи ахуал аясында бәсекеге қабілетті «Казахстанская правда» оқырмандардың көңілінен шығу арқылы жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеп отыр. Бұл – сала маәйталмандары мен өнерсүйер азаматтардың басын қосқан редакция ұжымының жемісі. Оқырмандармен тығыз байланыс орнату үшін уақыт талабына сай мультимедия технологияларының тілін үйреніп, интернет кеңестігін игеру арқылы заманнан еш қалыспай жүргендеріңіз бізді қуантады. Осы тұста «Казахстанская правда» журналистерінің тәуелсіз Қазақстан өмірінің маңызды тұстарын жан-жақты және жедел түрде хабардар етіп отыратынына сенімдімін».

Электронды БАҚ дәуірінде қоғамның маңызды оқиғаларын жан-жақты сипаттап, өзекті тақырыптарды дер кезінде қозғайтын «Казахстанская правда» өз сайтын дамытады. Бүгінде «Казправда» – журналистика саласының түптамыры, басты мектебі. Ұжымның тәжірибесі кез келген тілшіге батыл, өзіне сенімді және әділ журналист көрсету мүмкіндігін береді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы да Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларын ілгерілету және насихаттау мақсатында «Казахстанская правда» газетімен бұрыннан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Осы орайда біз газет ұжымын мерейтойымен құттықтап, редакция қызметкерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс, жеміс пен жеңіс тілейміз!