ҚАЗАҚБАЙ ӘЖІБЕКҰЛЫНЫҢ «ӨНЕР ШЫҢЫНА ҰМТЫЛЫС» АТТЫ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Елбасы кітапханасының музейінде белгілі кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қазақбай Әжібекұлының «Өнер шыңына ұмтылыс» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Көрмені көрмекке келген қадірлі қонақтардың арасында суретшілер Камиль Муллашев, Өмірәлі Исмаилов, композитор Төлеген Мұхамеджанов, музыкант Бекболат Байсағатов, ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған тағы да басқа танымал тұлғалар болды.

  

Көрмеге 1997-2020 жылдар аралығында жасалған суретшінің отызға жуық жұмысы қойылды. Шығармашылығының алғашқы кезеңін                         ХХ ғасырдың 90-шы жылдары соңындағы туындылары бейнелейді. Соңғы онжылдықтағы жұмыстар автордың шығармашылық және жеке эволюциясын көрсетеді.

Қазақбай Әжібекұлы қылқалам шеберлерінің шығармашылық ізденістерінің басты желісін – қазақ халқының дәстүрлі бастаулары мен рухани мұрасының жандануын бейнелейді. Тәуелсіздіктің әрбір жылдығы Еліміздің, Қазақстан азаматтарының болашағына серпінді қозғалыстың шарты ретінде өткенді талдауға ұйытқы болып табылады. Бұл колористикада, Қазақбай қылқаламының ұшқырлығында айқын сезіледі, ерте кезеңдегі жұмыс тәсілінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашты.

«Қазақбайды  қазіргі Қазақстанның бейнелеу өнерінің көш басында келе жатқан суретшілердің бірегейі десек те болады. Өйткені Сарыарқаның төсінен орын тепкен Елордамыздың алғашқы бейнесін Елбасымен байланыстыра білген Қазақбайдың шығармашылығы қашан да алыстан ерекше сөйлеп тұрады.  Автор өзіндік қолтаңбасы бар өнерлі жан, ол өз жұмыстарында халықтың мәдениетін, еліміздің мәдени құндылықтарын оның ұлттық идеясын уақыт пен қазіргі өмірдің өзара астасып жатқанын шынайы суреттейді. Көрмеге қылқалам шеберінің ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында сақталған бұрынғы жұмыстары мен әлемдік қауымдастықты толғандырған көзқарастар тұрғысынан алғанда адамзатты ойландыратын жаңа дүниелері, туған халқының ұлттық бейнесін сомдаған тың туындылары да қойылды».  

  

«Елбасы кітапханасының музейіне келіп, тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен дамуының тарихымен тереңірек танысқанымызды атап өткім келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президентімен бірге  тарихымыздың асыл мұрасындай болған  осындай  мемлекетті құрғанымызды жақсы білеміз. Сондықтан Тұңғыш Президент кітапханасының қызметкерлеріне атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысымды білдіргім келеді. Бүгін біздің замандасымыздың, менің ойымша, Қазақстанның ең керемет әрі талантты суретшісінің көрмесі ашылады. Ол өз елін және халқын қатты жақсы көргендіктен бүкіл әлемге ұлтының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсеткісі келеді», -деді Төлеген Мұхамеджанов.

         Камиль Муллашев  автордың астананың алғашқы қалыптасу жылдарындағы талантына тоқталды.

«Қылқалам шебері ретінде ол Қазақстаннан тыс жерлерде бұрыннан танымал. Басқа елдердегі кескіндеменің жанкүйерлері қазақ халқының мәдениеті мен тарихын Қазақбай Әжібекұлының суреттерінен білетіні өте маңызды. Автор жұмыстарының бір ерекшелігі – халыққа жақын, оның туындыларында бір жылылық бар, бояулары қанық. Оның шығармалары сұлулыққа құштар әр адамның жүрегінен орын алады», - деп атап өтті ол.

Іс-шара соңында көрменің авторы Қазақбай Әжібекұлы Елбасы кітапханасының басшылығына және арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

 

«Өнер шыңына ұмтылыс» көрмесі

2020 жылдың 1 қарашасына дейін жалғасады

 

Қазақбай Әжібекұлы 1966 жылы Целиноград облысының Бестамақ ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде оқып, содан соң 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы театр және өнер институтын бітіреді. (қазіргі Т. Жүргенов Қазақ Ұлттық өнер Академиясы). Кенжебай Дүйсенбаевтың және Әлібай Бапановтың шәкірті Қ.Әжібекұлы қазақстандық көркемсурет мектебінің үздік кескіндеме дәстүрін ұстанады. Суретшінің өзіндік стилін қалыптастыруда С.Мәмбеев, Қ. Телжанов, Ш. Сариев, С. Айтбаев, Т. Тоғызбаев және басқа да көрнекті қазақстандық шеберлердің шығармашылығымен танысу үлкен рөл атқарды.

Қ.Әжібекұлының шығармашылық өмірбаянында көптеген даңқты жетістіктер бар. 1986 жылдан бастап суретшінің жұмыстары республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысады. 1996 жылы ҚР Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, 1998 жылы республикалық «Шабыт» шығармашылық фестивалінің Гран – при иегері, Президенттік стипендия иегері және халықаралық «Жігер» жас суретшілер фестивалінің лауреаты атанды.

Бүгінгі таңда Қ.Әжібекұлы – қалыптасқан автор, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген сыйлықтардың, соның ішінде арнайы сыйлықтың лауреаты. Ә.Қастеевтің (1999 ж.), ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2001 ж.) иегері. Көптеген конкурстардың жеңімпазы: «Астана-Бәйтерек», «Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі»; Президенттік (2009 ж.) және Мемлекеттік (2010 ж.) стипендияларының лауреаты. 2012 жылы Қ.Әжібекұлы «Қазақтың халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен дәстүрлері» деп аталатын  республикалық байқауының жеңімпаздарының бірі болды. Сол арқылы өзінің шығармашылық кредосына деген адалдығын растайды.

2016 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды. Суретшінің жұмыстары «Ақорда» резиденциясында, Елбасы кітапханасының музей коллекциясында, Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің коллекцияларында, Г. Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейлерінде және әлемнің әртүрлі елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы. Қазақбай Әжібекұлының шығармашылығы туралы «Дала пасторалі», «Кескіндемеші» атты телевизиялық фильмдер түсірілді. Қазіргі уақытта суретші профессор, Астана Халықаралық университетінің жоғары өнер мектебінің оқытушысы, сонымен қатар «Астана Опера» КЕАҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры болып табылады.