Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі алғаш рет өз қонақтарына әдеби қонақжай бөлмесінің есігін ашты.

  2013 жылдың 21 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі алғаш рет өз қонақтарына әдеби қонақжай бөлмесінің есігін ашты. Белгілі поляк ақыны Вислава Шимборскаяның 90 жылдығына арналған «Екінші, түзетілген баспамен өмірді қайта зерделеймін» атты кеші Музей қонақтарына ақынның ғажайыпқа толы терең де сезімтал әлеміне саяхат жасай отырып, оның өнерімен сусындауға мүмкіндік берді. Іс-шара Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясында, Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
      Вислава Шимборская (1923 – 2012 жж.) – атақты поляк ақыны және жазушысы, Гете (1991 ж.) және Гердер (1995 ж.) атындағы беделді жүлделердің, әдебиет саласындағы Нобель жүлдесінің (1996 ж.) лауреаты, Америка өнер және әдебиет академиясының құрметті мүшесі дипломының иегері (2001 ж.) және Ақ Қыран Орденінің Ханымы – поляк жоғары мемлекеттік наградасының иегері. В. Шимборскаяның шығармалары әлемнің 36 тіліне аударылып, оның кітаптары 18 елде жарық көрді.
      Кеш Шынар Барлықова (скрипка) мен Әліби Асақаевтың орындауындағы белгілі поляк композиторы Витольд Лютославскийдің шығармаларымен ашылды. Кештің арнайы қонағы, Краковтан Астанаға осы кешке арнайы келген ақынның хатшысы, Михаил Русинек болды.
      Мерейтойлық жылы Қазақстанда Халықаралық Абай клубы ақын өлеңдерінің жинағын басып шығарды (Әбубәкір Қайранның аудармасы). Кеш қонақтары В. Шимборская шығармаларының қазақ тіліне аударылған нұсқасымен алғаш танысуға мүмкіндік алды. В. Шимборскаяның өлеңдері Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық музыкалық-драма театрының актері Олжас Жақыпбек және М. Горький атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының актрисасы Мария Цыганкованың орындауында қазақ және орыс тілдерінде оқылды. Деректі бейнекадрлар арқылы келушілер өз өлеңдерін оқыған Вислава Шимборскаяның дауысына тәнті болды. Әдеби қонақжайда ақынның қолынан шыққан коллаждар келушілер назарына ұсынылды.