24 шілдеде Қазақстан Республикасындағы Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі Иван Кулеба бастаған делегация Елбасы кітапханасына ат басын бұрды. Мәртебелі меймандар қатарында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев, ҚР СІМ мен Украина елшілігінің қызметкерлері болды.

Делегация мүшелері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызмет жолына арналған көрмелер мен экспозицияларды аралады. Олардың ерекше қызығушылығын шет мемлекет басшыларының сыйлықтары, Елбасының жоғарғы марапаттар коллекциясы, өнер бұйымдары мен тарихи раритеттер, фото және бейне материалдар, ел шежіресі мен Елбасы өмірбаянынан сыр шертетін архив құжаттары ұсынылған экспозициялар тудырды. Ал «Н.Назарбаев – жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» мультимедиялық экспозициясы қонақтардың жоғарғы бағасына ие болды.

Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік дәуірі» атты Елбасының туындыларын, электронды кітапхананың «Н.Ә. Назарбаевтың еңбектері» атты мобильді қосымшасын, шахматтар коллекциясын зор ынтамен қарап шықты.

Игі дәстүр бойынша И.Кулеба Елбасы кітапханасының Пікірлер кітабына: «Қазақстан Республикасының жалпы адами, бейбіт, жасампаз дамуын қалыптастыру мен нығайтудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи миссиясын зор алғыс пен құрметпен қабылдадық», - деген жазба қалдырды.

И.Кулеба Елбасы кітапханасына украин халқының белгілі ақыны, суретші Т.Г. Шевченконың Украинада қазақ тілінде басылған «Кобзарь» атты кітабын сыйлады. Аталмыш кітаптың кез келген Украина азаматы үшін қасиетті екені белгілі. Оның беттерінде ерлік пен патриоттыққа толы халық өмірі баяндалады. Украиндердің азаттық үшін күресін бейнелейтін ақынның шығармашылығына «Иван Подкова» (1839), «Тарасова ночь» (1839), «Гайдамаки» (1841), «Гамалия» (1842) кіреді.

Тарас Шевченко 1847-1857 жылдар аралығында Қазақстанға, Кіші жүз аумағына жер аударған болатын. І Николай патшаның бұйрығымен ақынның жер аударуына бостандық тақырыбында жазылған өлеңдері түрткі болды. Өз шығармашылығында ол украин халқының егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізуін аңсайтынын жасырмайды. 1847 жылы, 33 жасында Т.Шевченконы Орынбор жеке корпусының сарбаздар қатарына күштеп қосады. Осылайша украин халқының ұлы ақыны, дарынды суретшісі саяси жер аударып, Ресей империясының қарапайым сарбазына айналады. Ақынға сурет салуға да тыйым салынды. Сарбаздық қызметін ол Орынбор, Орск, Маңғыстау түбегі Новопертровск бекінісінде атқарды. Осы кезеңде ақын мен қазақ халқының арасында достық қарым-қатынастың өрбігені белгілі.

Патша үкіметі қазақ халқы жөнінде жазуға тыйым салғанымен, Т.Шевченко «Варнак» повесі арқылы қазақтардың сынаққа толы өмірін бейнелей алды. Нәтижесінде ол «Близнецы» («Егіздер») повесін жазып, бұл бағытты тереңдете түсті. «Мои думы» («Ойларым») өлеңінде ақын қарапайым қазақ халқының тұрмысын сипаттады. Өз шығармаларында ол помещиктердің бассыздығын, басыбайлылықты, ресейлік соғысқұмарлықты сынап, қиын тағдырға бас ұрғандарды аяйды.

Қазақ халқының кедейлігін Т.Шевченко суреттерінде де бейнелеген. Оның қылқаламынан тамған «Қойшы», «Ат үстіндегі қырғыз», «Жайлау үстінде», «Боран», «Кедейлер» картиналары тіленшілікпен күн көріп жүрген халықты суреттейді. Бейнелеу өнері бойынша Шевченко қалдырған мұраға 450-дей жұмыс кіреді. Оның 350-ге жуығы Қазақстанға, оның табиғаты мен халқының тұрмысына арналады.

Жергілікті халық ақынды қатты сыйлайтын. Құрметінің белгісі ретінде оны «Ақын Тарази» деп те атайтын. Қазақ халқымен тығыз араласқан Т.Шевченко қазақтар мен украиндердің тарихынан ортақ тағдырды байқайды. Осы орайда Т.Г.Шевченко бауырлас халықтар арасындағы достықтың, украиндердің қазақтарға деген сыйластығының қайталанбас үлгісін көрсетті.

Аталмыш кездесу Қазақстан мен Украина арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 26 жылдығы аясында өтті.