ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ИДЕЯЛАРЫ МЕН БАСТАМАЛАРЫ ТУРАЛЫ КІТАПТАРДЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

Бүгін Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларына арналған  кітаптардың тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер рәсімін іс-шараның модераторы Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашты:

– Тарихи мазмұндық тұрғыдан құнды болып табылатын бұл кітаптардың барлығы да бір арнаға тоғысады. Бұл кітаптар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, көпұлтты Қазақстан халқының ынтымақ-бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен елдің рухани гүлденуі, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы державаларымен әріптестік пен ынтымақтастық орнату және бейбіт ғалам жолындағы көпқырлы саяси қызметінің аса бай тәжірибесін көрсетуге арналған. Бұл басылымдардың барлығы Елбасы Кеңсесінің Басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Махмұд Базарқұлұлы Қасымбековтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» ғылыми бағдарламасы аясында дайындалды, – деп атап өтті құттықтау сөзінде Әмірхан Мұратбекұлы.

Сөз кезегін алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдардың докторы Қуаныш Сұлтанов «Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы» атты екі бөлімнен тұратын құнды кітап туралы толғанды.  Бұл еңбек Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан мемлекетінің тізгінін ұстап, Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан бастап, 30 жыл ішінде ел іргесін бекемдеп, Қазақстанның экономикалық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесін, егеменді елімізді төрткүл дүниеге танытып, әлем қауымдастығына мойындатудағы тарихи рөлін кеңінен баяндайтын мағынасы терең әрі маңызды дүние.

«Жас ұрпақтың алдыңғы ұрпақтың көрген қиындығын басынан өткізуі  міндетті емес. Біздердің,  аға ұрпақтың  Кеңес Одағы құрамында Мәскеуге бағынышты болған кезеңін ендігі ұрпақ көрмесін. Жас ұрпақ тек бостандықта өмір сүрсін. Жастарымыздың мемлекетшіл болып өсуі, мемлекетімізді қорғау мен сақтау, ұлттық қауіпсіздіктің мағынасын түсінуі – мемлекеттің тұлғасына байланысты. Бүгін оқырмандарына жол тартқалы отырған кітаптардағы деректер тәуелсіздіктің қасиеттілігін көрсетіп, оның бағасы мен қадірін білдіреді. Бұл жинақтарда жазылған барлық шығармаларда Елбасының естеліктері мен естелік сөздері мемлекетшілдіктің қасиетін жоғары көтереді. Сондықтан, бүгін біздің рухани өмірімізде үлкен жаңалық болды деп есептеймін. Осындай шығармаларды кеңінен насихаттау – баршамыздың міндетіміз. Бұл – рухани қорымызға қосылып жатқан зор дүние».  

Жаңа жарық көрген жинақтардың бірі – «Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық бастамалары: тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналған. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы Александр Сидорович Еуразиялық одақ шеңберінде барлық елдердің бекітілген міндеттемесінің құндылығы – келісілген саясатта екенін атап өтті.

«Еуразиялық қағидаттарды жариялау бұл – тәуелсіз мемлекет Қазақстанның жаңа әлеміне ену концепциясы. Н.Ә. Назарбаев конфронтация емес, өзара түсіністіктің және өз елінің ұлттық құндылықтарына деген құрметі мен сыйластықтың жаңа қағидалары негізінде ашықтық жолын таңдады. Н. Ә. Назарбаевтың аса көрнекті ақылымен құрылған Еуразиялық идея мағынасы мен мүмкіндігі жағынан осындай тәсілмен үндеседі», – деді А. Сидорович.

«Біз білетін Елбасы» – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында егеменді жас мемлекетті дамытудың жаңа жолы мен үлгісін іздеген тұста Тұңғыш Президенттің жанынан табылған, одан кейін бейбіт елдің бақытына куә болысқан, қол жеткізген әр жетістігіне бірге қуанып, қолдау көрсеткен Елбасының замандастарының естеліктер жинағы. 1960 жылдары Теміртау қаласында қызмет еткен Елбасының еңбек жолы туралы естеліктерімен Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі, академик Төлеутай Сүлейменов ой бөлісті:

«Бүкілодақтық «Правда» газетінде еңбек жолын металлургиялық комбинаттың горновойдан бастаған, кейін партком хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың сынап айтылған отты мақаласы жарық көрді. Ол газет бетінен комбинаттың қызметі, металлургтердің, Теміртау қаласы тұрғындарының қажеттілігі туралы айтты.  Кеңес кезеңінде бұлай жасау өте қиын еді, осындай қадам жасау үшін аса батыл болу керек еді. ... Ол КОКП Орталық Комитетінің Хатшылығында комбинат қызметінің тыңдалуына қол жеткізді. Бұл республикамыз үшін үлкен жетістік еді. Осының арқасында Орталық Комитеттің тиісті қаулысы қабылданып, комбинат та, қала да дами бастады. Әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынды. Мұның бәрін теміртаулықтар ұмытпайды, бұл тарихта мәңгілік сақталады». 

Өзінің Елбасымен атқарған жұмысы туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов айтты:

«Ата заң мәселелеріне қатысты 1995 жылдан бастау алған жұмыстар әлі де есімде. Өзгерістердің бәрі көз алдымда орын алып жатты. Елбасының ықпалымен мемлекеттегі құқық саласының дамуы реформалардың жүйелі түрде жүргізілуімен ерекше. Олар 1995 жылғы президенттік басқару үлгісіне тән мемлекеттің тұрақты тетігін демократияландырылып, президенттің өкілеттілігі азайтылып,  Парламент пен Үкіметтің құзыреті арттырылды».

Мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Қабидолла Сәрекенов интернет дәуірінде өскелең ұрпақ үшін тұсауы кесілген басылымдардың маңызы ерекше екенін айтты:

«Көрермендер қауымы бүгін аталмыш басылымдардың авторлары мен тарих жылнамашыларымен бір залда отыр. Олардың бәрі Тәуелсіздік бастауында Елбасымен бірге мемлекетті нығайту ісіне үлес қосқан азаматтардың есімін білуге құқылы».

Сонымен қатар жаңа басылымдар қатарында «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бітімгерлік бастамаларына және оның барша адамзаттың мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған жинақ және  «Мәңгілік Ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» ұжымдық монография бар. Кітапта халықтың әл-ауқаты мен оның жарқын болашағын ойлайтын, қазақстандық қоғамның жаңа моделінің негізін қалаушы ретіндегі Елбасының рөлі айқындалған.