ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ ЖӘНЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАР. ЕЛОРДАЛЫҚ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ВЕБИНАР

17-18 ақпан күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты кезекті вебинар өтті.

 Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының жоғары сынып оқушылары қатысты. Мектеп оқушыларына арналған вебинарда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының стратегиялық маңызы зор саяси бастамалары оқу-әдістемелік негізге алынды. Оқу барысында қатысушылар тек теоретика материалымен шектелмей, ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған арнайы жаттығулар арқылы өздерінің көшбасшылық қасиеттерін де шыңдады. Мектеп оқушылары вебинарға белсене қатысып, өз ойларын ортаға салды.

«Өткен іс-шара маған ұнады, оны ұйымдастырған барша жанға алғысымды білдіргім келеді. Вебинар барысында Қазақстанда елімізді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы көптеген пайдалы ақпарат білдім, сондай-ақ еліміздің тарихы туралы мәліметке қанықтым. Спикерлердің баяндамалары мен материалды ұсыну тәсілі өте қызықты болды. Барлық айтылған тақырыптардың сапалы презентациялық слайдтармен сүйемелденуі көңілге қуаныш ұялатты. Жобаның бастамашылары мен іске асырушыларына  вебинардан жиған құнды тәжірибем үшін алғысымды білдіремін», – деді №3 мектеп-гимназияның 11 сынып оқушысы Арлан Бөтешев.

«Ең қызықты жоба үшін» Алғыс хат №3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары – Арлан Бөтешевке, Әмір Смағұловқа, Арыстан Байтанатовқа, №56 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы – Ержан Жоламанға табыс етілді. «Семинар-тренинг жұмысына белсенді қатысқаны үшін» Алғыс хат №3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары – Томирис Нұрлыбековаға,  Милан Веберге, Данил Лисовқа, № 64 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы –  Алина Дүймағанбетоваға, № 56 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы – Нұрсұлтан Мұхтарға, №50 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы – Алсу Досмұхамедке берілді.  Барлық тыңдаушыларға қатысқаны үшін сертификаттар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдан бастап Елбасы кітапханасы еліміздің студенттері мен оқушылары үшін екі күндік семинар-тренингтер ұйымдастырып келеді. Бүгінде осы жобаға 10 000-нан астам тыңдаушы қатысты. Семинар-тренингтердің тақырыбы жыл сайын қоғамдық-саяси күн тәртібіне сәйкес жаңартылып тұрады. Биыл еліміз Тәуелсіздіктің, Семей полигонының жабылуының және алғашқы президент сайлауының 30 жылдығын атап өтуде. 2021 жылғы вебинарларда осы тақырыптар қамтылған.