ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ИСЛАМ ӘЛЕМІ. ЕЛОРДА СТУДЕНТТЕРІ ДӘРІС ТЫҢДАДЫ

Елбасы кітапханасының музейінде Нұр-Сұлтан қаласының құрылыс және техника колледжі студенттеріне арналған «Қазақстан және Ислам әлемі» дәрісі өтті.

Оның аясында қатысушылар Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарымен өзара байланысын, ислам елдерінің мемлекет аралық дипломатиясын нығайтудағы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың рөлін талдады.

Өзекті тақырып студенттердің көңілінен шықты. Олардың көбісі қасиетті Рамазан айында үй ішімен ораза ұстап, барлық қағидаларды ұстанатынын айтты. Сол себепті қазіргі қоғамдағы ислам рөліне қатысты мәселелер белсенді талқыланды. Жастар пікірлерін ортаға салып, мемлекеттің діни саясатына қатысты білімдерін жақсы көрсетті.

Сұлтан Оразалы:

– Қазақстанда барлық дін өкілдерінің бейбіт өмір сүріп жатқанына қуаныштымын. Меніңше, біздің елімізде діни мәдениет бар. Отандастарымыз Құрбан Айттың, Пасханың не екенін біледі. Дін аралық келісімді насихаттау жұмыстарын үнемі жүргізіп, радикалды бағыттар мен секталарды болдырмау керек. Таяуда Сириядан қандастарымызды қайтару операциясы туралы жаңалықты оқыдым. Жарақаттанған балалардың суреттерін көріп жағамды ұстадым. Отандастарымыз отбасыларымен бірге Сириядағы соғыста неге жүр? Бұл қадамға оларды не итермеледі? Мұндай жағдайлардың өмірден орын алмағанын қадағалау керек.

Мәдияр Қабдуахитов:

– Елбасының интеграциялық бастамаларымен таныстым. Табысталған жоғарғы марапаттардың бәріне ол кісі бітімгер ретінде лайық деп санаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Меккеге алғашқы қажылығы туралы әңгіме қатты ұнады.

Темірлан Қожанов:

– Тәуелсіздік жылдары еліміз қол жеткізген жетістіктер оңайлықпен келгендей көрінуі мүмкін. Дәріс кезінде мұсылман мемлекеттермен тығыз байланыс орнатудың, халықаралық ұйымдардың ортақ күн тәртібін белгілеудің қиындықтары қарастырылды. Қазақстан діни мәселелерді дұрыс шешудің үлгісі бола алады деп ойлаймын. Себебі, елімізде ұлттық немесе діни ерекшеліктерге қатысты кемсітушілік жоқ.

Акрам Ахметов:

– Мазмұнды дәріс үшін алғысымды білдірсем деймін. Қызу талқыда жеке пікірімізді ашық айту мүмкіндігінің берілгеніне ризамын. Қазақстан халықаралық ұйымдардың, оның ішінде мұсылман ұйымдарының жұмысына белсенді араласуы тиіс. Ислам әлемінде болып жатқан құбылыстар еліміздің сыртқы, ішкі саясатына әсер ететіні анық.