ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ОРАЙ КӨРМЕ. БІРЕГЕЙ ЭКСПОНАТТАР

2019 жылы  23 сәуірде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қазақстандағы президент институтының қалыптасуына арналған қор көрмелерінің ашылу салтанаты өтті.

Көрмелер Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің «Музей жинағы» жобасы аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі және Қазақстан Республикасындағы Президент институтының қалыптасуына арналған іс-шара топтамасының жалғасы.

Көрмені Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы Әмірхан Рахымжанов құттықтау сөзімен ашты::

«Тарихи оқиғалардың арасында, менің ойымша, ең маңыздысы - ол Қазақстан халқының алғаш рет өзінің Президентін таңдауы болды. Осы тарихи шешімсіз  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты, көпжылдық еңбегі арқасында қазіргі таңда еліміз жеткен жетістіктер мен табыстарды елестету мүмкін емес», - деді ол.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өткізуді ұсынған бастамашыл топ жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов сөз сөйледі:

– Еліміздегі президенттік институт – тәуелсіз елдің ғана емес, бәріміздің тағдырымыз, баршамыздың құндылығымыз. Сонымен қатар ол жалпы халықтың билікке, тұрақты даму кепілдігіне деген сенімі. Үстіміздегі жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы саналы түрде ел берекесін терең ойлап, өз өкілеттілігін Парламент жоғарғы палатасының төрағасына тапсырды. Осылайша билік трансформациясының жаңа да жасампаз нұсқасы жүзеге асты.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында АҚШ-та болып келген Елбасы туралы көптеген абыройлы профессорлар: «Ол адамзат тарихында алғаш болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Оның батыл шешімі – әлемдік саясатқа ықпал етудің таптырмас үлгісі», - деген пікір айтты. Біраз уақыт өткен соң күллі әлем даму жолының даңғыл болғанына көз жеткізді, - деді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалымқайыр Мұтанов.

Іс-шараға зергерлік өнердің танымал шеберлері – Естай Даубаев, Берік Әлібай да қатысты.

Көрмеге қойылған экспонаттар екі бөлімге топтастырылды: біріншісі құрмет белгісі - асатаяққа, екіншісі мантияларға арналып отыр. Асатаяқтарды шетелдік делегация өкілдері мен қазақ елінің азаматтары Елбасының ел дамуына қосқан орасан зор үлесі үшін құрмет білдіре сыйлағаны белгілі. Әрбір асатаяқ қазақ халқының қолданбалы-сәндік өнерінің ережесіне сай жасалған. Қалың көпшілік назарына алғаш рет толық көлемде ұсынылып отырған бұл топтамалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан алуан мемлекеттік қызметінің бір қырымен танысуға мүмкіндік береді.

  

«Асатаяқ» қазақ халқының танымында ел ішінде аса зор беделге ие, билік жүргізіп отырған құрметті адамдарға берілген.  2010 жылдың 24 мамырында Түркия Президенті Абдулла Гүл түркі әлемінің рухани астанасы, Түркістан қаласында болғанда түркі әлемінің архитекторы, ақсақалы атанған Нұрсұлтан Назарбаевқа  түркі әлемінің атынан асатаяқ сыйлаған болатын.

Экспозицияда ұсынылған асатаяқтар зергерлік және көркем өнердің теңдессіз туындылары. Олардың үсті жартылай асылтастармен көмкерілген. Ағаш бөліктері көркем ойылып, лакпен жабылған. Асатаяқтың қалыңдай келген үстіңгі жағында шар тәріздес нышан бар. Бұл нышанның рухани бастау ретіндегі өзіндік қасиеті бар саналған. Асатаяқ қазақ халқының дәстүрлерін ескере безендірілген. Мәселен, «қошқар мүйіз» халқымыздың бірлігін, молшылық пен келісімді бейнелейді.

Екінші коллекцияда шетелдік оқу орындарының Елбасыға әр жылдары сыйлаған мантиялары ұсынылды. Мантиялар әлемнің әр қиырындағы оқу орындарының Қазақстанның Тұңғыш Президентінің  жоғары білімнің интеграциясы аясындағы аса зор табыстарын тануының айғағы. Келушілер назарына Жапония, Корея, Қытай, Вьетнам, Канада, Ресей елдері университеттерінің Елбасыға берген мантиялары ұсынылған.Тарихи анықтама:

 

1990 жылы 24 сәуірде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚазКСР Президенті болып сайланды. Республика Президентінің лауазымы Қазақ  КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1990 жылы 24 сәуірде, яғни аталған жылы 14 наурызда КСРО Президентінің лауазымы бекітілген соң енгізілген болатын. 1991 жылдың көктемінде Н.Ә.Назарбаев өзінің халық қалауымен емес, Жоғарғы Кеңес шешімімен сайланғандығын ескере отырып, тікелей президенттік сайлау өткізу мәселесін қарастыруды ұсынды. Жалпы халықтық Президент сайлауын өткізу қажеттілігі КСРО-ның ыдырауымен байланысты арта түсті.

1991 жылы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-ның «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» Заңын қабылдады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша сайлау күні 1991 жылдың 1 желтоқсан күніне тағайындалды. Осы тарихи күні сайлаушылардың 98,8% өз дауыстарын Н.Ә.Назарбаев кандидатурасына берді. 2012 жылдан бастап 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президенті Күні ретінде атап өтіледі.

Қазақстандағы президент институтының кейінгі тарихы Н.Ә.Назарбаевтың жалпы халықтық қолдауға ие болуымен белгілі. Еліміздегі президент институты қазақстандық қоғамның, оның саяси жүйесі мен мемлекеттілігінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды күшке айналды.

Еліміздегі қазіргі таңда болып жатқан өзгерістерге байланысты Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы есімімен тығыз байланысты тарихи дәуірдің мән-мағынасын қайта пайымдап, тереңірек түсіну қажеттілігі туып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың президенттігі кезінде тарихи сана-сезімі мен саяси мәдениеті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттік құрылыс идеялары және саяси даналығы мәнмәтінінде қалыптасқан қазақстандықтардың жаңа ұрпағы өсті.