Үстіміздегі жылдың 13 наурызында Елбасы кітапханасы Музейінде № 58, 61 орта мектептерінің оқушыларына «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері» дәрісі өтті. Сабақ «Тарих және мәдениет» ғылыми-білім беру жобасы аясында өткізілді.

Дәріс еліміздің ұлттық мәдени байлығы болып табылатын әрі тарихи, ғылыми, сәулет, көркемдік және мемориалды құндылықтарымызды паш ететін Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштеріне арналды. Елбасы кітапханасының Ғылыми-қолданбалы зерттеулер қызметінің ғылыми қызметкері Гүлмира Атабаева тыңдаушыларды Қазақстанның көне ескерткіштерінің ерекше сәулет нақыштарымен және ғажайып құрылыс өнерімен таныстырды. Дәріскер Елбасының Қазақстанның мәдени мұрасын жаңғырту жөніндегі бастамаларына жан-жақты тоқталды.

– Қазақстан – көне өркениеттер елі. Кейбір көрнекті ескерткіштер: зираттар, бекіністер, кесенелер және тіпті бүтін қала түрінде сақталған. Кез келген елде мәдени мұра ұрпақтан ұрпаққа қалатын құнды қазына екені баршаға мәлім. Оларды алғашқы қалпында сақтау өте маңызды, – деді дәріскер.

Оқушылар дәріс соңында алған әсерлерімен қуана бөлісті.

Санжар Ақмырза:

– Маған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылу тарихы қатты ұнады. Бұл – қазақ халқының ерекше көне ескерткіші. Оның қайталанбас сәулетін зерттеу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар ағылып келеді.

Даниял Қуанышбаев:

– Көне ескерткіштер, уағыздаушылар, ұлы ойшылдар туралы дәріс өте тартымды өтті. Көптеген жаңа әрі қызықты ақпараттар алдым. Мені, әсіресе, әл-Фараби ғұмырының тарихы таңдандырды.

Қарлығаш Сәкенқызы:

Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолының бойында ірі қалалар және көз тартарлық кесенелер, сарайлар салынған. Менің ойымша, Шақпақ ата жерасты мешіті ғажайып сәулет ескерткіші болып табылады. Бұл мешітке өте көп қажылар келеді. Мешітті мен де өз көзіммен көргім келеді.