2019 жылы 29 қаңтарда Елбасы кітапханасында «Қазақстанның геосаяси мүдделері» сабағы өтті. Іс-шара Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Сабаққа Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты.  Атап өтерлік жайт, бүгінгі сабақ  Елбасы кітапханасы мен «Назарбаев Зияткерлік мектептер» ДББҰ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның аясында өткізіліп жатқан шаралардың жалғасы болып отыр.

Сабақ барысында оқушылар еліміздің геосаяси мүдделерін анықтап, шет елдермен арадағы басты басымдықтарды атады. Топтық жұмыста геосаяси мүдделерімізге қатысты еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени жағдайлары туралы мәліметтер талқыланып, геосаясаттың дамуы туралы пікірлер ортаға салынды.

Сабақ туралы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих және қоғамдық пәндер мұғалімі Нұржамал Саркулова бізбен әсер бөлісті:

«Қазіргі әлемдегі Қазақстан» оқу курсы жоғары сыныптарда орыс сыныптарына мемлекеттік тілде өтеді. Курстың мазмұны тәуелсіздік жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Алайда курстың арнайы оқулықтары болмағандықтан, Елбасы кітапханасына келіп сабақ өткізуіміз біз үшін маңызды болып отыр. Себебі оқушылар күнделікті сабақта қолданылып жүрген  материалдармен қатар, Елбасының мақалалары, жолдаулары, стратегиялық бағдарламалары, шетелдік сарапшылардың зерттеулерімен басты дереккөз ретінде тікелей таныса алады. Бүгінгі сабақ қорытындысы бойынша әр оқушы курс жұмысын жазып қорғайды. Бұл тұста сабақты ұйымдастыруға көмектескен Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін».

– Сабақ барысында берілген мәліметтер еліміздің күнделікті тынысын зерттеуде басты құрал болып отыр. Сабақтың мазмұны көңілімізден шықты. Өз басым Елбасы кітапханасына бірінші рет келіп отырмын. Дәл осы жерде өткен сабақ барысында біз жеке ойымызды қорғап, ортаға пікір салуды үйрендік. Болашақта бұл қасиетіміз үздіктердің үздігі болуға көмектеседі деп ойлаймын,- деп 12-сынып оқушысы Бижанова Аяжан бөлісті.