«Қазақстанның спорттық даңқы» атты экспозиция ашылды

     2013 жылдың ақпан айынан бастап төртінші қабатта «Қазақстанның спорттық даңқы» атты экспозиция ашылды. Залда Олимпиада ойындары мен VII Қысқы Азия ойындарының ең жауапты кезеңдерін, жеңімпаздарды марапаттау сәттерін, Қазақстандық спортшылардың шынайы көңіл-күйін, ұлтжандылық сезімдері мен жеңіске деген құштарлығын айқын көрсететін фотосуреттер галереясы ұсынылған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 63 жүлдегерлерін тәрбиелеп, олардың 18 – олимпиада чемпиондары атанған.
     Спорт жабдықтары мен жеңімпаздардың олжалары – Б.Артаевтың гүлтәжі, В.Жиров пен М.Мәзімбаевтың белдіктері, А.Винокуровтың велосипеді және біздің чемпиондарымыздың қолтаңбалары қойылған басқа да бірегей жәдігерлер ерекше қызығушылық тудырады. Келушілер назарына Лондонда өткен ХХХ Олимпиада ойындары чемпиондарының фотопортреттері көрсетілген «құрмет тақтасы» ұсынылған. Залда көрсетілетін деректі фильмде Олимпиада жеңімпаздары өз әсерлерімен, көңіл-күйлерімен бөлісіп, спорт шыңында өз Отандарының атын шығаруға деген ықыластары жайлы баяндайды.
ҚР Президенті мен 2011 жылғы Азиада ойындарына қатысқан мемлекеттердің спорт министрлерінің қолтаңбалары қойылған Азия Олимпиадалық Кеңесінің туы, Д.И.Петрухиннің атақты мотоциклі және онымен жүріп өткен бағдары көрсетілген жиһанкездік картасы да экспозициядан лайықты орын алған. Дмитрий Петрухин өзінің «темір тұлпарымен» әлемнің 80 еліне саяхат жасап, әлемдік мотожорық тарихындағы теңдесі жоқ оқиға – 200 000 шақырымдық жолды бағындырып – Гиннестің рекордтар кітабына енді.
     Экспозиция Қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымдары, отансүйгіштігі мен жанкешті еңбегі Қазақстанның шынайы спорттық даңқын құрайтынына көз жеткізуге мүмкіндік береді