«ҚАЗАҚСТАННЫҢ СПОРТТЫҚ ДАҢҚЫ» ТАҚЫРЫПТЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫ

Тақырыптық экскурсиялар онкүндігі аясында Елбасы кітапханасы музейінде «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиясы өтті. Оған Нұр-Сұлтан қаласындағы ЮНЕСКО клубы – Балалар көркемсурет мектебінің кіші жастағы жеткіншектері қатысты. 

Елбасы кітапханасы Экскурсия қызметінің сарапшысы Қайыржан Қоңыршин қатысушыларды «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсия барысында Олимпиада ойындары мен Азия ойындарының ең жауапты кезеңдерін, жеңімпаздарды марапаттау сәттерін, Қазақстандық спортшылардың шынайы көңіл-күйін, ұлтжандылық сезімдері мен жеңіске деген құштарлығын айқын көрсететін фотосуреттер галереясымен таныстырып, Елбасына отандық, шетелдік спортшылардың тарту еткен сыйлықтары мен спорт майталмандары ұсынған жеке заттары туралы мол мәлімет берді.

Жас өспірімдерді әсіресе, саяхатшы-байкер Д.И.Петрухиннің атақты мотоциклі және онымен жүріп өткен бағдары көрсетілген жиһанкездік картасы қатты қызықтырды.  Төрткүл дүниені өзінің «темір тұлпарымен» аралаған Дмитрий Петрухиннің әлемдік мотожорық тарихында 200 000 шақырымдық жолды бағындырып – Гиннестің рекордтар кітабына енгендігі қатысушыларды, тіптен таңқалдырды.

Экскурсияның ең әсерлі сәті – жас өрендердің әлемнің 80 еліне саяхат жасаған мотоциклде отырып өзін нағыз байкер сезінуі болды.

– Мұндай тақырыптық экскурсиялар біздің қонақтарымызға отандық және әлемдік спорт тарихына «жақындауға», спорт саңлақтарының жетістіктерін мақтан етуге, қазақстандық спорт туралы тың фактілерді білуге мүмкіндік береді, - дейді экскурсия жетекшісі.