Елбасы кітапханасының музейінде №77 мектеп-гимназия мен №78 мектеп-лицейдің оқушылары «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері» сабағына қатысты. Айша-Бибі, Қозы Көрпеш и Баян сұлу, Арыстан баба, Бабажы-қатын кесенелері сияқты сәулет өнерінің тарихи туындыларымен танысты. Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі олардың айрықша қызығушылығын тудырды.

Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-гуманитарлы және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкері Гүлмира Атабаеваның айтуынша, Қазақстанда тіркелген 25 мың ескерткіштің қатарында ежелгі адамдардың тұрақтары мен мың жылдық тарихы бар қалалар бар. Олар ежелгі, орта ғасырғы Шығыс сәулетінің маржаны саналады. Осы орайда мәдени мұраны сақтаудағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығы да қарастырылды.

– Қоғамдық сананы жаңғырту дамудың ұлттық үлгісінен жалпы әлемдік үлгіге көшуге негізделеді. Осы тұста жастар тарих пен мәдениетке бай біртұтас ұлттың өкілдері екенін ұмытпауы тиіс. Сонда ғана Қазақстан дамудың жаңа деңгейіне көтеріле алады, - деді ол.

Сабақтың практикалық бөлімінде оқушылар екі топқа бөлініп, «Қазақстанның жеті кереметі» тақырыбында жоба қорғады. Дәріс соңында олар бізбен пікір бөлісті.

– Танымдық мағлұмат үшін дәріскерге алғысымды айтамын. Қазақстанның сәулет ескерткіштерін зерттеп отырып оларды өз көзіммен көргім келіп кетті. Расында да кең-байтақ жеріміз халықаралық мәдени туризмнің орталығына айналарлықтай, сирек кездесетін, бірегей ескерткіштерге бай, - дейді №77 мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Жұлдыз Махетова.

– Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан баб кесенелері құрылысының тарихы ерекше әсер қалдырды. Мұндай қайталанбас көне құрылыстар «әлемнің сегізінші кереметі» атануға лайық, - деді №77 мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Әбділдә Набилақызы.