ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕГІ СЫРТҚЫ САЯСАТ САЛАСЫНДА «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГЕМЕНДІ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНЫҢ СТРАТЕГИЯСЫН» ІСКЕ АСЫРУДЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы

Халықаралық қатынастар қызметінің

Аға ғылыми қызметкері

М.Сембаева

 

«Біз аяғымыздан тік тұрып,

 дұрыс өмір сүргіміз келсе,

 осы жолға түсуіміз керек»

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы

 

 

1992 жылы 16 мамырда алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» жарияланды, бұл өз кезегінде мемлекетті одақтықтан жеке және егемен мемлекетке айналдыру жолындағы жолбасшы болды.

Стратегиялық мақсаттар келесі бағыттар бойынша белгіленді:

  • саясат - негізгі мақсаты экономикалық реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін қажетті тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық бостандықтар мен адам құқықтарын сақтау арқылы Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы саяси салмағын арттыру болып табылатын жас тәуелсіз мемлекеттің дамуы;
  • экономика - әлеуметтік нарықтық экономиканың қалыптасуы, тұлғаның экономикалық өзін-өзі анықтау қағидатын іске асырудың құқықтық және басқа жағдайларын қалыптастыру, тұтынушылық нарықты қанықтыру, Қазақстанның дамуы үшін шетелдік инвестицияларды тарту және тиімді пайдалану;
  • - әлеуметтік даму - іс жүзінде барлығының әл-ауқаты қамтамасыз етілетін қоғамның құрылуы, кез келген ниеті бар адамға кәсіпкерлік еркіндік пен кез-келген басқа қызмет салаларында дамуына күш салу, этникалық ерекшелікті дамыту және Қазақстанның ұлттық-мәдени әртүрлілігін сақтап қалу.

 

Еліміздің халықаралық аренада өзінің беделін басынан қалыптастырғанын ескере отырып, Н.Назарбаев сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік саласындағы Стратегияға ерекше назар аударды. Қазақстан өзінің нақты геосаяси жағдайына байланысты - теңізге тікелей шығу, сондай-ақ байланыс құралдарының алшақтығына байланысты халықаралық экономикалық қатынастарға қатысуда қиындықтарға тап болды, сондықтан көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қазақстан үшін әлемдік байланыстың қақпасы саналатын Ресей және Қытаймен толық сенім қағидаттарына негізделген өзара тиімді достық қатынастарды қолдауға баса назар аударылды. [1] Сонымен қатар ортақ шекараларға, қалыптасқан шаруашылық, экономикалық байланыстарға, тарихи әрі мәдени-этникалық өзара үйлесімділігі бар Орталық Азия мемлекеттерімен жасалатын қатынас та назардан тысқара қалмады. Қазақстан мен Түркия, Пәкістан, Үндістан, Иранмен арасында келісімдерге қол қою осы және басқа да Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамыту туралы айтуға негіз береді.

Елбасы өзінің саяси көрегендігіне сай Тынық мұхитынан Босфор бұғазына дейінгі Трансазиялық теміржол жобаларын, Алматы маңында заманауи халықаралық жолаушылар және жүк әуежайын салу, сонымен бірге Шығыс пен Батысқа мұнай құбырларын тұрғызуды ерекше маңызды деп санады: «Бұл Қазақстанның әлемдік экономикаға енуін жеделдетеді, оған Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдері арасындағы өзіндік көпірге айналуға, сондай-ақ өзінің геосаяси функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біз Қазақстанның Азияны, Еуропаны, солтүстік пен оңтүстікті тиімді байланыстыратын транзиттік мемлекетке айналғанын байқаймыз» [1].

Қазақстан Н.Назарбаевпен бірге ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» жобасын қолдап, аталған бастаманың серіктестері атанды. Сауда дәліздері өтетін мемлекеттерге Қытай 2015-2019 жылдары 70 миллиард $ инвестиция салды. Жаңа теміржол бағыттары Қытайдың 50-ге жуық ірі қалаларын Еуропаның 14 еліндегі 42 қаламен байланыстырды. Қытай теміржол корпорациясының (CRC) мәліметі бойынша, 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы жүк пойыздарының саны 73%-ға артқан. Қытай - Еуропа - Қытай бағыты бойынша контейнерлік теміржол тасымалдарының жалпы көлемі 370 мың 20 футтық контейнерлерді құрады, ал Ресей, Беларусь және Қазақстан аумағындағы жүк тасымалдау үлесі 73% көрсетті. 2018 жылы Вьетнам-Қытай-Қазақстан-Еуропа құрлықаралық теміржол бағыты іске қосылды. Алғаш рет Ханойдан Қазақстан арқылы транзитпен 1686 контейнер Дуйсбургке (Германия) жеткізілді. Мемлекеттің транзиттік әлеуеті енді қарқын ала бастады, себебі Қазақстан арқылы алты халықаралық трансқұрлықтық транзиттік дәліздер өтеді. Қытай-Еуропа транзитінің өзі 7 жылда 200 есе өсті. [2]

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті көп жақты ынтымақтастықпен БҰҰ, ХВҚ, Дүниежүзілік банк, Сауда және тарифтер бойынша Бас келісім, Халықаралық қайта құру және даму банкі т.б халықаралық ұйымдарға тиімді қатысудың маңызын алға тартты. Қазақстанның БҰҰ-ға 1992 жылдан мүше болған кезінен бастап Елбасы БҰҰ-ның Нью-Йоркта орналасқан штаб-пәтеріне 10 рет барып, Бас ассамблеяның жоғары деңгейдегі саяси пікірталастарында 7 рет мінберден сөз сөйледі.

БҰҰ алаңында соғысқа, ядролық қаруға, терроризмге қарсы және даму саласы бойынша бастамалар сәтті жүзеге асуда:

  • Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі конференцияны шақыру - аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін азиялық мемлекеттердің байланыстары мен ынтымақтастығын нығайту болып саналатын Азия құрлығы мемлекеттерінің халықаралық форумы.
  • 29 тамызды ядролық сынаққа қарсы күн ретінде жариялау - 1996 жылы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа (Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы кешенді Келісім) қол қойылды.
  • Орталық Азия (СПЕКА) экономикасы үшін теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер мәселелеріне арналған БҰҰ-ның арнайы бағдарламасын құру. Бағдарлама Орталық Азия ішінде ынтымақтастықты нығайтып, оның әлемдік экономикаға бірігуінде басты тұғыр болды.

           Елбасының ядролық қаруға иелік етуден бас тартып, ғаламдық қарусыздану және оны таратпауға үндеуі халықаралық әлемге айтарлықтай үлес қосты, сол арқылы Қазақстанның әлемде өзіндік позициясын бекітті. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Н.Ә.Назарбаев БҰҰ-ның 100 жылдығын ядролық қарусыз әлем ретінде қарсы алу туралы ұсыныс тастады. 

Қазақстан БҰҰ арнайы агенттігі Халықаралық валюта қорымен (ХВҚ) тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл орган посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерге саяси кеңес беру, техникалық көмек көрсету, сонымен қатар концессиялық қаржыландыру бойынша қолдау көрсетті. Қазақстан 1992 жылы ХВҚ мүшелігіне қабылданды, несиеге алынған қаржы мемлекеттің төлемдік теңгерімін қолдауға жіберіледі.

Бүкіләлемдік банк сондай-ақ Қазақстанға мемлекеттің қаржы секторын дамытуда орасан зор көмек берді. Бүкіләлемдік банк пен Қазақстан Республикасының әріптестік стратегиясының негізі бірлескен экономикалық зерттеу бағдарламасы (БЭЗБ) болды, ол ҚР Үкіметіне саяси талдау, стратегиялық жоспарлау, сараптама мен экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларды реформалауды ұсынады.  Қазақстан Бүкіләлемдік банктің тәжірибесі мен білімін қолдана отырып басқа көптеген елдерге үлгі көрсетуде.

2019 жылы 12 желтоқсанда Бүкіләлемдік банк Тобы атқарушы директорлар кеңесі Қазақстанмен 2020-2025 жылдарға арналған әріптестік Рамалық стратегиясын (ӘЖС) талқылады, ол институттар мен адами капиталды нығайтуға басты назар аудара отырып тұрақты және инклюзивті өсімді қолдауға бағытталған.

Қазақстан Республикасы екі алып держава - Ресей және Қытаймен шектесетін болғандықтан Тұңғыш Президент елдің ұлттық қауіпсіздігін құратын беталысты көрсетті, ол ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне араласу арқылы жеке қорғану құралдарының үйлесімі негізінде қамтамасыз етіледі. Ресеймен қарым-қатынастағы географиялық, саяси, этникалық және басқа да тарихи факторлардың салдары ел үшін маңызды мәселе болып табылады. 28 жыл ішіндегі Қазақстан мен Ресей Федерациясының өзара қарым-қатынасы тығыз өзара іс-қимыл деңгейіне көтерілді. 1992 жылдың қазан айынан бастап Ресей-Қазақстан арасында 10 базалық келісімге қол қойылды. Заманауи кезеңде стратегиялық әріптестік негізіне XXI ғасырдағы одақтастық пен тату көрші ретіндегі Келісім шарт жатады.

Қазақстанның НАТО-мен стратегиялық әріптестігі осы ұйым мен оның мүшелерінің ғаламат әскери, техникалық және экономикалық әлеуетін қолдану арқылы мемлекеттік ұлттық қауіпсіздігін нығайту үшін қауіпсіздіктің халықаралық жүйесіне кірігуге мүмкіндік береді.

НАТО қазіргі таңда өзін ең бір табысты және анағұрлым қуатты әскери-саяси альянс ретінде көрсетеді, алайда НАТО мен Ресейдің арасында текетірес бар, сәйкесінше, олардың ҰҚКҰ, яғни ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы мен Қазақстан бойынша одақтастары көп векторлы саясатты ұстануға тырысады.  

Сонымен бірге Елбасы Стратегияда қазіргі дәуірдің ең басты проблемасы ретінде алуан жүзді экологиялық қауіпсіздікті атап айтады. Н.Ә.Назарбаев айтып өткендей: «Қазақстан үшін оның бірінші кезектегі байланысы - тартылып бара жатқан Арал теңізіне қатысты. Бұл мәселе өңірлік қана емес, планеталық проблема, себебі Арал теңізі Жердің биоқабатын сақтап қалуда үлкен рөл ойнайды».

Осы үшін көп уақыт Қазақстан қоршаған ортаны қорғау, өңірлік және ғаламдық деңгейде тұрақты даму мәселелері бойынша халықаралық уағдаластыққа қол жеткізу және оны жүзеге асыруға бағытталған халықаралық комиссия мен үдерістердің белсенді қатысушысы болды. Олардың ішінде: БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша комиссиясы, ТМД гидрометеорологиясы бойынша Мемлекетаралық Кеңес бар.

Сонымен қатар Қазақстан көптеген халықаралық табиғат қорғау конвенцияларына қатысушы болып табылады. Бірқатар елдермен ынтымақтастық туралы келісім мен табиғат қорғау бойынша басқа да халықаралық келісімшарттарға қол қойылды.

Қазақстан Республикасында  барлығы 60-тан астам халықаралық келісімшарт тікелей немесе жанама түрде қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты болды.

Жоғарыда айтылған ақпараттар мен фактілерді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық беталысы қағида тұрғысында өте дұрыс бағыт болғанын толық сеніммен айтуға болады. Бұл бағытпен мемлекет заманауи және жоғары технологиялық элементтерді енгізе отырып әлі күнге алға жылжып келеді.

 

Ақпарат көздері:

1. Егемен мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасу және даму стратегиясы

2. Еуразия ырғағы, Виктория Попов «Евразийская интеграция»

3. DIXINEWS https://dixinews.kz/articles/politika/39260/ «Қазақстан және БҰҰ: әлемдік қауымдастықты мойындау, қарым-қатынасты, бастамаларды дамыту тарихы»

4. https://articlekz.com/article/7514

5.Қазақстандағы Бүкіләлемдік банктің ресми сайты https://www.vsemirnyjbank.org/ru/country/kazakhstan

6.https://365info.kz/2020/02/stoit-li-kazahstanu-stremitsya-v-nato-issledo...

7. Қазақстан Республикасының экология саласындағы халықаралық міндеттемелері