ҚОР ІРІКТЕУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ОНЛАЙН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

16 қыркүйекте Елбасы кітапханасының Қор іріктеу комиссиясының отырысы өтті. Онлайн өткен комиссияның отырысына мұражай құндылықтарын тіркеу және сақтау қызметінің қызметкерлері және мекеменің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Қор іріктеу комиссиясының хатшысы – мұражай құндылықтарын сақтау және тіркеу сарапшысы Ғайни Серікбаева  отырысқа қатысушыларды Елбасы кітапханасының мұражай қорына енгізілген жаңа толықтырулармен - тәуелсіздік тарихына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметіне байланысты жәдігерлермен таныстырды. Берілген заттардың жалпы саны 136 бірлікті құрайды, олардың 119-ы негізгі қорға тіркелген, ғылыми-көмекші қорға – 3, айырбас қорына -14 бірлік тіркелген.

Атап айтқанда, Елбасының қоғамдық наградалары: Түркі Кеңесінің Төрағасы, Әзірбайжан Республикасының Президенті И.Әлиевтен Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылдың 15 қазанында Түркітілдес мемлекеттердің VII ынтымақтастық саммитінде алған «Supreme Order of Turkic World» Түркі әлемінің жоғары орденімен; Елбасының ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Д.К.Қасейіновтен алған «Cengiz AYTMATOV» медалімен; Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы Келісім Ұйымның  Атқарушы хатшысы Лассин Зербо мырзадан 2019 жылдың 29 тамызында алған СТВТО  төсбелгісімен және т.б толықты.

Жаңа жәдігерлер сондай-ақ ыдыс-аяқ, кәдесыйлар, жұмсақ инвентарьлар, бейнелеу өнері заттары, нумизматика, кілемдер мен киізден жасалған бұйымдар, киім, қару-жарақ пен әскери техника және т.б жинақтарда пайда болды.

Талқылау барысында комиссия мүшелері жәдігерлерді тұрақты экспозицияларға жедел орналастыру бойынша ұсыныстар айтып, оларды уақытша көрмелерге апару, далалық экскурсиялар кезінде пайдалану және өзге де мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.