ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КҮЗЕТ ҚЫЗМЕТІ ПРЕЗИДЕНТТІК ОРКЕСТРІНІҢ САЛТАНАТТЫ КЕШІ ӨТТІ

2018 жылғы 26 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Мемлекеттік күзеті Президенттік оркестрінің Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік концерті өтті. Салтанатты кеш Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасының тұсаукесері аясында ұйымдастырылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, полковник Талғат Бердіғұловтың жетекшілігімен президенттік оркестр құрамында жемісті еңбек етіп жүрген үрмелі оркестр, халық ансамблі, камералық музыка ансамблі, ән мен эстрада, би ансамбльдері қалың жұртшылыққа өнерлерін паш етті.

– Бүгінгі музыкалық кештің арқасында тыңдармандар патриоттық әндерді саналуан қырынан зерттей алды. Көпке белгілі туындылар Президент оркестрінің орындауында өзгеше естіліп, ерекше рухтандырды. Келе жатқан Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мұндай шаралардың маңыздылығы терең. Осы орайда университетімізде ашылған Елбасы кітапханасының көрмесі Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен жаһандық бастамаларын кеңінен зерделеуде таптырмас құрал болмақ, -деді ЕҰУ жастар саясаты орталығының төрағасы Асхат Налшыбек.

Концерт бағдарламасы оркестрдің орындауындағы халық әндері мен әлемдік классика музыкасын, джаз бен өзге де кең жанрлық шығармаларды ұсынды. Оркестрдің жетекші солистері – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Д. Таңатаров, М. Салықов, А. Балажанова, О. Сүлейменов, Г. Әділбекова, А. Шалқаров, Г. Мырзабекова, Б. Сауытова және басқалар.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзетінің Президенттік оркестрі 1992 жылы протоколдық, дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да салтанатты шаралардың музыкалық бөлімін қамтамасыз ету үшін құрылған.

Естеріңізге сала кетсек, «Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көрмесі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Сәтпаев к-сі, 2, «Күлтегін» атриумы) 2018 жылдың  20 желтоқсанына дейін жалғаспақ.