ҚР ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДАЛЫҚ КОМИТЕТТІҢ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНА ТАРТУЫ

10 қазан күні  Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) Маркетинг департаментінің директоры Айдос Жүргінов Елбасы кітапханасында  болды.

                    

Іс-шара бейресми форматта өтті: ҰОК өкілі «Болашаққа жол өзіңнен басталады»  екі күндік семинар-тренинг қатысушылары - Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ​​мемлекеттік университеті мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен келген студенттермен кездесті. Осындай жыл бойы өтетін семинар-тренингтер барысында Елбасы кітапханасының ғылыми қызметкерлері апта сайын өз қатысушыларын, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді, студенттер мен мектептердің жоғарғы сынып оқушыларын мемлекеттің негізгі бағдарламалық құжаттарымен таныстырады.

Бүгінгі кездесу кейіпкері қазақстандық оқу орындардың «халықаралық экономика» және «құқық» мамандықтары бойынша диплом иегері, сондай-ақ Сент-Луис Университетін (АҚШ) «қаржылық инжиниринг және тәуекелді басқару» мамандығы бойынша бітірген. А.Жүргіновтің еңбек жолына шолу жасасақ елорда әкімдігі, ірі ұлттық компанияларда және әйгілі аудиторлық компаниялардың «үлкен төрттігінің» құрамына кіретін Deloitte халықаралық компаниясындағы қызметтері бар.

А.Жүргінов кездесу қатысушыларына Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қызметі  мен Қазақстан Республикасының аумағында олимпиадалық қозғалыстың дамуы туралы айтып қана қоймай, олардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, ол Азиялық Олимпиадалық Кеңесінің орталық азиялық аймағының III Бас ассамблеясының делегаттарынан ҚР ҰОК-не тарту етілген кәдесыйлар мен сыйлықтарды Елбасы кітапханасына  сыйға тартты. Олардың ішінде Ресей Олимпиадалық комитетінің президенті Станислав Поздняков сыйлаған «Кобальттық тор» кофе сервизі,  Ауғанстан ҰОК-нің президенті доктор Хафизулла Вали Рахимидің ауған лазуритінен жасалған жылқы мүсіншесі мен кәдесыйлық тостаған, Иран ҰОК-нің президенті доктор Сайеда Реза Салехи Амириден иран орамалы мен түйе және піл сүйегінен жасалған ваза, Күрестің біріккен әлемі (UWW) президенті Ненад Лаловичтің күресті дамытуға көрсетілген еңбек пен қолдауды тану белгісі  ретінде тарту етілген мүсіншесі бар.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қонаққа ризашылығын білдіріп, тарту етілген жәдігерлер Елбасы кітапханасының «Қазақстанның Олимпиадалық қозғалысы» және «Қазақстанның спорттық даңқы» экспозицияларының төрінен орын алатындығын атап өтті.

Сондай-ақ, Ботагөз Мұттахиденқызы студенттерді «Болашаққа жол өзіңнен басталады» атты семинар-тренингінің сәтті аяқталуымен құттықтап, Айдос Жүргіновпен бірге сертификаттар табыстау рәсімін өткізді.

Семнар-тренинг қатысушылары атынан  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенті Әлфараби Абылаев былай деді:  

– Осындай қызықты семинарды ұйымдастырғаны үшін Елбасы кітапханасының басшылығына, сондай-ақ дәріскерлеріміз бен жаттықтырушыларымыз Ғазиз Тұрысбекұлына, Сағынтай Кеңесқызына, Күнсұлу Серікқызына және Күнзия Ағымбайқызына алғысымызды білдіреміз. Осы екі күн ішінде білген-түйгендерімізді достарымызбен, сыныптастарымызбен бөліскіміз келеді. Шымкенттік достарымызға да бірге болғаны үшін рахмет! Ел жастарының Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне өз үлестерін қосатынына сенімдімін.

М.Әуезоа атындағы ОҚМУ-інің 4 курс студенті, студенттік ректор және Шымкент қалалық жастар мәслихатының депутаты Жасұрбек Жұматаев та ақжарма тілегін білдірді: 

– Біз екі күн ішінде екі айда ала алмайтын  мол мәлімет пен тың ақпаратқа қанықтық. «Болашаққа жол өзіңнен басталады»  атты оқу семинарының ұйымдастырушыларына шын жүректен алғыс айтамыз. Баршаңызға шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз! Қарағандының жалынды ​​жастарымен жүздескенімізге өте қуаныштымыз. Бұл біздің соңғы кездесуіміз емес деп үміттенемін. Елбасы кітапханасында, еліміздің болашағы жастардың қолында екенін ұқтық. Ал, ол жастар – біз! Бізге артылған сенімді ақтауға тырысамыз.

  

Сертификаттарды тапсыру рәсімінен кейін, қатысушылар дәстүрге айналған креативті бес минуттық барысында өз өнерлерін ортаға салды.