КҮЙ ТӘҢІРІ – ТӘТТІМБЕТ

«Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы,

салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы».

Н.Ә.Назарбаев

 

Ғасырдан-ғасырға атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрдің бірі – күй өнері. Биыл қазақтың  күй өнеріндегі шоқтығы биік тұлға, шертпе күйдің бәйтерегі атанған – Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына – 205 жыл толады.

«Күй – көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер. Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаймын. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», деп жырлағандай, қазақтардың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсті,-деген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты домбыра күйлері антологиясының алғысөзінде.

Тыңдағанда тұла бойыңды тулататын қасиетті  күй өнерінің төкпе және шертпе дейтін қос арнасы бар. Бұл күйлердің бастауы күй тәңірі атанған талантты күйші Тәттімбеттен бастау алады.

ХІХ ғасырда өмір сүрген күйші  1815 жылы Қарағанды облысында дәулетті әулетте дүниеге келген. Ешбір мектебі жоқ заманда бала кезден өнерге қызыққан Тәттімбетке домбыра тартуды әкесінің інісі Әли үйретеді. Күйшінің қиялына қанат бітіріп, арманының асқақ болуына табиғаты тамаша туған өлкесінің әсері де мол болады. Ол табиғаттың бүкіл сұлулығы мен құбылысын домбыраның екі шегімен жеткізе білді. Домбыраны серік еткен Тәттімбет өсе келе талай додаларда топ жарады. Күй айтыстарына көп түсетін ол қарсыласын тосылту үшін домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын қолданып, талайды өнерімен таң қалдырған. Сондай-ақ ол қоңыр күйлердің дәстүрлерін қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына мұрындық болған домбырашы. Тәттімбет өз заманының талантты тұлғаларымен  Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілерімен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы сынды ел ағаларымен қадірлес-сыйлас болған.

Арқадағы шертпе күй мектебінің негізін қалаушы Тәттімбет Қазанғапұлының өнеріне сүйсінген Біржан сал: Тәттімбет-Арғын асқан ардагерім,

Шығарған қырық күйін өрім-өрім.

Арқада одан асқан күйші бар ма,

Сусынын қандыратын туған елдің - деп жырға қосқан екен.

Тәттімбет Қазанғапұлының шығармашылығының тереңдігі соншалық оның туындыларына ұқсас дүние әлі жарық көрмеген. Бүгінде атақты күйшінің «Сылқылдақ», «Қосбасар» сынды туындылары халық арасында кең танымал. Тәттімбет күйші ғана емес, шешен, шыншыл сері болған. Композитор «Бес төре» күйін халықты қыспаққа алып, жәбірлеген атқамінерлерге арнап шығарған. Оның «Сарыжайлау», «Былқылдақ» сынды күйлерін тыңдаған жан терең ойға шомып, табиғатпен тілдескендей күй кешеді. Тәттімбет шығармаларының ең әйгілісі – «Көкейкесті» күйі. Мұны сазгер өмірінің соңғы жылдарында шығарған.

Күллі қазаққа танымал Тәттімбет данышпан Абайдың әкесі Құнанбаймен тонның ішкі бауындай араласқан екен. Тіпті, Тәттімбет бір күйін Абайдың әжесі Зереге арнаған деген де дерек бар. Тәттімбетті қатты еркелететін Зере бір күні  ел жиналып, күй тыңдап отырған кезде «елге ат мінгізген секілді бір- бір күй атайсың, маған атағаның қайда» деп базына айтқан. Сонда Тәттімбет табан астында Абайдың әжесіне арнап бүгінде Арқа мектебіне танымал «Молқара» күйін шығарған екен.

 «Тәттімбеттің заманы оңай болған жоқ. ХІХ ғасыр қазақ даласындағы хандық жүйенің кетіп, аға сұлтандық, би-болыстық биліктің орнаған тұсында өмір сүрді. Арқа төсінде патша жарлығымен кеніштер ашылып жатқанын көрді. Оның үстіне Кенесары ханның көтерілісі Тәттімбеттің заманына сәйкес келді. Мұның бәрі Тәттімбеттің жүрегіне салмақ салғаны сөзсіз. Күйшінің «Қосбасар» деп аталатын күйлерінің бәрі сол кезеңдегі трагедияны, алағай-бұлағай заманды суреттейді», -дейді  күйші Жанғали Жүзбай.

 Тарихқа үңілетін болсақ, Тәттімбет Қазанғапұлы Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842-1854 жылдар аралығында болыс болған. 1855 жылы Тәттімбет Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Санк-Петербургке барып, Ресей патшасы Александр ІІ таққа отыруы салтанатына қатысқан. Сол сапарында ол өзінің тамылжыта тартқан күйлерімен  Петербургтің өнерсүйер қауымын тәнті етіп, күміс медальмен марапатталған. Сол медаль бүгінде Егіндібұлақ ауылының музейінде сақтаулы тұр.

Қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген Тәттімбет күйлері халқымыздың рухани мұрасын байыта түсті. Композитордың күйлері Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтың  «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында және «Жамбыл» кинофильмінде кеңінен қолданылған.

Тәттімбет Қазанғапұлының шығарған 40-тан асқан күйлерін өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, домбырашылар Нүркен Шынтеміров, Ғаббас Айтбаев насихаттаған. Кәсіби-домбырашылар Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов Тәттімбет күйлерін осы заманға жеткізген.

Арқа өңірінің ардагері, қазақтың күйші-композиторы Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдық мерейтойына орай Түркияның Анкара қаласында күйші атындағы саябақ ашылды. Елімізде де әйгілі күйшінің мерейтойы кеңінен аталып өтіліп, күйлері күмбірледі. 

Төл өнердің тамырына қан жүгірткен Тәттімбет Қазанғапұлының өшпес туындылары жылдан-жылға  жақұттай жарқырай бермек.