ҚЫРҒЫЗ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ЖАСТАРЫНА ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

2-5 сәуірде Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалар қызметінің қызметкерлері Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті және Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің студенттері, магистранттары, докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамына «Қазақстан жолы: жетістіктер және жаңғыру ізімен» вебинарын өткізді.

Семинар-тренингке қатысушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қызметімен бейнеролик арқылы танысты. Одан кейін олар Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлерінің «Тәуелсіздік дәуірі», «Төртінші өнеркәсіптік революция», «Адамзат дамуына қосқан үлес: Ұлы даланың жеті қыры», «Бәсекеге қабілеттілік – Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы жетістігінің кепілі» атты дәрістерін тыңдап, Қазақстан мен олардың елдері арасындағы екіжақты қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың дамуы туралы толығырақ білді. Алған ақпараттарды санаға шегелеу үшін тыңдаушылар тәжірибелік сабақтарға қатысты. Топтық жұмыста қатысушылар өздерінің халықаралық жобаларын ұсынды.  

«Семинар-тренинг өте мазмұнды әрі жақсы өтті, біз бауырлас халықтың тарихымен жете танысып, көптеген қызықты фактілер білдік. Сондай-ақ, іс-шараның тәжірибелік бөлігінде біз түрлі бірлескен жобалар арқылы ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылай алдық. Кітапхана басшылығы мен ұжымына осы бастама үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Осындай іс-шараларды өткізу халқымыздың көпғасырлық достығын нығайтуға ықпал етеді. Ұйымдастырушыларға табыс тілеймін! Пандемиядан тезірек аман-есен өтетінімізге үміттеніп, Нұр-Сұлтан қаласындағы кездесуімізді тағатсыздана күтемін. Мен осы керемет қалаға келіп, оның көрікті жерлерін аралап, сіздермен сөйлескім  келеді. Жақсы күндерде жүздескенше!» – деді өз пікірінде Ж. Баласағұн атындағы ҚҰУ студенті Уларбек Касымбек уулу.

Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ тарих және аймақтану факультеті деканының орынбасары Омурбек Алымкожоев та вебинарды ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мәліметтердің маңыздылығы мен материалды ұсынудың қол жетімділігін атап өтті. «Әр айтылған ақпарат тыңдаушылардың көкжиегін кеңейтті, аудиториямен  байланыс жоғары деңгейде болды. Тамаша модераторлар, сауатты таңдалған ақпарат және айқын мысалдар», – деп атап өтті ол.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық семинар-тренинг теориялық әрі тәжірибелік жағынан да жоғары деңгейде өтті. Осындай қызықты вебинарды ұйымдастырғандарыңыз үшін рахмет. Барлығы жақсы ойластырылған. Дәрістерді мұқият тыңдап, жобаларды қуана әзірлеген студенттердің қызығушылығы ееркше болды. Алдағы уақытта біздің университет пен Елбасы кітапханасының ынтымақтастығы арта беретініне сенемін»,  – деп ой бөлісті өз жазбасында М. Ұлықбек атындағы ӨҰУ «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Нигина Шермухамедова. 
Екі вебинарға қатысушылардың жалпы саны 83 адамды құрады.