ҚЫТАЙЛЫҚ ҚОНАҚТАР НҰР-СҰЛТАННЫҢ БІРЕГЕЙ ҒИМАРАТЫНДА

Қазақстанның бас қаласында туристік науқан қызып тұр. Нұр-Сұлтан қаласындағы туристер жиі келетін мәдени нысандардың бірі - Назарбаев орталығы. Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына қытайлық туристер келді. 

Меймандар Тәуелсіздігіміз бен Қазақстанның қалыптасу тарихынан сыр шертетін көрмелер мен түрлі жәдігерлерді тамашалап, танысты.

Делегация мүшелерінің түгелге дерлігі Пекиннен келіпті. Айта кететін жәйт, қытай астанасы олардың сөйленісінде Бейжің немесе Бейдзин деп аталып, аудармасы «солтүстік астана» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл туралы қонақтардан білдік, сондай-ақ олар қос астананың ортақ тұстарына да таң қалғандарын сөз етті. Жалпы, қытайлық қонақтар байқағандай Нұр-Сұлтан мен Пекин арасында ұқсастықтар өте көп. Ең әуелі, бұл – қарқынды салынып жатқан зәулім үйлермен серпінді дамудан және қаланың тарихы мен сәулет мұрасына құрметпен қараудан байқалады.

Ли Джинь - Пекиннің байырғы тұрғыны. Туған қаласы туралы ерекше ықыласпен әңгімелеп берді. Пекин – аса көрнекі жерлерімен танымал, оның ішінде ескі сауда үйлері ерекше орын алады. Нұр-Сұлтан қаласынан да өткен ғасырдың жақсы сақталған ескі ғимараттарды көргенін айтты.

- Қызметімнің бағытына сәйкес түрлі ғимараттарды кездестіремін, солардың бірінде басқарушы қызмет атқарамын және ыңғайлы, функционалды, ең бастысы берік ғимарат салудың маңыздылығын жақсы түсінемін. Осы тұрғыда Назарбаев орталығы мені таң қалдырды. Шындығына келсек, Сіздердің қалаңызда адамның көз-жауын алатын бірегей ғимараттар көп екен. Осындай туристерді көптеп тартуға, қаланы әлемге танытатын даму үдерісіне оң баға беремін, – деген Ли Джинь өз пікірімен бөлісті.

Тур ұйымдастырушыларының айтуынша, сапар барысында  туристер Елбасы еңбектері мен қызметі туралы кеңінен баяндайтын музей жәдігерлерімен мұқият танысу үшін Елбасы кітапханасында болу уақытын ұзартуды сұраған.

Экскурсия соңында тілек кітабына өз қолтаңбаларын қалдырған қонақтар ежелден көрші болып келе жатқан Қазақстан мен Қытай халықтарына зор денсаулық, гүлдену мен ашық аспан тіледі.