2019 жылғы 9 сәуір күні Қызылорда қаласындағы «Рухани жаңғыру» орталығында өңірдің музейлік қоғамдастығы үшін  «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» есеп және сақтау автоматтандырған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу» ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Аталған ғылыми-тәжірибелік семинарға Қызылорда облысының музейлері мен мәдени мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Шараның басты мақсаттары – қоғамдық сананы жаңғырту міндеттері аясында мәдени мұраны зерделеу, насихаттау саласында тәжірибе алмасу және кітапханалық, архивтік, музейлік қызметтерде ақпараттық технологияларды дамытуға қатысты көкейтесті мәселелерді талқылау.

Семинардың модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күләйша Ақтаева семинардың басты тақырыбы болып табылатын «Музей» автоматтандырылған жүйесі туралы былай деді:

«Қазіргі уақытта елімізде көптеген музейлер тек қана компьютерді пайдаланып қана қоймай, соныменен бірге, ақпараттық технологиялардың (ІТ-технология) басқа да түрлерін; сенсорлық киоскілерді, интерактивті үстелдерді, аудио-гид пен әр түрлі гаджеттерді және т.б. қолданысқа енгізді.

Солардың бірі, әрі алғашқысы болып музей саласын автоматтандыру бойынша бағдарламаны енгізген Елбасы кітапханасының музейі болып табылады. Кітапхананың музейі 2007 жылдары Тұңғыш Президент  Музейі болып тұрған уақытында ақпараттық технологиялар бойынша жұмыс жасайтын компаниямен бірлесіп, «Музей» автоматтандырған жүйесін енгізген болатын. Бұл бағдарлама музей қорларымен, коллекцияларымен жұмыс жасаудың технолоияларын өзгерті. Автоматтандырылған жүйенің өзіне тән белгілі бір ережелері мен шарттарын орындай отырып қана жүйенің табысты жұмыс жасауына қол жеткізуге болады. Осы жүйе облыста орналасқан музейлердің қызметін де бірыңғайландыру үшін маңызды құрал болып табылады», - деп атап өтті К.Ақтаева.

Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы  Мирамкүл Әбуова өз кезегінде Елбасы кітапханасына ризашылығын білдіріп, былай деді:

«Бүгінгі шара да Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарынан жиналып отырған музей, архив қызметкерлері үшін өте пайдалы екенін атап өткім келеді. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдік ақпараттық технологиялар саласында болып жатқан өзгерістер елімізде де таралуда. Сол өзгерістерден еліміздің бір бөлігі ретінде облысымыз да тыс қалмауы тиіс. Облыстық бюджеттен музейлерді автоматтандыру үшін тиісті қаржы бөлінген. Сондықтан, осында жиналып отырған музей, архив қызметкерлерінің болашақта атқаратын жұмыстарының нәтижелі болуына   бүгінгі семинардан алар тәжірибелерінің әсері мол», - деді М.Әбуова.  

Күләйша Ақтаева «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрбол Мыңжас пен Қала тарихы музейінің директоры Төремұрат Әлжановқа  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжановтың атынан алғыс хат тапсырды.

Елбасы кітапханасының «Музей» автоматтандырылған жүйесімен алғаш күндерден бастап жұмыс жасап келе жатқан Елбасы кітапханасының Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшылары Серікбаева Ғайни Өтегенқызы және Ержанова Арайлым Бейбітқызы қатысушылар назарына «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобасын қамтитын «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы  зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ұсынды. Сондай-ақ, олар «Музей» жүйесінің артықшылықтары мен тиімділіне жан-жақты тоқталды.

Шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба аясында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Жобаның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсететін қор көрмесі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы Қызылорда облысында 2019 жылғы маусымның ортасына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт аралығында көрме Алматы қаласында, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында ұйымдастырылып, оны 700 мыңнан астам адам тамашалады.