8 сәуірде Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрында өңір жұртшылығы үшін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концерті өтті. Концерт Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасының Қызылорда қаласындағы тұсаукесеріне арналды.

Концертке Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қатысты.

Оркестр 19 музыкалық туындыны орындады. Олардың қатарында «Елбасы», «Туған елім», «Шұбарат», «Сыр сұлуы», «Жан ерке» әндері бар. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Клара Төленбаева, Досымжан Таңатаров, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Олжас Сүлейменов, Жанат Шыбықбаев, т.б. өнерлерін паш етті. Президент полкінің құрмет қарауылы ротасы мен оркестрдің би ұжымы көрермендердің көзайымына айналды.

Концерт өнер сүйер қауымның басын қосты. Тыңдаушылар астаналық әртістерге қошеметпен ризашылығын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрі ҚР хаттамалық, дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да мерекелік іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылы құрылған. Президенттік оркестрінің құрамында жемісті қызмет етіп келе жатқан ансамбль, үрмелі оркестр, эстрада және әндер ансамблі, би ансамблі ұжымы қалың көпшілік назарына өз өнерлерін көрсетті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өтті. Іс-шара ауқымды ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық, сондай-ақ Қызылорда облысы бойынша көшпелі экскурсияларды қамтиды.

Елбасы кітапханасы «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасын 2017 жылғы қарашадан бастап жүзеге асырып келеді. Осы уақыт аралығында көрме Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Оны 730 мыңнан астам адам тамашалады.