ӘЛ-ФАРАБИДІҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНА ҚОРЫНДА

Елбасы кітапханасының қоры жеті томдық жауһар дүниемен толықты. Бұл құнды қазына Халықаралық Абай клубының «Философиялық ойлар кітапханасы» сериясы бойынша «Әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фарабидің  1150 жылдығына орай шығарылған.

Аристотельден кейінгі ойшыл Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фараби 870 жылы сол кезде дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі болған Отырарда дүниеге келген. Оның ілім-білімге деген алғашқы ынтасы мен ғылымға деген құштарлығы туған жеріндегі Отырар кітапханасынан бастау алған. Одан кейін ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып, көкжиегін кеңейтіп, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгерген. Энциклопедист ғалым 200-ге жуық трактат жазғанымен, біздің заманға оның 40 шақты еңбегі ғана жеткен.

Биыл ұлы философ, ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтіледі. Осы айтулы датаға орай Халықаралық Абай клубының президенті, жазушы Роллан Сейсенбаевтың құрастыруымен әл-Фараби асыл мұрасының қазақ және орыс тілдерінде жеті томдығы, ағылшын тілінде бір томдығы жарық көрді.

 «Қайырымды қала» деп аталатын алғашқы томында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғысөзін қалдырған:

«Дана бабамыздың еңбектерінің факсимелерін әлем кітапханаларынан жатпай-тұрмай іздеу, табу, қазақ ойының, қазақ ғылымының басты міндеті саналуы тиіс... Жаңа Қазақстанның жаңа ұрпағы қастерлі бабамыздың еңбектеріне адал, әм берік ниетпен қарайтынына сенім мол. Әл-Фарабидің теңдессіз еңбектері Дешті-Қыпшақ раханиятының қайнар көзі болғанын қашанда жадымызда ұстайық».

Сонымен қатар, кітапта  ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азулай рухани ұстаз туралы толғанса, жазушы Роллан Сейсенбаев ұлы ойшылға эссе арнаған. Ал академик Бабоджан Гафуров пен әл-Фарабиді зерттеуші Ағын Қасымжанов «Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары туралы» тереңінен көсіледі.

 Жинақтың бірінші томында ғұлама ғалымның «Қайырымды қала» кітабындағы тарауларға шолу жасалған. Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында бірқатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәселелерге талдау жасалынған. Әл-Фарабидің бұл шығармасында мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған.

«Философиялық трактаттар» атты екінші томында Әл-Фарабидің философиялық көзқарастары, интеллектің түрлері, тіл туралы ғылым, логика, математика, табиғат және тәңірлік ғылымдар, азаматтық ғылым, фиқһ және діни ілім бойынша бес тараулық тақырыптар тереңінен қамтылған.

Кітаптың үшінші томы – «Әлеуметтік этикалық трактаттар». Бұл кітапқа ұлы ойшылдың «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету туралы» төрт трактаты енгізілген.

Шығыстың  энциклопедист-ғалымының музыкалық шығармашылық қыры «Музыка туралы үлкен кітапта» көрініс тапқан. Жеті томдықтың төртінші кітабы – исламдық ортағасырлық мәдениетте елеулі құбылысқа айналған музыка ғылымының біртұтас жүйесіне арналған. Бұл жинақта Әл-Фараби музыканың табиғатын түсіндіретін терорияларды, поэзиялық және музыкалық өнердің байланысын ашып көрсетеді.

Әл-Фарабидің рухани мұрасы сан қырлы. Ұлы ойшылдың шығармалар жинағының бесінші томы – «Ғылым туралы кітап» деп аталады. Бұл басылымға ғалымның «Евклидтің бірінші және бесінші кітап кіріспесіндегі түсініксіз тұстарды түсіндіру», «Геометриялық денелердің табиғи құпиялары мен рухани шебер амалдар туралы кітап», «Адам денесінің мүшелері туралы Аристотельмен келіспеген Галенге айтылған уәждер» және тағы да басқа трактаттары енген. Сондай-ақ бұл томнан ғалымның ғылым мен жаратылыстанудағы, медицина, физика, химия, математика салаларындағы ізденістерін аңғаруға болады.

Алтыншы том – «Ой-сана туралы кітап» деп аталғанымен, бұл алдыңғы кітаптың жалғасы ретінде саналады. Осы жинақтан математика мен жаратылыстану салаларының қыр-сырын терең түсінуге болады. Сондай-ақ бұл томға Дешті-Қыпшақ даласына он бір ғасырдан кейін жеткен Фараби жырлары жинақталған. Әл-Фараби өлеңдерін қазақшаға аударған А.Нысаналин. Сонымен қатар кітапта ұлы ойшылдың өмір жолы мен еңбектері туралы мол мәлімет бар.

Жетінші томын Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты романымен аяқтайды. Мұнда автор сонау X ғасырда  ғұмыр кешкен әл-Фарабидің ғибратты өмірін сөз етеді. Музыкалық мәдениеті мен сауатының арқасында жазушы әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабын» көркем желіге айналдыруға күш салады. Романнан шартарапқа білім шырағын жаққан, артына асыл рухани мол мұра қалдырған әл-Фарабидің жарқын бейнесін көруге болады.

 «Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби ат-Турки мәңгі ғұлама! Ұлы Ұстаздың шығармалары ұлтының жан жүрегіне жетіп, ақылына терең сіңіп, өлмейтін, өшпейтін ұрпақтан-ұрпаққа тарар асыл әм киелі құндылығы болып қалуын Тәңірден тілеген»,-деп тебіренеді жеті томдықты құрастырушысы Роллан Сейсенбаев.

Тағлымы мол жеті томдықта Қазақстанның айтулы суретшілері Н.Бубэ мен А.Ақанаевтың еңбектері пайдаланылған.

Назарбаев орталығына экскурсияға келіп, кітапхананың кітап қорын көріп қуанып кеттім. Бала кезде оянған кітапқұмарлығым жыл өткен сайын ұлғая түсті. Қазір мектепте де, үйде де кітаптан бас алмаймын. Қай жерге барсам да кітап іздеп жүретін әдетім бар. Осы жерге келіп әл-Фараби бабамыздың асыл мұрасымен қауышқаныма өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым – есімі дүние жүзіне мәлім ғалымның өмірі, әлеуметтік-этикалық, саяси, философиялық, діни көзқарастары, мемлекет басқару, ізгілікті қоғам жөніндегі гуманистік идеялары, ғылымның әртүрлі салаларын қамтитын трактаттарын оқып, терең түйсіну,-деп ой бөлісті Елбасы кітапханасының жас оқырманы Қалмен Бижанов.

Жаңадан жарық көрген жауһар дүние жалпы жұрттың жан дүниесінен ойып орын алады деген сенімдеміз.