4 сәуірде Елбасы кітапханасында аталмыш тақырып бойынша Ақмола облысы Дарынды балаларға арналған №3 мамандандырылған мектеп-интернатының балалары қатысқан үнқатысу алаңы ұйымдастырылды.

 

Өткізілген іс-шараның көздеген межесі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын ілгерілету және насихаттау, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарын зерделеу, қазақ тілінің латын қарпіне көшуінің қажеттілігі мен маңызы туралы оқушылардың білімін кеңейту болмақ.

 

Балаларға Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, «Қазақстан жолы: Мәңілік Ел», «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі авторларының бірі – философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаевпен бірге өзекті тақырыпты талқылауға мүмкіндік туды. Ғалым «Рухани жаңғыру: Болашаққа бастар жол. Латынға көшу: өткен мен бүгіннің көкжиегі кеңеюде» таныстырылымын ұсынды.

– Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасында қазақ тілінің латын қарпіне көшуі жөніндегі өзекті тақырып талқыланды. Дәріскер тақырыпты жан-жақты толық талдап берді. Бүгінгі дәріс балалардың кейбір мәселелерді қызу талқылауына, сұрақтар қойып, оған профессордың жауабын алуына мүмкіндік тудырды. Бұл балалар үшін үлкен тәжірибе болады деп сенемін, – деді Ақмола облысы Білім басқармасының Астана қаласы дарынды балаларға арналған № 2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Асылжан Бижанов.

Көкшетау қаласы дарынды балаларға арналған № 3 мамандандырылған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Үсен Серікбай:

– Дәріс өте қызықты өтті. Біз қазақ халқының жазба тілінің тарихымен қоса, қазіргі таңдағы латын қарпіне көшудің маңыздылығы жөнінде білдік, осындай қадам жасай отырып, рухани санамызды жаңғыртып қана қоймай, ұлттық мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қаламыз. Латынға көшу шет елдермен өзара байланыстар мен Қазақстан туризмінің дамуына даңғыл жол ашады. Бұл үдеріске деген түрлі көзқарастармен таныстық. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшуін күрделі өзгеріс деп ойлайтынмын, ал бүгінгі дәрістен соң әлдеқайда жеңіл болатынын түсіндім.

Кездесуді тәмамдаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова бүгінгі дәріс пен қызу талқылаулар, Елбасы кітапханасы бойынша жүргізілген экскурсия үнқатысу алаңының жас қатысушылары үшін жаңа идеялар мен ой-толғамдар бастауы, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді күшейтуге түрткі болатынына сенім білдірді.