Ағымдағы жылдың 25 тамызында жоғары жылдамдықты радиотелеграфиядан елімізде алғаш рет Әлем чемпионаты басталды. Радиоспорттың бір саласы саналатын жоғары жылдамдықтағы радиотелеграфия Морзе әліпбиінің көмегімен хабарламаларды қабылдап, жіберуге негізделеді. XV әлем чемпионатына түрлі жастағы 17 мемлекеттің (Қазақстан, АҚШ, Германия, Швейцария, Словения, Ресей, Беларусь, Моңғолия, т.б.) 150-ден астам азаматы қатысып отыр.

Қазақстанның радиоспорт және радиоәуесқой федерациясы ұйымдастырып жатқан чемпионат спортшылары төрт күндік іс-шара аясында қаланың көрікті жерлерімен танысу үстінде. Бүгінде олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына ат басын бұрды.

Меймандар рухани орданың тарихымен танысып, экспозицияларды аралады. Олар заманауи интерактивті білім беру кешені мен 3D голограмма жүйесіне асқан қызығушылық танытты. Әлем елдері өкілдерінің назарына Мемлекет басшысының өмірі мен қызметінен сыр шертетін анимациялық электронды альбом паш етілді.

Өзге мемлекеттердің Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берген жоғары марапаттарын да қонақтар назардан тыс қалдырған жоқ. Олар коллекцияда сақтаулы тұрған Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай және басқа да елдер табыс еткен 41 марапатқа зейін салды.

– Арамызда көбіміз елдеріңізге алғаш келіп отырмыз. Сол себепті де, Қазақстанмен танысудың дәл Астанадан басталғанына қуаныштымыз. Елорданы әлі толықтай аралап үлгермесек те, Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған маңызды жәдігерлердің арқасында елдеріңіз бен бас қалаларыңыздың қалыптасу тарихын шолып, мәдениеттеріңізбен танысып үлгердік. Кез келген келушіге рухани, мәдени азық берер орталықтарыңыздың сыртқы және ішкі сұлулығына қарап қызығып жатырмыз. Осы орайда Мемлекет басшыларыңыздың халыққа деген қамқорлығын байқауға болады, - дейді Фабиан Кортс есімді Германиядан келген инженер маман.

Елбасы кітапханасының қабылдауы мен танымдық экскурсиясына риза болған қонақтар рухани орданың жұмысына жоғары баға берді. Жылы лебіздерін олар «Пікірлер кітабына» қалдырып, Қазақстанның даму жолында жеңістің көп болуын тіледі.