2018 жылдың 23 тамызында Елбасы кітапханасында негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының жаһандық бастамаларының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақпараттық-имидждік қолдау көрсету және Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, қазақстандық жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыруды көздейтін әлеуметтік желілерде жарияланған «ІІ Абай оқулары» жыл сайынғы әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, сазгер, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ұйымдастырылды. Абай шығармашылығы – отандық мәдениетіміздің мақтанышы, ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Ұлы ақынның есімі дүниежүзінің оқырман қауымына кеңінен танымал.

Салтанатты рәсімді ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов:

– «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – халықтың ең қасиетті қазынасы» деп Елбасы Н. Назарбаев айтып өткендей қазақ халқы Абайды өзінің рухани ұстазы, ұлттық жаңғыруымыздың қайнар көзі деп қабылдайды. Ұлы ақын еңбектерінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып, қоғамдық, рухани әрі мәдени өмірдегі бағыты айқындала түсуде. Бүгінгі күні еліміздің елдігін ұлы Абайдың асыл сөздерінсіз елестету мүмкін емес.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы әдебиет сайысының жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады:

– Этнограф, өнертанушы, әдебиетші, журналист, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек өз сөзінде «қазақтарды екі топқа бөлемін – Абайды оқығандар және оқымағандар» деген болатын. Адамның биік құндылықтары мен мейірімділікті жырлаған ұлы ойшылдың бай шығармашылық мұрасы қазақ елін мәігілік рухтандыратыны сөзсіз, – деді Оразгүл Асанғазықызы.

Әлеуметтік желілер мол тәжірибесі бар қалың оқырман қауымының және де Абай туындыларымен енді ғана танысқан жас оқырмандардың кеңінен қолданатын белсенді «кездесу орнына» айналған. Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындары мен әр салада еңбек ететін мамандарының басын қосты. Конкурсқа қатысушылардан Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы облысы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысынан 70 өтінім келіп түсті. Бұған қоса Фейсбук және Инстаграм желілерінің қолданушылары сайысқа ақ тілектері мен ізгі лебіздерін білдіріп, желі ішінде таратуға атсалысты.

Конкурстың «Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» номинациясының жеңімпазы Польшадағы Жешув Ақпараттық Технологиялар және Менеджмент университетінің студенті Гүлназ Қалиева Абайдың тағылымы мол өсиеттері ешқашанда өзектілігін жоғалтпайды деп есептейді:

– Біздің университетте әлемнің түкпір-түкпірінен келген американдық, британдық, орыс, тәжік, өзбек, поляк, украин сынды түрлі ұлт өкілдері білім алады. Шетелдік студенттердің Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін шырқағандарын тыңдап, риза болдым. Бұл ұлы ақынымыз Абайдың Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге танымал екенін тағы да бір дәлелдей түседі. Мен өз халқыммен мақтанамын, өзге елдің өкілдері біздің мәдениетімізді құрметтеп, жоғары бағалайтынына өте қуаныштымын. Абай секілді ұлы адамдардың есімі ешқашанда ұмытылмайтынына сенемін. Абайдың даналығы – ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпайтын баға жетпес рухани қазына. Францияда, Вьетнамда, Ресейде, Түркияда, Қытайда ұлы ақынның құрметіне арнап ескерткіштер орнатылды.

Әдеби сайыстың ең тәжірибелі қатысушысы – Ақмола облысы Шортанды ауданы Қара-Адыр ауылының 7-сынып оқушысы Арай Архарова болды. Ол бірінші сыныптан бастап әдеби сайыстарға қатысып қана қоймай, 2018 жылы аудандық Абай оқуларының «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленген. Арай Абай Құнанбайұлының 102 өлеңін жатқа айтады:

– Ұлы Абайдың шығармашылығына деген қызығушылығымды менің сүйікті ұстазым, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Күлжамал Садуақасова оятты. Қазір мен Абайдың басқа да туындыларын оқып жатырмын. Ұлы ақын, данышпан ойшылдың мұрасын насихаттау үшін қолымнан келгенді аянбаймын. Қазыналы рухани мұрамыз – еліміздің мақтанышы, әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі.

Әдеби сайысымыздың ең кішкентай қатысушысы – Астана қаласы №5 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Ақмоншақ Серікбай көпшіліктің көзайымына айналды:

– Біз анам екеуміз Абай атамыздың өлеңдерін сүйіп оқимыз. Осындай сайыс болатынын естігенде бірден қатысатынымды айттым. Ұзақ уақыт дайындық жасадық. Анам екеумізге Абай атаның «Көзімнің қарасы» әні ұнайды. Мен барынша дайындалып, тырысып бақтым. Сайысқа қатысқан өте ұнады, келесі жылы да сайысқа өз үлесімді қосуға уәде беремін.

Әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Елбасы кітапханасының қорынан арнайы кітап көрмесі әзірленді. Көрмеде Абайдың 50-ге жуық туындысы, белгілі отандық абайтанушылардың ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеген монографиялары, сондай-ақ ұлы ақынның шет тілдеріне аударылған туындыларының аудармалары ұсынылды.

Салтанатты марапаттау рәсіміне мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, танымал абайтанушы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, сондай-ақ ғылым мен мәдениет қайраткерлері, Астана қаласының педагогикалық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар:

1 орын – Меруерт Тоқмолдаева (Тараз қаласы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің 2-курс студенті);

2 орын – Ақтоты Асанова (Алматы қаласы Бостандық ауданы №81 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы);

3 орын – Дана Мұхаметілда (Тараз қаласы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дің 2-курс студенті);

«Ең кішкентай үміткер» – Ақмоншақ Серікбай (Астана қаласы №5 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы);

«Бір әулеттің өнерпаздары» – Нұрай мен Нұрсая Сәрсенғали (Астана қаласы, №72 мектеп-лицейінің 6, 4-сынып оқушылары); Іңкәр мен Зере Мақан (Астана қаласы, №85 мектеп-лицейінің 4, 2-сынып оқушылары);

«Абай мұрасын әлемдік деңгейде насихаттаушы» – Гүлназ Қалиева (Жешув Ақпараттық Технологиялар және Менеджмент университетінің студенті, Польша);

«Үш тілдің дәнекері» – Рауан Дүйсенбаев (Екібастұз қаласы, «Зерде» мектебінің 7-сынып оқушысы); Асанәлі Күзембай (Екібастұз қаласы «Зерде» мектебінің 4-сынып оқушысы); Арай Архарова (Ақмола облысы Шортанды ауданы Қара-Адыр орта мектебінің 7-сынып оқушысы);

«Ең алғашқы оқырман» – Сара Құрманәлі (Астана қаласы, №72 мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы).