ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН «ІІІ АБАЙ ОҚУЛАРЫ» ӘДЕБИЕТ САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАУ РӘСІМІ

2019 жылғы 3 қазан күні, 15-00 сағатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасында (Әлихан Бөкейхан көшесі, 1-үй) қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, сазгер, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған әлеуметтік желілерде жарияланған «ІІІ Абай оқулары» жыл сайынғы әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Кітапхана әдеби сайысты 2017 жылдан бастап өткізіп келеді.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахымжанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, сондай-ақ ұлы ақын шығармашылығын қадірлейтін өнерсүйер қауым қатысады.

Абай шығармашылығы – отандық мәдениетіміздің мақтанышы, ұлт кодтың ажырамас бөлігі. Ұлы ақынның есімі күллі дүниежүзінің оқырман қауымына кеңінен танымал.

    

Жобаның мақсаты – Елбасының жаһандық бастамаларының бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақпараттық-имидждік қолдау көрсету және Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын жастар арасында насихаттау, қазақстандық жастардың оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыру.

Әлеуметтік желілер мол тәжірибесі бар қалың оқырман қауымның және де Абай туындыларымен енді ғана танысқан жас оқырмандардың кеңінен қолданатын белсенді «кездесу орнына» айналған. Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындары мен әр салада еңбек ететін мамандарының басын қосты.