«ЛОТОС ГҮЛ МҰНАРАСЫ». ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МУЗЕЙ ЖИНАҚТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

Жаңа жылда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын сақтау қоры қоладан жасалған «Лотос гүл мұнарасы» панносымен толықты. Онда Вьетнамның қасиетті жерлерінің бірі –  Тюа-Мот-Кот ғибадатханасы бейнеленген. Көркем туынды Вьетнам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Нгуен Тхи Хоанг Оаньнның естелік сыйлығы. 

Тюа-Мот-Кот – қашықтағы құтқару ғибадатханасы мен лотос гүлінің мұнарасы деп те аталады. Жұпар иісті ғибадатхана Вьетнамдағы танымал ғибадатхананың бірі болып саналады. Тюа-Мот-Кот тарихы  император Ли Тхай Тонг басқарған сонау 1049 жылдан бастау алады.

Аңыз бойынша, бір күні император түсінде лотос гүлі қауызының ашылғанын және соның ішінен Қайырымдылық Құдайын көреді. Ол Ли Хай Тонга нәресте береді, көп ұзамай император ұлды болады.  Асқақ арманының орындалғанының алғысы ретінде бақытты әке лотос гүлінің бейнесінде ғибадатхананы тұрғызады.

1954 жылы Үндіқытай соғысының салдарынан ғибадатхана құлайды. 1950 жылдардың соңына қарай Сайгондағы Тхудық ауданында Тюа-Мот-Кот көшірмесі салынды. Кейінірек ғибадатхана Ханойда да қалпына келтірілді. Ғимарат Хо Ши Мин кесенесі маңындағы шынайы лотосқа лайық  шағын тоғанның ортасында орналасқан. Жуан ағаштың сүректерінен жасалған ғибадатхананы жоғары жағындағы диаметрі 1,25 метрлік тас бағанасы тіреп тұр. Қасында  буддизмде қасиетті саналатын Бодхи ағашы өседі. 

2006 жылы «Лотос гүл мұнарасы»  Вьетнамдық көрнекті жер тізіліміне енгізілді.