МӘДЕНИ МҰРА - ЕЛДІҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушыларына арнап Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштері» тақырыбында онлайн-сабақ өткізді. Балаларға аңызға бергісіз еліміздің ғажап мекендері туралы айтылды. Солардың бірі – Маңғыстау аймағының басты қасиетті өлкесінің бірі Оғланды елдімекеніндегі Бекет ата мешіті. Оқушылар сұрақ қойып, сондай-ақ өздері тұратын жерлердегі тарихи ескерткіштер туралы сөз қозғады. 

Әсіресе, Беғазы археологиялық кешені балалардың қызығушылығын арттырды,  бұл кешенді түркі әлемі ғылыми ортаға металл мен кең ісіне негізделген адамзат өркениетінің ежелгі орталығы деп таныстырған еді. 

Сонымен қатар оқушылар Қазақстан аймағындағы ең жұмбақ және қызықты «Ақыртас» кешенінің құрылыс тарихына қызығушылық танытты. Бұл архитектуралық-археологиялық кешен VII-XIX ғасырларға тиесілі. Жамбыл облысындағы Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Кешеннің неге арналғаны туралы бірнеше нұсқа бар: буддалық немесе несториандық храм, қамал-сарай, керуен-сарай я мешіт. Кей ғалымдар Ақыртас Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық Касрибас қаласы болуы мүмкін деп санайды. 

Дәріскер, Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобаларының қызметкері Гүлмира Атабаева  өткен ғасыр ескерткіштері Қазақстанның ұлттық мұрасы екенін атап өтті. Ұлы дала ғасырлар бойы тарихи оқиғалар өткен, мәдениеттер өзара алмасқан алаң болды. Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қайта дамыту және зерттеу қазіргі заманда өзекті мәселе болып отыр. Осы тұрғыда сабақ барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мәдени мұраларды сақтау және өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудегі жаһандық бастамаларының рөлі мен мәніне назар аударылды.