Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Презденті – Елбасы кітапханасында Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы  таныстырылды. Іс-шара «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Өркениет» аумақтық филиалы мүшелеріне арнайы ұйымдастырылды. Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкерлері дайындаған кездесуге «University medical center» корпаративтік қоры, атап айтқанда, Республикалық диагностика орталығы, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылым орталығы, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы» АҚ, «Назарбаев университеті» ДББҰ секілді медицина мекемелерінің қызметкерлері келді.

Кездесу барысында философия ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ғазиз Телебаев модераторлық етті. Ол аталмыш кітап тұсаукесерінің 2017 жылғы 15 желтоқсанда өткенін атап өтті. Мемлекет тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында жүзеге асырылған іс-шара Елбасы кітапханасында, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен өткізілген болатын.

Халық назарына ұсынылған тарихи-публицистикалық еңбектің маңыздылығына саяси ғылымдардың докторы, профессор, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов тоқталды:

– Мемлекет басшысының тың кітабы халыққа арналып жазылғаны сөзсіз. Оның беттерінен Елбасының бұған дейін жарық көрген еңбектеріндегі тәуелсіз Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық оқиғалары жалғасын тапқан. Дәлірек айтқанда, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының мазмұны жүйелік әрі терең талдаудан тұрады. Ол еліміз тап болған сын-тегеуріндер мен қол жеткізген жеңістерінен сыр шертеді. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне жиырма алты жыл толды. Мемлекеттер ғұмырымен таразылап қарасақ, 26 жыл – жалт етіп өте шыққан қысқа уақыт. Тәуелсіз мемлекет ретінде жасаған дүниелердің құны баға жетпес ерен еңбекке толы жылдар болды. Мемлекетіміз қысқа мерзімде жүз жылға бергісіз даму жолынан өтіп, әлемдік көштің алдыңғы қатарына ілесті. Үлкен тарихи даму жолынан өтті. Сол себепті де, бұл кезең – біз үшін маңызы зор дәуір. Осы орайда «Тәуелсіздік дәуірі» – Қазақстан егемендігінің орнауы мен дамуын айғақтайтын негізгі құжат болмақ, - деді Әмірхан Мұратбекұлы өз баяндамасында. Мәнді кездесу шарасына келген қатысушыларды ол Елбасы кітапханасы қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, қатысушыларды сұхбатқа шақырды.

Президент кітабында келтірілген Қазақстанның сыртқы саясаты туралы баяндаманы тарих ғылымдарының кандидаты, Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердагулова оқыды:

– Мемлекет басшысы Қазақстан тарихын төрт кезеңге бөледі. Оның алғашқысында, яғни 1991-1995 жылдар арасында егемен Қазақстанның бағыты анықталды. Бұл кезеңде екі жақты, көп жақты қарым-қатынастар мәселелері шешіліп, Азия тәуелсіздігіне алғашқы қадамымыз басылды. Мемлекет шекарасы белгіленіп, Кеңес Одағының құрамында болған республикалармен жаңа байланыстар орнатылды. 1996-1999 жылдар арасында көп бағытты саясат орнап, АӨСШК, Шанхай бестігі, Кедендік одақ іспетті түрлі халықаралық ұйымдар құрылды. Қазақстан әлемнің ең ірі, ең мықты мемлекеттерімен алғаш байланыс орнатып, күш-қуатын үйдейте түсті. Президентіміз Қазақстанның дамуы мен әлемдік деңгейге көтерілуі жөнінде деректер келтіріп, еліміздің сенімді серіктеске айналып, халықаралық абыройға қол жеткізгені жөнінде терең ойлар жазады, - деп белгіледі Сағынтай Кеңесқызы.

Кездесу қатысушылары ұйымдастырушылар мен спикерлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғыстарын айтты. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының «Өркениет» аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәрия Өтебаева медицина қызметкерлерінің атынан Ә.Рахымжановқа естелік сыйлық тарту етті.

Талдау соңында кездесу қатысушыларына Елбасы кітапханасы бойынша арнайы экскурсиялар жүргізілді.