2018 жылғы 1 қарашада Елбасы кітапханасының Музейінде елордалық мектеп басшылары бас қосты. Шеберлік сыныбы аясында Әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің ғылыми қызметкерлері Саягүл Жақұпова мен Гүлмира Атабаева ұлтымыздың қолданбалы өнері туралы «Батырлық институты: дәстүр, мәртебе және қаруландыру» және  «Қазақстанның сәндік қолданбалы өнері» тақырыбында экскурсиялық сабақтар өткізді.

Жұмағазы Әлпішев, № 56 мектеп-лицейінің директоры:

Мен Елбасы кітапханасының бүгінгідей шеберлік сыныптарына баруға тырысамын. Өйткені, осындай шараларда біздің қоғамдағы ең маңызды үдеріс пен оқиғаларға қатысты ерекше ортақ сезім пайда болады. Елбасы кіиапханасында өтетін дәрістер, конкурстар немесе шеберлік-сыныптар әрқашан жоғары әдістемелік деңгейде өтеді. Кітапхана қызметкерлеріне тұрақты жемісті ынтымақтастық үшін алғысымды білдіріп, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін.

Ольга Нокоткова,  № 75 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары:   

– Елбасының кітапханасы ауқымды және құнды жұмыстар атқаруда. Кез келген оқушы кітапхана ұйымдастырған конкурстарға қатысқысы келеді. Осындай іс-шаралардан балалардың рухани танымының кеңейетіні қуантады. Мемлекеттік деңгейдегі оқиғалардан сыр шертетін ерекше ғимараттың қабырғасында оқушылар Мемлекет басшысының өмірбаянымен, еліміздің даму кезеңдеріндегі тарихымен таныса алады. Бұл өте маңызды және пайдалы. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  музейлер үшін «жаңа тыныс» ашылды, бүгінгі шеберлік сынып осының дәлелі. Жақын арада өтетін Елбасы кітапханасының ауыспалы Кубогы үшін пікірталасқа қатысуды жоспарлаудамыз.

Елбасының кітапханасы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары мен қоғамдық пәндер мұғалімдері үшін заманауи қоғамның өзекті мәселелерін шешу бойынша шеберлік сынып өткізуді алғашқылардың бірі болып қолға алды. Мысалы, дәстүрлі емес діни ағымдар бойынша жұмыстар; Елбасы кітапханасының мамандары ғылыми зерттеу деректеріне сүйеніп, осы мәселені қалай тануға болатындығын  және ең алдымен қандай шаралар қолдану керектігі туралы ақпарат береді.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова білім беру мекемелерімен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. «Әкелер», «Әкем, анам және мен – спортсүйер жанұя», интеллектуалдық, ең үздік музей сабағы және т.б. конкурстар Астана қалалық білім беру мекемелерінің белсенді қатысуымен өтеді.

– Елбасы кітапханасы Президентіміздің Қазақстан халқына арналған жолдауларын түсіндіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Елбасы жолдауларының тарихи және әлеуметтік-саяси қырларын қамтитын ғылыми-әдістемелік негіз, сондай-ақ осы тақырыптар бойынша қысқа мерзімді салалық көшпелі семинарлар мен дәрістердің бағдарламалары әзірленген. Мемлекет басшысы еліміздің әрбір азаматының тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктерін түсінуге және түсіндіруге міндетті екенін нақты айтқан болатын. Осы бағытта Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігі туралы тапсырманың ұстаздар қауымы үшін маңызы зор, - деді Ботагөз Қайыпова.