МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ: ӨРКЕНДЕУ МЕН ОДАН ӘРІ ДАМУ

2018 жылғы 20 қазанда Елбасы кітапханасының әлеуметтік-гуманитарлық және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты.

Талқылауға Астана қаласы Білім басқармасының әдіскерлері, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары, елордадағы жалпы білім беретін орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері қатысты.

Өз баяндамасында Әсия Оспанова Елбасы Жолдауының «Әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы» атты алтыншы тарауына талдау жасап, қатысушыларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Елбасы кітапханасында жүргізіліп жатқан ғылыми-білім беру жобаларымен, мұражай-педагогикалық қызметтермен таныстырды.

– Президентіміздің әрбір Жолдауы біздің алға қадам басып, одан әрі дамуымызға бағыт-бағдар  береді. Қазақстан Республикасының Президенті аталған Жолдауда: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толтыру қажет», - екендігін атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін мұғалімдер мен оқытушылардан әдістемелік дағдыларды жетілдіруді, инновациялық әдістерді енгізуді және студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді тартуды талап етеді, - деп атап өтті Ә.Оспанова баяндамасында.