Білім беру бағдарламасын жүзеге асыру аясында Елбасы Кітапханасы Мұражайында елордадағы №42 орта мектеп оқушыларына «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты саяхат-сабағы өтті. Сабақ алдағы маңызды мереке – Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізілді.

Мемлекеттік рәміздер қазақ мемлекетінің бейнесін әлемдік қоғамдастықта танытады. Рәміздердің қоғамның саяси мәдениетін дамытуда маңызы зор,оның негізінде халықтың патриоттық сезімі нығайып, ұлтқа тән өзіндік ерекшелігі айқындала түседі. Мемлекеттік рәміздер күні 1992 жылдың 4 маусымынан бастап аталып келеді.

Елдің мемлекеттік рәміздері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей белсенді қатысуымен жасақталды, бұған Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке мұрағатында бар фото-бейнежазбалар мен жеке құжаттардың ауқымы дәлел бола алады. Оқушылар сондай-ақ аталған тақырып аясында Елбасы Кітапханасы қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де танысты. Танымал сәулетші Ж.Мәлібековпен кездесу материалдары тағы да мемлекеттік елтаңбаны жасақтаушы автордың орасан зор еңбегін, шығармашылық ізденісі мен Қазақстан мәдениеті мен тарихына қатысты терең білімін таныта алды.

Оқушылардың мемлекеттік әнұранды орындауы іс-шараға ерекше сипат берді. Аталған саяхат-сабағы ұстаздар, оқушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

№42 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Дания Сүлейменова:

- Алдағы мемлекеттік рәміздер мерекесіне орай барлық оқу орындарында салтанатты іс-шаралар өтуде. Біз осындай атаулы шараның  оқушыларымыз үшін тарихи орында өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Балалар Резиденция жұмысына қанық болып, ауқымды құжаттар және экспонаттармен таныса алады. Патриоттық сезімді тәрбиелеу кез келген қоғамның маңызды әрі өзекті міндеті. Әр отандастың бойында өз еліне деген мақтаныш сезімі әрі тарихы мен дәстүрін құрметтеу қажеттігі туралы сабақта айтылған сөздермен келісемін.

6 сынып оқушысы Венера Қарасай:

- Сабақ барысында өте көп, пайдалы ақпараттар алдық. Мемлекеттік рәміздердің қалай жасақталғандығы, үлгілердің Президент Резиденциясына Алматыдан Астанаға қалай жеткізілгендігі туралы білу өте қызық. Мемлекеттік рәміздер қай дәуірде болсын қоғам жоғары дәріптеген құндылық болған еді.

6 сынып оқушысы Аяжан Ілиясова:

- Әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, сақтауға міндетті. Әнұран ойнаған сәтте меніңше әр қазақстандықтың бойын мақтаныш сезімі кернейді. Өзін патриот санайтын әр адам мемлекеттің басты нышандарының мәні мен мағынасын білуі тиіс.