ӘМІРХАН РАХЫМЖАНОВ: ҰЛТТЫҚ ЖҰМЫЛУДЫҢ ЖОЛДАУЫ

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан  Рахымжановпен сұхбат

 

– Әмірхан Мұратбекұлы, Мемлекет басшысының Жолдауын қалай қабылдадыңыз?

– Елбасының жыл сайынғы Жолдауы қазақстандық дамудың өсім бағдарларын анықтап, сонымен бірге, кешеуілдеуге болмайтын түйіткілді мәселелерді де жіпке тізгендей етіп берді. Осы себептен де биылғы Жолдау тереңдігі мен тапсырмаларының ауқымдылығымен ерекшеленіп отыр.

Әр жолдаудың өзегінде қашан да адамдар тұрады ғой. Бұл жолы да солай болды. Адамдардың үкілеген үміттері, толғақты мәселелері тайға таңба басқандай көрсетілді. Президент оларға қанық. Бұл мәселелерді шешуді талап етуі, нақты іс-қимылға шақыруы да соның айғағы. Қазақстанның қазір қай салада болсын жеке дара батыл әрекет ете алатын тәжірибесі жеткілікті. Мәселен, медицинаны алайықшы. Нейрохирургия Орталығының дәрігерлері мен қазақстандық кардиохирургтар да операциялардың небір қиын түрлерін шетелге шықпай-ақ, өздері жасай береді. Білім беру саласы дегенде Назарбаев зияткерлік мектептері мен университетінің озық үлгісі туралы да дәл осыны айтуға болады.

– Сіздің білім беру саласында бай тәжірибеңіз бар. Байқағаныңыздай, Елбасы мектепалды білім беруге зор мән беріп отыр...

– Ия, Президент сәбилердің балабақшадағы тәрбиесіне, ондағы қызметкерлерді даярлауға жіті мән беріп отыр. Жалпылай алғанда, білім беру саласына қатысты басым бағыттар айтылды. Бұл орайда Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылдануы қажеттігін атап өтті. Бұл бастама аса құптарлық. Себебі өскелең ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға тікелей әсер ететін де ұстаздар ғой. Сондықтан заман талабы тудырған мұғалім мәртебесін анықтайтын мұндай заңның қажеттігі еш күмән тудырмайды.

– Мемлекет басшысы келесі жылдың «Жастар жылы» боп жарияланатынын жеткізді. Бұл жылдан не күтесіз?

– Бұл да өте дер уағында жарияланған, алдағыны болжаған дөп басқан қадам болды. Ақпараттық технологиялар арқасында бүгінде қала мен қаланың, мемлекет мен мемлекеттердің шекарасын жуып-шайған жаһандану заманында Қазақстан жастары ұлттық бірегейлігінен ажырап қалмауы үшін біз, аға буын, барымызды салуымыз керек. Осындайда, әсіресе «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының өзектілігі айқын көрінеді. Кітапханамызда өтетін семинар-тренингтерде жастар ел тарихы жөнінде ғана емес, бағдарламалық мақаланың маңызына терең бойлап, осы бағытта өздерінің де рөлі туралы жан-жақты ойлана бастайды.

– Жолдауда Елбасы Қазақстанның сыртқы саясатына қандай маңыз беріп отыр?

– Президент Жолдауы бүгінгі жағдайдың шынайылығын және алдағы жылдардағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуының нақты көрінісін айқындап берді. Осы орайда, соңғы жылдары жоғары нәтиже көрсетіп отырған сыртқы саясаттағы бағыттарымыздың да ел дамуына тікелей ықпалы зор. Алысты көздей білетін көреген саясаттың арқасында Мемлекет басшысы көршілес Ресей Федерациясымен, Қытаймен доспейіл қарым-қатынас орната білді. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасымен «Нұрлы жол» бағдарламасы да мақсаттас. Бұл – жақсы нышан. Ел дамуына бағытталған мұндай бағдарламалық құжаттардан параллель келтіру қай тұрғыдан да тиімді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан қай кезде де заманның сын-қатеріне халықтың қажет кезде жұмыла жұдырық бола білген бірлігінің арқасында лайықты жауап беріп келді. Осылайша, яки әрдайым түтіні түзу шыққан татулығының арқасында ғана еліміздің басты стратегиялық құжаты саналатын Жолдауды мейлінше тиімді, барынша өнімді іске асыра алатынымыз даусыз. Ұлттық жұмылудың Жолдауы деп баға беруімді де осы себеппен түсіндіруге болады.

 

Әңгімелескен Қанат Әуесбай