МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. ДИНА НҰРПЕЙІСОВА 160 ЖАСТА

Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұраларының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісованың туғанына биыл 160 жыл толып отыр.

Дина Нұрпейісова  Бөкей ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Кенже еркесін домбыра үнімен әлдилесе, анасы Жәниха қызын бесік жырымен тербеткен. Дүние дидарын ашқан сәттен бастап домбыра үніне құлақ құрышын қандырып өскен дарынды Дина бес жасында әкесінің домбырада тартқан күй саздарын пернелерге дұрыс түсіруге әуестене бастайды. Қызының бұл қабілетін аңғарған әкесі де риза көңілмен бар білгенін қызының бойына сіңіруге күш салады. Тоғыз жасында әкесінен үйренген әндер мен күйлерді меңгеріп, домбырада еркін ойнай  бастаған Динаны айналасындағылар «домбырашы қыз» деп атап кетеді.

Күй өнерінде есімі қастерлі Құрманғазы осы ауылға ат басын бұрып,сол сапарында Динаның домбырада ойнауын байқап, әкесіне болашақта қызынан жақсы күйші шығатынын айтады.

 «Құрманғазы жақын ағайын болатын, өзі де біздің үйге келіп жүргенде талай рет күйлерін де тыңдағам. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қолұшын беруін өтінді, ұстаз болуын қалады», – дейді бір естелігінде Дина Нұрпейісова.

 Сол сәттен бастап Динаның өнердегі алғашқы тұсауын кесіп, ұстаздық еткен  Құрманғазы кездескен сайын шәкіртінің домбыра тартысына  мән береді. Ол үнемі: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал, тек осындай дайындықтан соң ғана домбыра тартуға кіріс», – деп домбыраның қыр-сырын үйрете бастайды. Ұстазының сөзін ұстаным етіп алған Дина тек Құрманғазының күйлерін тартумен шектелмей,  есімдерін ел білетін  күйшілер Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей, Баламайсандай көрнекті халық композиторларының шығармаларын да нақышына келтіріп орындайды.  Ол көптеген домбыра сайыстарына қатысып, өнерін  үнемі шыңдап отырған.

Дина Кенжеқызы 1880 жылы 19 жасында тұрмысқа шығады. Ұзатылу тойында ұстазы Құрманғазы өзінің жан серігіне айналған домбырасын шәкірті Динаға тарту етеді. Ұстазы шәкіртіне «енді өзің де күй шығарсаң болады» деп батасын береді. Динаның тырнақалды шығарған күйлерінің қатарына «Бұлбұл», «Байжұма», «Жігер» күйлерін жатқызуға болады.

Ашаршылық жылдары Динаның отбасы Каспий теңізі жағалауына көшіп, Астрахан облысы Марфин ауданы Козлово ауылында тұрақтайды. 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Смағұл Көшекбаев Динаны Алматыға алып кетеді. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Дина өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұрат»  пен    «Қайран шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алады.

Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп күйшінің өнеріне тәнті болған екен.

Осыдан кейін Дина Қазақ филармониясына жұмысқа алынып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді. Осы жылы ол Жамбыл Жабаевпен танысады. Ол 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленеді. 1944 жылы 83 жастағы Дина Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-ші онкүндігінде өнер көрсетіп, сол жылы ол «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағын алады.

Д.Нұрпейісова ғұмырының соңғы кезінде шығарған «Той бастар», «Домалатпай», «Науысқы» («Науаи»), «Әсемқоңыр», «Жігер» сынды аса айшықты шығармаларымен өнерсүйер қауымның жүрегінде қалды.

Қазақтың күйші қызы Дина халық алдына соңғы рет 1952 жылы 91 жасында шықты. Ал 1955 жылдың 31 қаңтарында күйші Алматы қаласында дүниеден өтті.

Бүгінде күйші атында музыкалық мектептер мен көшелер бар.  Атырауда Д.Нұрпейісова атындағы облыстық қазақ халық аспаптар оркестрі жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында күйші Дина Нұрпейісова туралы мына еңбектер сақталған.

 А. Сейдімбектің «Қазақтың  күй өнері» атты монографиясы.  Автор бұл шығармасында қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орыны бар күй өнерін тарихи және этнографиялық аяда зерделеп, оның өзіндік қалыптасу жолдарын, әлеуметтік өмірмен біте қайнасқан болмысын, сондай-ақ төлтума қасиеттерін нақтылы айғақ-деректерге сүйене отырып саралайды.

Қ.Орынғалидің «Дина күйші» жинағы. Бұл кітапқа Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері туралы әр кездері жазылған көрнекті музыка зерттеушілері мен қаламгерлердің шығармалары, сондай-ақ күйшінің көзі тірісінде онымен жақын араласқан азаматтардың, ұрпақтарының естеліктері енген. Сондай-ақ күйтабақтары мен ғұмырнамасы топтастырылып, төл мұрасының үздік үлгілері де берілген.