«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ: ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН»

Ұлт мақтанышы, жазушы, драматург Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің тарланы,  роман жанрының майталманы Ілияс Есенберлиннің туғанына биыл 105 жыл толып отыр.

Ұлы жазушы – қазақ әдебиетінде ең алғашқы болып тарихи оқиғалар арқылы сол заманғы қиын кездегі тұрмыс – тіршілікті көркем суреттеу арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу және ұлт рухын көтерген қазақ әдебиетінде ерекше орны бар дара тұлға. Жазушының «Көшпенділер» және «Алтын орда» трилогиялары көпшілікке танымал.

Ілияс Есенберлин – бала кезінен жетімдік пен қатаң саясаттың зардабын өз басынан өткізген және өз елінің азаматтарына жоқшылық пен ашаршылық кезінде әрдайым көмек беруге әзір нағыз ұлтының азаматы.

Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы ХV-ХІХ ғасыр аралығындағы Қазақ жеріндегі болған қиындыққа толы арпалысты суреттеген күрделі де ауқымды туынды.

Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» трилогиясында автор Қазақ халқының көнеден келе жатқан тарихын зерттеген аса зерделі тұлға.

Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат тарихи тұрғыдан сенімді. Ілияс Есенберлин кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие екендігін көреміз.

1976 жылы жазылған бұл шығарма орыс тіліне 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен таратылды. Жалпы «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған шығарма. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Ақпарат көздерінде «Ілияс Есенберлин жапон тіліне аударылған жалғыз қазақ жазушысы» деген деректер бар. Елбасының идеясымен және тікелей қолдауымен 2005 жылы «Көшпенділер» трилогиясының негізінде «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильмі түсірілді.

2017 жылы І. Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы негізінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Алмас қылыш» фильмі түсіріліп көрермендерге ұсынылды.

Бүгінде Қазақстан Републикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Арнайы жасалған сандық «Көшпенділер», «Кочевники», «The Nomads» атты үш тілде жазылған 9 кітаптан тұрады. Сонымен қатар:

«Алтын құс» романы – бір кеңшінің басынан өткерген қилы-қилы өмір хикаясын баян етеді. Кітаптағы басты кейіпкеріміз кенші, Еңбек Ері – Сабыр, қатардағы жұмысшыдан өскен, өмірден көргені, көкейге түйгені көп ойлы адам.

Романдағы Сабыр мен Ақбаянның адал махаббаты, жас кезде дұрыс ойлануға, мағыналы өмір сүруді меңзейді.

«Айқас» романы – қазақ ұлттық интеллигенциясының қалыптасу жолындағы күрделі әлеуметтік және рухани құбылыстарды суреттеген патриоттық рухтағы шығарма.

«Скифтер сағымы» атты кітабында қазақ халқының тарихының кереметтілігі соншалықты, драматизм мен дастанға толы. Ал біздің бүгінгі күніміз - ұшы - қиыры жоқ, Сары-Арқа даласындағы терең дастанды ұйқыдан оянып, ұшып бара жатқан алтын аттар тәрізді әсер етеді.

Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар атты кітапта І. Есенберлиннің айтылған ойлары, хаттары, баяндама күнделіктерінен алынған үзінділері енген.

Сонымен қатар замандастарының, Н. Назарбаевтың Д. Қонаевтың, Ә. Әлімжановтың, туған інісі Раунақ Есенберлиннің және ұлы Қозыкөрпеш Есенберлиннің естеліктері бар.

Сондай-ақ, Ілияс Есенберлиннің «Жан сырым» атты кітабында Сіздер автордың жүрегіне сыймаған оның көкейкесті ойларымен таныс бола аласыздар.

Осы аталған шығармалар көпшілік оқырмандар назарына ұсынылып отыр.