«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ: ЛИРИКАЛЫҚ АҚЫН – ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ» 85 ЖАСТА

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жарлықтарымен 2004 жылы "Парасат", 2010 жылы "І дәрежелі "Достық" ордендерінің иегері Тұманбай Молдағалиев биыл 85 жасқа толып отыр.

Тұманбай Молдағалиев 20 наурыз 1935 жылы, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын «Ленинишіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкері болып бастаған. Ақын орыс және батыс классиктерінің көптеген өлендерін қазақ тіліне аударуымен айналысты.

Ақын «Құстар әні», «Құстар қайтып келеді», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Шақырады көктем» сияқты Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың және басқада танымал композиторлардың халыққа кең тараған әндерінің сөзін жазған.

Т. Молдағалиевтің «Кәмила», «Құралай», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жаңа дәптер», «Шақырады жаз мені», «Қош, көктем», «Жүрек ояу қашанда», «Хаттар, хаттар», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Таудан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім – тірегім», «Сағындырған көктемдер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені», сияқты жыр жинақтары ақынның оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалары 2002 жылы шыққан 14 томдық шығармалар жинағы осы сөзіміздің айқын дәлелі.

 Ол «Зерде» журналында жарық көрген «Сағыныш екен сол бір кез» мақаласында Теміртауға шақырған жас болатшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өлең жолдарын арнайды:

«Ақылды едің, ойлы едің әуел баста-ақ,

Көзің ояу жігіт ең, көңілін асқақ.

Көрірегіңде тұр еді қыран жүрек,

Аспанға ұшып кетердей сені тастап

Содан кейін бір көрдім сені бауырым,

Аясында біз өскен Алатаудың,

Сөз сөйледің комсомол съезінде,

Жаңбыры боп жастықтың сонда жаудың.

Жігер де бар жанында, ой да жеттік,

Қаламын деп қорықпай қайда кетіп,

Теміртауға шақырдың қыздарды сен,

Бойдақтардың атынан бой көрсетіп.

Зал қырылып қол соқты сонда саған,

Жайтаңдадың жүйріктей олжа салған.

Мен риза боп тұрдым тұрысыңа,

Тұрпатыңа әуелден мол жасаған.

Театрда қол соқты бүкіл халық,

Тұла бойың тұрды бір бүтін жанып,

Риза болдым мен сонда саған алғаш,

Қуаныштан жүрегім лүпіл қағып.

Ұясындай араның ызындадық,

Жанарыма түсірдім жүзінді аңық.

Тірі болшы, бауырым, – дедім сонда,

Тірі болсаң шығарсың, бұзып-жарып...

Елбасына арнаған ақын өлеңдерінің арасында «Ақмолаға астана көшкенде», «Есіл ер», «Ел үшін», «Жұлдызыңды биіктен тағы көрдім», «Нұрсұлтан сені ойладым», «Сенің туған күнінде», «Сөзіне басын изеп ел тұрады», «Тарих тағы қолына Ту алғызды», «Халықтың ұлы»  белгілі.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ақынға жылы лебізін «Сіздің шығармашылығыныз – ұлттық сөз өнеріміздегі қайталанбас құбылыс, өзіндік үлкен мектеп. Кейінгі толқын ақындардың Сізге еліктемегені, Сізден үлгі-өнеге алмағаны, Сізден үйренуге тырыспағаны кемде-кем. Сіз қазақ әдебиетінде махаббат лирикасын өркендеудің, адам жанының нәзік иірімдері мен сұлу сезімдерін ақ қағазға айна-қәтесіз шынайы қалпында түсірудің шын шебері дәрежесіне көтерілдіңіз. Сіздің тау бұлағындай таза, шықтай мөлдір поэзияңыз халық жүрегінде ұзақ жасай береді!» деп жеткізген болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорында ақын Тұманбай Молдағалиевтің төмендегі туындыларымен оқырман қауымы таныса алады:

«Шақырады көктем» өлендер жинағы: бұл кітапта ақынның заманымыздың кешегісі мен бүгінгісін, замандастардың тыныс-тіршілігін, арман-мұратын, адал махаббатын, ел мен отанға деген сүйіспеншілігін нәзік сезіммен, терең оймен толғаған жырлары, сондай-ақ балаларға арналған отты да ойнақы өлеңдері топтастырылған.

14 томдық «Тандамалы туындыларының көп томдығы» бұл шығармада ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері топтастырылған.

«Көне дәптерлерден» бұл шығармалар жинағында Тұманбай Молдағалиевтің 70-80 жылдары арасында жазылып, бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдері кіргізілген.

«Қош, көктемім» бұл туындыда ақын жылдың төрт мезгілін балалар өмірімен байланыстыра жырлап, адам мен қоршаған ортаның, көркем табиғаттың тұтастығын жырласа, «Шыңдағы гүлдер» жаңа өлеңдер жинағы өмір туралы сыр шертеді.

«Жиырма бесінші көктем: Өлендер мен поэмалар», бұл шығармаға енген өлеңдер ақынның «Жүрек ояу қашанда», «Махаббат оты сөнбейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Таудан түскен сәуле» атты кітаптарынан іріктелініп алынған.

Т. Молдағалиевтің «Отан деп соқса жүрегің» атты жыр кітабына оның соңғы жылдары жазған лирикалары еніп отыр. Көңіл күйі, махаббат-жастық, егделік-ойшылдық жайлы нәзік сезімге құрылған өлеңдері, отбасынан басталатын Отан тақырыбына арналады.

Ақынның «Жаз ортасы» атты жыржинағына соңғы жылдары жазған жаңа өлеңдері мен «Атанбай ата» деген поэмасы енген.

«Қар жауып тұр» Т. Молдағалиевтың жаңа өлеңдер жинағына соңғы екі-үш жылдықта жазған жырлары енді. Еліміздегі өзгерістер, Тәуелсіздік жемістері, туған Қазақстанның дүйім дүние алдындағы асқарлы абырой-беделі, замандас тағдыры жайлы өлеңдер берілген.

«Мен қазақпын» өлендер мен поэмалар жинағы ақынның лиризмге толы өлеңдері мен халқымыздың өткен тарихына арналған бірсыпыра поэмалары топтастырылған. «Мен қазақпын» поэмасында еліміздің кешегі өмірі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі жырланады.

Ж. Молдағалиева, А. Мұқибекұлы құрастыруымен «Тұманбайдың ақындығы» атты кітапта ұлттық поэзияның көкжиегін кеңейткен, махаббат лирикасын өрнектеудің хас шебері Тұманбай Молдағалиевтың шығармашылығы туралы әдебиетші-ғалым, сыншылардың, замандас қаламдастарының әр жылдарда жазылған мақалалары топтастырылған.

Кітапхана қорында бұдан бөлек ақын, халық жазушысы Т. Молдағалиевтің 30 дан аса шығармалар жинағы оқырман қауым назарына берілген.

Қазақ жырының ары мен абыройын арқалап, ұлттық поэзиямызды әлемдік биікке көтерген, санаулы саңлақтарымыздың біріне айналған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз.

Ақынның тұмадай тұнық жыр жаратқан ұлтжанды болмысы мен ақжарқын бейнесі ел жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақ әдебиетінің көрікті бір дәуіріндей болған Тұманбай Молдағалиевтің шынайы классикалық үлгідегі поэзиясы халқымен бірге жасай бермек.