«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ». ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН

11 мамыр күні дарынды ғалым, әдебиеттанушы, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қаз КСР ҒА академигі, қазақстандық археология мектебінің негізін қалаушы – Әлкей Хақанұлы Марғұланның туғанына 116 жыл толды. Академик Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бойы мен Тараз, Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ сияқты қалалар мәдениетін әлемге танытты. Ә.Марғұланның есімі Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің өркениеті болған Беғазы-Дәндібай мәдениетімен тікелей байланысты.

Әлкей Марғұлан 1904 жылғы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданында  дүниеге келген. Көзі ашық, көкірегі ояу әкесі Хақан мен анасы Нұриланың шаңырағында Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Жаяу Мұса, Имантай Сәтбайұлы сынды игі жақсылар мен қазақ зиялыларының жиі қонақ болуы бала Әлкейдің жастайынан ізденімпаз азамат болып қалыптасуына ықпал етті. Әлкейдің зиялы отбасында тәрбие алып, Абай, Жаяу Мұса, Ақан Серінің өлеңдері мен әндерін, Тәттімбеттің күйлерін естіп өсуі, болашақта ғылым жолын таңдауына себеп болды. Сондай-ақ, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Мұңлык-Зарлық» дастандарын жатқа білген.

           Бес жасынан хат жазып, оқи білген  Әлкей ауыл мектебінде білім алып, 11 жасында Баянауылдағы үшсыныпты орыс мектебіне ауысады. Бір жыл мұғалім курсында тәлім алған Әлкей Марғұлан 1919 жылы туған ауылында сабақ береді. Білімін шыңдау мақсатында 1921 жылы Семейдегі педагогикалық техникумға түсіп, 1925 жылы бітіріп шығады. «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында қызмет атқарып жүрген жылдары  Әлкей алаштың ардақтылары - жазушы Мұхтар Әуезов және ақын Мағжан Жұмабаевпен танысады.

Әлкей Марғұлан өз естелігінде Мұхтар Әуезовтің айтқан кеңесін былай есіне алады: «1925 жылы Мұхтар маған «сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр. Сол арада жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс», - деді».

Осылайша Мұхтар Әуезовтің бағыт беруімен Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) аттанған Әлкей Марғұланның академиялық қызметі осы қалада басталады. Әлкей Марғұлан Ленинградта бірден шығыстану, археология және өнер - үш мамандықты қатар меңгереді. Түрлі дәрістер тыңдап, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеген Әлкей қыруар әдеби және архив деректерін жинайды. Сонымен қатар қазақ ғалымы  көркем әдебиет саласында да ауқымды іс тындырып, орыс және шетел жазушыларының көркем шығармаларын қазақ тіліне аударады.

Ә.Марғұлан 1930 жылдары Терминологиялық комиссияның ғылыми хатшысы, Шығыстану институтының оқытушысы, Мәскеудегі материалдық мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді.

Ленинградта оқып жүрген кезде Ә.Марғұлан Бартольд, Крачковский, Марр, Олденбург, Самойлович сынды атақты ғалымдардан тәлім алып, КСРО Ғылым академиясының академигі А.Ферсман, профессор С.Руденко, А.Миллер ұйымдастырған археологиялық және этнографиялық экспедицияларға қатысты. Сондай-ақ,  ол «Алашорда» көшбасшыларының бірі Әлихан Бөкейханмен жақын араласып, бiрлесе жұмыс істеп, әдеби-мұрағаттық материалдар жинаған. Әлкей Марғұлан Қазақстанға келген композитор, этнограф Александр Затаевичпен бірге қазақ әндерін нотаға түсіруге ат салысқан.

Ә.Марғұланның әдебиеттен археологияға ауысуына Ленинградтың тарихи музейлері себеп болған екен. Ә.Марғұлан ежелгі мәдениет, сәулет, қолданбалы шығарма, халық эпостары, жазбалары, антропологияны зерттеп, Қазақстанның археологиялық және мәдени мұрасына мол үлес қосқан ғалым екенін атап өткіміз келеді.  Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан филолог ретінде ғылыми жазбаларын оқырманға өте түсінікті стильде жаза білген.

Ұлы ғалым өткен ғасырдың 40-шы жылдарының аяғында бірнеше рет саяси қудалауға ұшырайды.

Әлкей Марғұлан 1941 жылы КСРО Ғылым Академиясы қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарып жүріп, «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясында көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасайды. Осы жылдары «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Едіге» мен «Орақ-Мамай» жырлары» мақаласы, «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар - тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» атты ғалымның құнды еңбектері жарық көреді. Оның ғылыми шығармашылығына байланысты тағы бір айта кететін жайт, 1946 жылы жазылған «Сырым батыр» атты мақаласының жарияланбай қалуы. Бұл еңбек ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасында қолжазба түрінде сақталған. Мақалада ол қазақ тарихшыларының ішінде бірінші болып С.Датұлының қозғалысына ұлт-азаттық сипат берген.

Ал 1943 жылы Әлкей Марғұлан «Ярлыктар мен пайзаның тарихи мәні» тақырыбында - кандидаттық, 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» атты докторлық диссертациясын қорғайды. 1957-1967 жылдары қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинақтаған топқа жетекшілік етiп, таңдамалы және бес томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуына басшылық жасаған. 1958-1976 жылдары Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын жариялайды.

Академик Ә.Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыстар, 100-ден астам энциклопедиялық мақалалар, Қазақстанда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып, кітаптың редакциясын басқарған. Әлкей Марғұлан Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның елге оралуына көп еңбек сіңірген. Академик тапқан тарихи құндылықтардың 243-і бүгінгі таңда Ресей мұражайларында сақтаулы.

Әлкей Марғұлан ғалым ғана емес, этнография, шығыстану, тарих, әдебиеттану, өнер саласында аянбай еңбек еткен тұлға. Ә.Марғұланның ұлттық ғылымның дамуына сіңірген еңбегін 1964-1967 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясын басқарған ғалым, Қаныш Сәтпаевтың ізбасарларының бірі Шафик Чокин өз кітабында жан-жақты баяндаған: «... Оның халықтың рухани мұрасын жаңғырту үшін жасағаны ғылымның шектеуінен шығып, адамзатқа маңызды дүниеге айналады».

Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 

Ғылымдағы үздіксіз табыстары үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен және «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағымен марапатталған кемеңгер ғалым өмірінің соңына дейін зерттеу жұмыстарын тоқтатпай, ұрпаққа мол мұрасын қалдырып кетті.

Қазақ археологиясының негізін қалап, бар ғұмырын ғылымның сан-саласына арнаған Әлкей Хақанұлы Марғұланның мұрасын қызы Дәнел жинақтаған. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ә.Марғұлан еңбектері 14 томдық жинаққа топтастырылды. Аталған жинақтың бірінші томында жарияланған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзінде «Қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұланның және оның ізінен ерушілердің жанкешті еңбегі Қазақстанның аумағында 4 мың жыл бұрын пайда болған өркениетті танудың бастамасы болды», - делінген.

Бүгінде ел жүрегі Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Жезқазған қаласында бірнеше көшелер мен мектептер Ә.Марғұлан есімімен аталады. Академиктің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті. Қазақстан ғылым академиясының Археология институтына ұлы ғалымның есімі берілген. Еліміздің әр жерінде Әлкей Марғұлан атында музейлер бар. Оған қоса, оның атымен халықаралық қор ашылған.

 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының кітап қорында Әлкей Марғұланның көптеген еңбектері, сондай-ақ ғалым туралы жазылған белгілі қазақстандық жазушылардың шығармалары сақталған. Олардың арасында, Ә.Х. Марғұланның қазақ тарихына арналған бұрын жарияланбаған жұмыстарының жинағы, «Қазақ халқының қолданбалы өнері» альбомы,  «Қазақ халқының жазба мәдениеті бойынша еңбектері» және академик Ә.Марғұланның қазақ халқының қолданбалы өнері туралы еңбектері бойынша жинақталған 11 томдық «Шығармалар» көптомдығы және басқалары ұсынылған.