МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. РАЙЫМБЕК БАТЫР

 

Райымбек батыр – XVIII ғасырдағы қазақ батыры, қазақ бостандығы үшін жоңғар басқыншыларымен күрескен мықты қолбасшы. Арада ғасыр өтсе де қазақтар оның есімін құрметтеп, қазақ жерін азат еткені үшін алғыстарын білдіреді.

Батыр 1705 жылы қазіргі Алматы облысының аумағында дүниеге келген. Райымбек Түкеұлы – ұлы жүздің Албан руынан шыққан Хангелді батырдың немересі.

Райымбек орта ғасырдағы ең сұрапыл кезеңде өмір сүрген. Ол туған кезде жоңғарлар (қалмақтар)  Жетісу ордасын басып алды. Батырдың ұрпағы болғандықтан ол ерте жастан бастап небір шайқастарға қатысып, айналасына ерекше батырлығымен көзге түседі.

18 жасынан бастап Райымбек жоңғар қоңтайшысы Суан-Рабдан жасақтарына қарсы соғыста өз әскерін басқарды. Оның бастауымен  Арысхан әскерінің күл-талқанын шығарады.  Шабуыл түнгі уақытта өткендіктен,  жауынгерлер қараңғыда бір-бірін табуы үшін олар «Райымбек!» деп айқай салатын. Кейінірек бұл сөз жалпыға ортақ ұранға айналып, оны Албаннан тараған  барлық жауынгерлер қолданған. Айбыны мен батылдығы үшін Абылайхан Райымбекті өзінің қолбасшыларының бірі етіп тағайындады.

1729 жылы Шу және Іле өзендерінің төменгі ағысы арасында өткен Аңырақай шайқасында Әбілқайыр ханның басшылығымен үш қазақ жүзінің біріккен күштері жоңғарларды жеңіп, оларды Жетісудан қуып шықты. Райымбек әскері Бөгенбай және Қабанбай батырларының жасағымен бірге көптен күткен жеңіске қол жеткізді.

Аңыз бойынша, қанды шайқаста Райымбек 77 рет жараланып, жүздеген қарсыластарын жеңген. Райымбектің ерлігі мен көзсіз батырлығын  жасағы да, айналасындағылар да ерекше бағалап, оны әулиеге теңеген.

Райымбек батыр батыл жауынгер болған, бірақ ол шайқастардан гөрі бейбіт өмірді жоғары бағалаған. Ол өзінің адамдарына шексіз соғыстан демалу, өлгендерді жоқтау және жараларды емдеу мүмкіндігі қажет екенін түсінді. Атасынан дарыған дипломатиялық таланты оған ұрыс алаңында ғана емес, сонымен бірге екі мемлекеттің шекарасын шегелеуде Қытайды жеңілдіктер жасауға көндіруіне де көмектесті. Нарынқолда батыр тұрғызған қызыл стеланың арқасында екі ғасырдан кейін қазақ-қытай шекарасын белгілеуде мәселе дау-дамайсыз шешілді. Сол жерде Қытай шекарасы маңындағы Нарынқол ауылында 1997 жылы батырға арналған алғашқы атты ескерткіш ашылды.

Қолбасшы 80 жыл өмір сүрді, оның 30-дан астам жылы қару-жарақ асынып, ер-тоқымында өткізген.

Батырды қазіргі Алматы қаласының аумағындағы кесенеге жерледі, бірақ азаматтық соғыс кезінде ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қолбасшының қабірі қирады. 1981 жылы батыр жерленген жерге гранит стела орнатылып, 90-жылдары жарты аймен көмкерілген  күмбез қойылған. Ішінде ұлы қолбасшының сүйегі сақталған, бүкіл елден келген қазақстандықтар мұнда зиярат  ету үшін келеді. Кесененің жанында жатқан түйенің мүсіні орналасқан. Аңыз бойынша, батыр қайтыс болар алдында барлық серіктестері мен жақындарып жинап: «Мен өмірден өткен соң, менің денемді киізге орап, түйенің үстіне салыңдар, түйе қай жерге шөксе, сол араға жерлеңдер» деген екен.

Райымбек есімімен Алматы даңғылы, алматы метро станциясы, Алматы маңындағы ауыл және Алматы облысының ауданы аталады.

2005 жылы Қазақстанда батырдың туғанына 300 жыл толуына орай салтанатты түрде атап өтіліп, Райымбек ауданының кіре берісінде Алматы-Кеген тас жолының бойында Райымбекке  тағы бір атты ескерткіш орнатылды.

2012 жылы оңтүстік астанада Райымбек пен Пушкин көшелерінің қиылысында қолбасшыға арналған 12 метрлік ескерткіш ашылды. Мүсінге батырдың өмір сүрген жылдары мен қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Ұрпағына медет бер, Ұлы бабам!» өлең жолдары ойылып жазылған.

Райымбектің батырлығы туралы Мұқағали Мақатаев 1971 жылы «Райымбек, Райымбек!» деген поэма арнаса, 1992 жылы ақын Жолдасбай  Тұрлыбаев батыр туралы «Тамыз таңы» дилогиясының екінші бөлімін шығарды. Ал  2007 жылы Шығыстың атақты адамдары серия аясында Шәкен Күмісбайұлының «Райымбек батыр. Тарих, тұлға, уақыт» кітабы жарық көрді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан оқырмандар тақырып бойынша қазақ тілінде төмендегі жинақтарды оқи алады: Ж.Тұрлыбайұлы «Райымбек батыр»; А.Галиев «Керей мен Жәнібек: тарих, тұлға, уақыт»; А.Байсұлтанова «Қазақстан болашағы – білімді ұрпақта»; Ш.Күмісбай «Райымбек батыр. Тарих, тұлға, уақыт»; С.Қасқабасов, С.Қосан «Бабалар сөзі. Жүз томдық. Тарихи жырлар»; К.Шалқар «Үш томдық шығармалар. Бабалар елінде»; К.Матыжанов «Дала фольклорының антологиясы, Тарихи жырлар». Сондай-ақ  Ш.Күмісбайұлының орыс тілінде жарық көрген  «Раимбек-батыр. История. Личность. Время» кітабы да бар.