МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ. СЕРГЕЙ ЛУГАНСКИЙ

Сергей Данилович Луганский - кеңестік әскери қайраткер, авиация генерал-майоры, Кеңес-фин және Ұлы Отан соғыстарының қатысушысы, Кеңес одағының екі мәрте Батыры, жазушы.

Сергей Луганский 1918 жылғы 1 қазанда Верный (қазіргі - Алматы) қаласында шаруа отбасында дүниеге келді. 1936 жылы толық емес орта мектепті бітіріп, бағбан болып еңбек етеді. Сол жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, комсомолдық жолдамамен Орынбор әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне жіберіледі және 1938 жылы Псковтағы 14-ші авиациялық бригадада әскери қызметін атқарады.

1939-1940 жылдары кіші лейтенант Луганский кеңес-фин соғысындағы шайқаста 59 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 1 ұшағын құлатады. Осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.

1941 жылдың қазан айынан бастап Ұлы Отан соғысының майданында шайқасты. 270-ші жойғыш авиациялық полкында эскадрилья командирі болды. Жаудың жер үсті күштеріне шабуыл жасауды, шабуыл топтарын қорғауды, жау ұшақтарына тосқауыл қоюды, әуе барлауын жүзеге асырды. Ол 1941 жылдың 7 қазанынан 31 желтоқсанына дейінгі аралықтың өзінде 43 рет ұшып, 6 әуе шайқасында 2 ұшақты атып түсірсе, топ құрамында жаяу әскер мен жүктер тиелген 118 автокөлікті жойды. Сталинград шайқасы кезінде кеңес әскери бөлімдерін Еділ өзенінен өту кезінде әуеден қорғады. 1942 жылдың 14 қыркүйегінде генерал А.И.Родимцевтің әскери бөлімдерінің өткелден өтуі кезінде әуе шабуылы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін неміс ұшағын құлату арқылы әуе таранын жасады.

Ол Курск шайқасында ерекше ерлік танытты: бес күн ішінде, 1943 жылғы 5-10 шілде аралығында 15 рет ұшып, 5 жау ұшағын құлатады. Ол Белгород бағытындағы шайқаста 14 жау ұшағын атып түсіреді. 1943 жылдың 7 тамызына Луганский 221 рет әуеге көтеріліп, 18 ұшақты - жалғыз өзі, 1 ұшақты топпен бірге жояды. Осы ерлігі үшін капитан С.Д.Луганскийге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 2 қыркүйектегі Жарлығымен Ленин ордені, «Алтын жұлдыз» медалі тапсырылуымен Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. 

Ол одан кейін Украинаны азат етіп, Днепр шайқасына қатысады. 1943 жылдың қарашасына ұшқыштың әскери есебінде жойылған 31 жау ұшағы болды.

Ерекше атап өтерлік жәйт, Луганский ұрыстардың бірінде шабуылшы-ұшқыш, болашақ екі мәрте Кеңес одағының Батыры, жерлесі Талғат Бигелдиновтің Ил-2 ұшағына жасалған жаудың жойғыш ұшақтарына тойтарыс береді.

Қаһарман батыр туған елі Қазақстанға қысқа мерзімді демалысқа келгенінде шебер ұшқыш үшін ақша жинап, ұшақ алып беру бастамасы көтеріледі. Алматылық комсомол мүшелері бір күн ішінде 180 мың сом қаржы жинап, қысқа мерзімде ұшқышқа сый ретінде атаулы ұшақ тарту етіледі. Ол осы ұшақпен жаудың 7 ұшағын жояды.

С.Луганский 1944 жылдың маусым айынан бастап 152-ші гвардиялық жойғыш авиациялық полкты басқарады. Румыния мен Польшаны азат етуге, Германиядағы шайқасқа қатысады. 1944 жылғы 1 шілдеде майор Луганский екінші «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталып, екі мәрте Кеңес одағының Батыры атанады.

Ол жауынгерлік шайқаста өзін батыл, ержүрек шебер ұшқыш, дарынды командир ретінде танытты. Қысқа мерзімде өзі басқарған бөлімдер мен бөлімшелердің жұмысын шебер ұйымдастыра білді. Жас ұшқыштарды оқытуға, өзінің бай әскери тәжірибесімен бөлісуге көп көңіл бөлді.

С.Луганский өзінің ерлікке толы жауынгерлік жолын Берлинде аяқтады. 1945 жылдың мамырына барлығы 390 рет әуе сапарын жасап, 37 жау ұшағын – бір өзі, 6 жау ұшағын – топпен бірге жойған. Майдандағы ерлігі үшін ол 2 рет Ленин орденімен, 2 рет Қызыл Ту орденімен, Александр Невский орденімен, 2 рет Қызыл Жұлдыз орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

1949 жылы Сергей Луганский Әскери Әуе күштері академиясын бітіріп, Әуе шабуылына қарсы қорғану әскерлерінде командалық қызметтерде болды. 1964 жылы авиация генерал-майоры атағымен запасқа шығып, Алматы қаласында тұрды.

Ол «На глубоких виражах», «Небо остается чистым» кітаптарының авторы. «На глубоких виражах» кітабынан алынған оқиғалар көрермендер сүйіп көретін «В бой идут одни старики» фильмінің сценарийіне енді.

С.Д.Луганский 1977 жылғы 16 қаңтарда Алматы қаласында өмірден өтті.

Алматыда С.Луганскийдің атында көше бар, сонымен қатар Абылай хан даңғылында батырдың қоладан жасалған мүсіні орнатылған.

Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай «Астана» телеарнасынан Ұлы Отан соғысы майданында шайқасқан қазақстандық даңқты қаһармандарымыз туралы 70 деректі фильм топтамалары көрсетіле бастады. Фильмдер топтамасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен түсірілген. «Қазақстандықтар - Кеңес одағының Батырлары» деректі бейнеантологиясы фильмдерінің бірі Кеңес Одағының батыры Сергей Луганскийге арналған.