«МӘҢГІЛІК ЕЛ АЛЫПТАРЫ» ЖОБАСЫ. БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Елбасы кітапханасы «Мәңгілік ел алыптары» ақпараттық жобасы аясында Отанымызды фашист басқыншыларынан азат еткен Кеңес Одағының батырлары - қазақстандықтар туралы материалдар топтамасын жариялайды. Бүгінгі тақырып – Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған қолбасшы, танымал жазушы және нағыз халық батыры Бауыржан Момышұлына арналады.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында қазіргі Тараз қаласына жақын орналасқан Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында дүниеге келген. Ол анасынан үш жасында айырылып, жеткіншектің тәрбиесімен әжесі айналысады. Жас кезінде Бауыржан Момышұлы бірнеше интернатта тұрып, оқыған екен.

Б.Момышұлы 1929 жылы, 19 жасында тоғыз жылдық мектепті аяқтап шығады. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, аудандық атқару комитетінде бірнеше лауазымда қызмет жасайды. Ол 1932 жылы әскерге шақырылып, Орта Азия әскери округі 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші тау атқыштар полкына курсант ретінде қабылданады. Б.Момышұлы полк мектебін, артиллериялық әскери училищені бітіріп, офицер атанады. Сол бөлімшеде взвод командирі болды. Отан алдындағы борышын толық өтеп, запасқа шығарылады.

1934-1936 жылдары КСРО Промбанк Қазақ республикалық басқармасының аға кеңесшісі болып қызмет етеді. Сонымен қатар, ол Ленинград қаржы академиясында қысқа курстарды аяқтады.

1936 жылдың наурызында Қызыл әскер қатарына екінші рет шақырылып, Кеңес Одағының Маршалы В.К.Блюхердің қолбасшылығымен Қиыр Шығыста Қызыл Тулы Арнайы Қиыр Шығыс армиясында әскери борышын өтеді. Ол 105-ші атқыштар дивизиясының 315-ші атқыштар полкына жіберіліп, онда танкке қарсы батареяның взвод командирі, батарея командирінің көмекшісі және батарея командирі, артиллериялық дивизияның командирі әскери қызметтерін атқарады. 1938 жылдың шілде-тамыз айларында артиллериялық батарея командирі болып, Хасан көлінде жапондық Квантун армиясымен шайқасқа қатысады.

1940 жылдың ақпанында ол Киев Арнайы әскери округіне ауыстырылып, сәуір айынан 24-ші атқыштар дивизиясы 406-атқыштар полкы штаб бастығының орынбасары болды. Бессарабияның КСРО-ға қосылуына қатысты. 1941 жылғы қаңтарда Алматыда орналасқан Орта Азия әскери округіне ауыстырылып, Қазақ КСР республикалық әскери комиссариатының әскерден тыс дайындық аға нұсқаушысы болып тағайындалады.

Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін округте генерал-майор И.В.Панфиловтың қолбасшылығымен 316-шы атқыштар дивизиясы жасақталғанда, маусым айының соңында аға лейтенант Б. Момышұлы 1073-ші Талғар атқыштар полкының батальон командирі болып тағайындалады. Тамыз айының соңында дивизиямен майданға кетеді. 1941 жылдың қыркүйегінде дивизия құрамында 52-ші жеке армияға өтіп, Малая Вишерада қорғаныс шебін салуға қатысады.

Мәскеу үшін шайқастың басталуымен 1941 жылғы 5 қазанда 316-шы атқыштар дивизиясы дабылмен көтеріліп, шұғыл түрде Волоколамск бағытына көшіріледі, онда алғашқы эшелондар 10 қазанда келе бастады. Батыс майданының 16-шы армиясының құрамындағы 316 атқыштар дивизиясы қорғанысты табандылықпен еңсеріп, тарихқа панфиловшылар атауымен жазылады. Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлы 27 шайқасқа қатысады. Жеке құрамның табандылығы мен жаппай ерлігі үшін КСРО Қорғаныс халық комиссарының 1941 жылғы 8 қарашадағы бұйрығымен дивизияға гвардиялық атақ беріліп, 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атауына ие болады, ал Бауыржан Момышұлы құрамында шайқасқан 1073-ші атқыштар полкы 19-шы гвардиялық атқыштар полкы атанады.

1941 жылдың 16-18 қарашасы аралығында Мәскеуге жасаған вермахтың екінші ірі шабуылында аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны дивизиядан оқшау Матренино деревнясының іргесіндегі Волоколамск тас жолында ерлікпен шайқасады. Батальон командирінің шебер басшылығы немістерді аталған қорғаныс шебінде үш күн ұстауға және батальонды қоршаудан соғысқа жарамды етіп шығаруға мүмкіндік береді. Ол 1941 жылы Мәскеу түбінде маневрлі қорғаныс жағдайында барлығы 27 шайқас өткізген. Генерал-майор Панфилов қойған арнайы міндетті орындау мақсатында дивизиядан бес рет оқшаулана жау тылына өтіп, арнайы тапсырманы орындағаннан кейін жеке құрам мен техниканы толық сақтап, өзі қолбасшылық жасаған батальон мен бөлімшелерді қоршаудан шеберлікпен шығара алды. Осы ұрыстарда Бауыржан Момышұлы екі рет жараланғанымен, соңына дейін майдан алаңын тастағысы келмеді. Қызыл Ту Орденімен және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталды.

Капитан Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады, алайда бұл атақ оған берілмейді.

Бауыржан Момышұлының даңқы барша республикаға тарап, сол жылдары шыққан Кеңес Одағының көптеген майдан және орталық басылымдары қазақстандық комбаттың феномені туралы жазды. Бауыржан Момышұлы қолбасшылық еткен батальонның ерлікке толы жауынгерлік жолы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты тарихи көркем кітабында суреттелген. Осы хикаяттың басты тұлғасы - панфиловшы офицер, Мәскеу қорғанысының батыры Бауыржан Момышұлының өзі. Александр Бек бұл кітапты Б.Момышұлының әңгімелері мен естеліктері негізінде жазған.

Генерал-полковник И.М. Чистяков өзінің «Отанға қызмет етеміз» кітабында Бауыржан Момышұлы туралы былай жазады: «Мен 1073-ші атқыштар полкы командирі майор Бауыржан Момышұлын соғысқа дейін, Қиыр Шығыстағы бірлескен әскери қызметтен танитынмын. Ол - ұлты қазақ, қайратты әрі бірбеткей мінезі бар, сымбатты жас командир болды. Мен И.В.Панфиловтың ерекше ержүректілігі мен тапқырлығы үшін Б.Момышұлын қатты бағалайтынын білетін едім. Мәскеу түбінде полкпен бірнеше күн байланыссыз қоршауда қалған оның батальоны басым жау күшімен соғысқан болатын. Аласұрған шайқаста гвардияшылар екі күнде 400 фашистің көзін жойып, олардың Волоколамск тас жолына шабуылын тоқтатады. Одан соң, орманмен маневр жасау арқылы қоршау шеңберін бұзып, өз полкымен қосылады. Панфилов осы шайқастан соң Момышұлының батальонын резервте ұстап, оны ұрыс алаңына тек күрделі жағдайда ғана жіберетін болған. Маған ұнаған Момышұлының тағы бір қасиеті – оның шыншылдығы. Қанша қиын болса да шындықты жасырмайтынын білетінмін, ол қол астындағылардан да осыны талап етті».

Ауыр шайқастарда қолбасшылық қабілеті байқалған Момышұлы қараша айының соңында 16-шы армияның командармы К.К.Рокоссовскийдің ұсынысымен полк командирі болып тағайындалады.

1941 жылдың соңында Момышұлы капитан, кейін майор атағын алды. 1942 жылдың қаңтар-сәуір айларында, кейіннен Бауыржан Момышұлы қолбасшысы болып тағайындалатын 8-ші және 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиялары СС-тіктердің «Өлі бас» дивизиясымен шайқасып, Демьян операциясына («Демьян қапшығы») қатысады. Ол 1942 жылдың қазан айында подполковник, ал сегіз айдан кейін полковник атағына ие болады.

Шайқаста алған жарақаттары сыр беріп, 1943 жылдың қарашасында Бауыржан Момышұлы госпитальге жатқызылады. Ем алып болған соң оған демалыс беріліп, ал 1944 жылдың мамырында оқуға жіберіледі. 1944 жылдың желтоқсанында ол К.Е.Ворошилов атындағы Жоғары Әскери академия жанындағы офицерлік құрамды жетілдіру курсын тәмамдайды.

1945 жылдың қаңтарында Б.Момышұлы дивизия командирі лауазымын атқарумен 1-ші Балтық жағалауы майданы 6-шы гвардиялық армиясының 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болып тағайындалады. 1945 жылдың ақпан-наурызында оның дивизияны ұтымды басқаруы нәтижесінде Приекуле станциясының (Латвия)  солтүстік-батыс жағындағы жау қорғанысының үш белдеуін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді-мекен азат етіліп, жауға орасан зор зиян келтіреді.

Бауыржан Момышұлы 1946 жылы І дәрежелі Суворов орденді К.Е.Ворошилов атындағы Жоғары Әскери академияның тыңдаушысы атанады. Ол 1948 жылы академияны аяқтағаннан кейін Қарулы Күштердің кадрында қалумен Қазақ КСР-інің армияға жәрдемдесу жөніндегі «ДОСАРМ» Ерiктi қоғамы Орталық Комитетінің Төрағасы болып тағайындалады. 1948 жылдың соңында полковник Момышұлы Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының қарамағына қабылданып, Шығыс Сібір әскери округі 49-шы дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары болады. Ол 1950 жылы Калининдегі В.М.Молотов атындағы Тыл және жабдықтау Әскери академиясының жалпы тактика және шұғыл ұрыс өнері кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарады. 1955 жылы сырқатына байланысты Кеңес Әскері қатарынан отставкаға шығады.

Б.Момышұлы Алматыға оралғаннан кейін өзін толықтай әдеби шығармашылыққа арнайды. Ол «әскери қызметтен бастап баспасөзде жариялана бастады» деп айтылып жүр, алайда «Б.Момышұлының алғашқы очеркі 1928 жылы Жуалы аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетінде жарық көрген» деген де деректер бар.  Оның замандастарының естеліктеріне сүйенсек, Момышұлы дәптерге, қағаздың қиындыларына, тіпті бос темекі қораптарына да жиі-жиі жазбалар жазған. Ол жертасада, блиндажда, тіпті емхана төсегінде жатқанда да қаламы қолынан түспеген. Жазушылық - оның өмірінің мәні болатын.

Оның Ұлы Отан соғысы туралы алғашқы хикаяттары сыни көзбен жылы қабылданады. Уақыт өте, әскери прозамен қатар қашан да өзекті ар-ождан мәселелерін көтеріп, замандастары туралы да қалам тербеген. Балаларға арнап әңгімелер мен хикаяттар жазған.

Б.Момышұлы «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас» әңгімелер жинағының, генерал И.В.Панфилов туралы «Генерал Панфилов» өмірбаяндық хикаятының, «Біздің семья» хикаяттар мен әңгімелер жинағының авторы. Бұл туындылары үшін Б.Момышұлы 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, ол «Куба әсерлері»  және т.б. жолсапар очерктерінің авторы.

Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жұмыс жасады, өз кітаптарын өзі аударды. Сондай-ақ, қазақ, ұйғыр жазушылары мен ақындарының шығармаларын, өлеңдерін де орыс тіліне жиі тәржімалаған. Орыс жазушыларының шығармаларын Қазақстанда басылып шығуы үшін қазақ тіліне аударған. Прозадан тыс көптеген мақалалар жариялаған, әдеби сын, жолсапар очерктері саласында жұмыс істеді. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болды.

«Бауыржан Момышұлының жауынгерлік ерлігі бәрімізге белгілі. Ол жазушылық жолды таңдауы арқылы екінші рет ерлік көрсетті. Менің ойымша, оның екі ерлігі де бірінен бірі кем емес»,- деп жазады Кеңес Одағының батыры, генерал-майор, жазушы Петр Вершигора.

Б.Момышұлы тактикалық маневрлер мен стратегиялардың да авторы. АҚШ, Куба, Израиль, Никарагуа әскери оқу орындарында Момышұлының әскери тәжірибесі дербес зерттелуде. «Волоколамск тас жолы» - Израиль Қорғаныс Армиясының офицерлері үшін оқуға міндетті кітапқа айналды. Эрнесто Че Гевара Б. Момышұлын пір тұтқан, «Волоколамск тас жолы» - коменданте Че мен Фидель Кастроның сүйікті кітаптарының бірі болған. 1963 жылы Фидель Кастромен сұхбат жарияланады. Тілшінің «Екінші дүниежүзілік соғысының қаһарманы деп кімді атар едіңіз?» - деген сұрағына Кастро: «Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының кейіпкері - қазақ Момышұлы», - деп жауап берген екен. Осыдан кейін, көп уақыт өтпей, Б.Момышұлы Куба үкіметінің шақыруымен Бостандық аралына барып, Қорғаныс министрі Рауль Кастромен кездеседі. Бұл кезде Фидель Кастро Мәскеуде болса, Че Гевара басқа елдерге төңкеріс жасауға кеткен. Кубаға сапар барысында Б. Момышұлы жауынгерлік дайындық бойынша дәріс оқып, Кубаның Революциялық Қарулы күштері 51-ші полкының құрметті командирі атағына ие болды. Бауыржан Момышұлы кубалық жас көтерілісшілерді Алматыдағы үйіне шақырды.

«Біраз уақыттан кейін жас кубалық революционерлер келді, бұл делегацияның арасында сақалды жас сарбаздар болды, барлығы жасыл әскери формада, жүздері жылы. Пәтерді жөндеді: шатырды бекітті, еденді қайта салды, таза шыныдан істелген аспашамдарды ілді, жаңа жиһаз, кілемдер пайда болды... МҚК қызметкерлеріне ұқсайтын, барлығы дерлік  сұр костюм киген аудармашылар болды. Кеңестік әскери жазушылар келді, олардың арасында Борис Полевой бар еді», - деп еске алады танымал қолбасшының асырап алған қызы Шапиға Мусина.

Б. Момышұлы марапаттарының арасында «Ленин» ордені, екі Қызыл Ту ордені, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордені, Еңбек Қызыл Ту ордені, Халықтар Достығы ордені, Қызыл Жұлдыз ордені, «Құрмет белгісі» ордені бар. Кеңес Одағының Батыры атағы оған дүниеден өткеннен кейін берілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың табандылығының арқасында 1990 жылы, Одақтың ыдырауына бір жыл қалғанда Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды.

Елбасы ұлы қолбасшы, жазушының ұлы Бақытжан Момышұлына жолдаған құттықтау жеделхатында былай деген болатын: «Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жұлдызы жанған күн!». Осы сөздер Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың аумағында орнатылған аты аңызға айналған Ұлы Отан соғысының батыры ескерткішінің тұғырына ойып жазылған.

Батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толуына арналған мерекелік шарада Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы Достастықтың барлық халықтары үшін ортақ отандас болып қала береді. Жауынгер әрі халық жазушысы бізге ең басты құндылық — адамға, оның рухының күшіне деген жарқын сенімді қалдырды. Бауыржан Момышұлы есімінің біздің халқымыз бен тағдырымыздың ортақтығының жарқын үлгісі ретінде адамдар жадында мәңгі есте сақталатынына сенімдімін», - деген болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің шақыруымен Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне бірнеше рет қатысқанын ерекше атап өткіміз келеді.

Бауыржан Момышұлының құрметіне Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығы «Бауыржан Момышұлы ауылы» деп аталды (бұрын - Бурное). Осында Б.Момышұлы музейі ашылды, онда оның кейбір жеке заттары сақталған. Қазақстанның Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Шымкент, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Жезқазған, Атырау, Семей, Сәтпаев, Атбасар, Ақсу қалаларында және Шелек, Аса, Күршім ауылдарында батырдың есімімен көшелер бар. Сондай-ақ, Кеңес Одағы батырының есімі түрлі қалалар мен ауылдардағы орта мектептерге, Бауыржан Момышұлы (Бурное) ауылындағы спорт кешеніне берілді. Қазақстан қалаларында Бауыржан Момышұлының көптеген ескерткіштері, мүсіндері мен монументтері орнатылған, батырдың қола мүсіні Ресейдегі Волоколамск қаласының Октябрь алаңында да бар.

2011 жылдан бері Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Әр түрлі оқу орындарында Бауыржан оқулары өткізіледі.

Батырдың есімін мәңгі сақтау мақсатында «За нами Москва» (1967, режиссер Мәжит Бегалин), М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Волоколамское шоссе» фильм-спектаклі,  (1982, режиссер Всеволод Шиловский), «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмі (2010, режиссер Қалила Омаров), «Бауыржан Момышұлы» көркем сериалы (2013, режиссер Ақан Сатаев) кинотуындылар жарық көрген.

Елбасы кітапханасының кітап қорында Б. Момышұлының қазақ және орыс тілдеріндегі көп томдық шығармалар жинағы, «Ұшқан ұя. Курляндия майданы» романы, сондай-ақ оған арналған басылымдар бар: М.Мырзахметұлы «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» фотоальбомы,  М.Мырзахметұлы «Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер», Қ.Сәрсебай «Батырым, Бауыржаным» дейді халқым», Е.Әлімжан «Бауыржанның пырағы: Әңгіме, пьеса, сұхбат», Б.Смағұл «Қаһарман», С.Бақытбек «Қолбасшы күнделігі. Дневник поководца», М.Қалдыбай «Мен – халқымның Бауыржанымын!.. Әңгімелер», Ж.Ыбыраев «Бауыржан Момышұлы. Майдан жыры мен сыры. История одной книги» және тағы басқалар.