МӘСКЕУДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ «Н.НАЗАРБАЕВ – ЕУРАЗИЯ ИНТЕГРАЦИЯСЫНЫҢ СӘУЛЕТШІСІ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

Бүгін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев – еуразия интеграциясының сәулетшісі» көшпелі көрмесі ашылды. Оқиға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей астанасына жұмыс сапары аясында өтті.

Көрменің негізгі мақсаты – Ресей-Қазақстан қарым-қатынастары мәнмәтініндегі еуразиялық ынтымақтастықтың өмірге келуі мен даму тарихындағы, еуразия идеясының негізі ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рөлін, сондай-ақ жаңа жаһандық өлшемде осы идеяның перспективалық дамуын жан-жақты көрсету.

  

«Көрме тұңғыш рет қазақстан-ресей ынтымақтастығы тарихында ерекше орын алатын Мәскеу мемлекеттік университетінде өтуде. 1994 жылы, дәл осы ғимаратта Н.А. Назарбаев алғаш рет өзінің еуразиялық интеграция идеясын ресейлік ғылыми қоғамдастық алдында айтқан болатын. «Н.Назарбаев – еуразия интеграциясының сәулетшісі» көрмесінде Елбасының жеке мұрағатынан алынған бірегей құжаттар, оның қолжазбалары, еуразиялық интеграцияны жүзеге асыру тарихы мен кезеңдерін көрсететін мемлекеттік қызмет барысында жасаған жазбалары ұсынылған. Көрмеде Елбасының мемлекеттік марапаттары ерекше орын алады – бұл Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы еңбегін жоғары бағалаудың нышаны, - деп атап өтті, көрменің тақырыбын ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

 Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы кітапханасының жинағында жинақталған және жүйеленген архивтік, кітап, заттық кешендер Қазақстан мен Ресей екі жақты қатынастары тарихы, еуразиялық интеграция идеясының дүниеге келуі, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы екі ел ынтымақтастығы жөнінде бірегей зерттеушілік, талдамалық, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңын жасақтайды.

  

«Көрме Н.Ә.Назарбаевтың пәрменімен өмірге келген заманауи еуразиялық идеяның қалыптасу жолы туралы терең мағлұмат береді. Ол бірқатар мемлекеттер, оның ішінде Қазақстанға қолайлы жағдай туғызу үшін сол елдер басшыларының басын біріктіре алды. Бұл - экономикалық және саяси мәні бар ірі идея. Келушілер осы көрмеде Еуразиялық идеяның өміршең болуы оңай болмағанын бағалайды, осы үдеріске атсалысқан адамдардың фотосуреттерін көре алады. Бұлар - еуразиялық идеяны жүзеге асыруды қамтамасыз еткен мемлекет басшылары мен тиісті құрылымдар қызметкерлері», – деді өз әсерімен бөліскен ММУ-і Қазақстандық филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор  Александр Сидорович.

Іс-шараға екі елдің  танымал саяси және қоғам қайраткерлері қатысты, олардың қатарында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Е.Көшербаев, Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі А.Фурсенко, М.В.Ломоносов атындағы ММУ ректоры В.Садовничий және тағы басқалар бар.

«Н.Назарбаев – еуразия интеграциясының сәулетшісі» көрмесі үш бөлімнен тұрады:

1. Қазақстан - Ресей: мемлекетаралық байланыстардың эталоны;

2. Еуразиялық Одақ: идеядан тәжірибеге дейін;

3. Болашақ интеллектуалдық ұлт.

«Қазақстан - Ресей: мемлекетаралық байланыстардың эталоны» бөлімі Елбасының жеке архивінің материалдары негізінде еуразиялық интеграцияның өзегі ретінде қазақстан-ресей ынтымақтастығының тарихы мен кезеңдерін көрсетеді. Аталған бөлімнің экспозицияларында Н.Ә.Назарбаевқа ҚР Тұңғыш Президенті лауазымындағы қызметінің әр жылдарында тапсырылған Ресей Федерациясының мемлекеттік және қоғамдық марапаттар топтамасы, Н.Ә.Назарбаевтың Ресейдің мемлекет және қоғам қайраткерлері ұсынған сыйлықтар кешені, сондай-ақ сый қолтаңбасы бар кітаптар топтамасы ұсынылған.

«Еуразиялық одақ: идеядан тәжірибеге дейін» бөлімі Еуразиялық экономикалық Одақтың 25 жылдық тарихын оның бастамашысы мен белсенді таратушысы Н.Ә.Назарбаевтың қызметі арқылы көрнекі түрде ұсынады. Көрменің негізін Елбасы кітапханасының жинағынан архивтік, иллюстрациялық, кітап және музейлік топтамалар құрайды.

«Болашақ интеллектуалдық ұлт» бөліміндегі материалдар Елбасының дарынды жастармен, студенттермен, жас ғалымдармен, жас кәсіпкерлермен жыл сайынғы кездесуі туралы сыр шертеді. Осы кездесулерде Н.Ә.Назарбаев өзінің стратегиялық идеяларын айтып, жастар саясатын дамытуға қатысты жоспарларымен бөліскен.

  

Экспозицияда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүйелі даму мен халықаралық білім кеңістігімен бірігуге бағытталған білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясат туралы баяндайтын материалдар ұсынылған. Бұл бөлімде Н.Ә.Назарбаевқа Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары тапсырған мантиялар, сонымен қатар басқа да білім беру мекемелерінің естелік сыйлықтары қойылған. Аталған бөлімде Елбасы кітапханасының жинақтарынан М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне байланысты архивтік және музейлік материалдар ерекше орын алады. Олардың қатарында сыйлықтар мен қоғамдық марапаттар, фотоматериалдар, Н.Ә.Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дегі тезистері мен дәрістері, сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандық филиалы тапсырған кітап жинақтары бар.

«Н.Назарбаев – еуразия интеграциясының сәулетшісі» көрмесі мазмұны жағынан жаһандық қауымдастық тарапынан оң пікір алуымен қатар, бүгіннің өзінде барша әлемде елеулі нәтижелерге ие болған Н.Ә.Назарбаевтың басты саяси бастамаларын терең ұғынуға мүмкіндік береді.

Фотобаян