2019 жылғы 8 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың өкілдерімен кездесті. Кездесуге облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың ұжымы мен оқырмандары 

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовпен бірге олар облыстық кітапхананың жұмысымен танысып, «Bookclub» клубы мүшелерімен кездесті. Әмірхан Мұратбекұлы «Шаңырақ» зияткерлік орталығының жұмысы мен қазақ жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасымен танысты. Кездесу барысында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың қорына Елбасы кітапханасының атынан Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызмет жолынан сыр шертетін кітаптар топтамасы тарту етілді.

Дәл осы күні аталмыш кітапханада «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясы ұйымдастырылды. Кітапхана, мұрағат, музей салаларының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерге арналған бұл  іс-шара «оpen space» үлгісінде өтті. Оның басты мақсаты қоғамдық сананы жаңғырту аясында мәдени мұраны зерттеу мен насихаттау саласы бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ кітапхана, архив, музей қызметтеріндегі ақпараттық технологияларды дамыту  мәселелерін талқылауды көздейді.

Сессияға Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева модераторлық етті. Өз сөзінде ол «ашық кеңістік» үлгісіндегі Кітапхана шараларының Шымкент, Атырау, Ақтөбе қалаларында табыспен өкізілгенін мәлім етті.

Қос шара Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің аясында өткізілді. Оның тұсауын Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов кесті.

Қызылорда облысы Мәдениет, архив, құжаттама басқармасының жетекшісі Мейрамкүл Әбуова «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» аймақтық кәсіби сессиясының барысында  қатысушыларды іс-шараның ашылуымен құттықтап, сөз сөйледі:

– Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған Елбасы кітапханасының көрме жобасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет қалыптасуындағы негізгі рөлін көрсетеді. Іс-шара біздің өңіріміздің саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Көрермендердің назарына Кітапхана қорының құнды материалдары ұсынылған. Ал  бүгінгі сессия кәсіби пікір алмасудың тиімді жолы екені анық. «Ашық кеңістік» форматы кітапхана, архив және музей мамандарына заманауи технологиялармен танысуға мүмкіндік береді. Мұндай ауқымды шаралар қатарын өткізу – облыс жұртшылығы үшін үлкен мәртебе, - деді ол.

Сессия қатысушыларының назарына Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің зерттеу жұмыстары мен нәтижелері ұсынылды. Олар «Бір жәдігердің тарихы», «Музей коллекциялары» жобасын қамтитын «Музей жинақтары» ғылыми-қор музейтану бағдарламасы аясында  әзірленді.

Шара барысында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың директоры Нұржамал Мырзамұратоваға алғыс хат пен тартулық басылымдар табысталды. Сессия жұмысына қатысқан мамандар сертификаттармен марапатталып, Елбасы кітапханасына ризашылық білдірді.