2018 жылдың 20 қыркүйегінде Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің музей қауымдастығына арналған «Музей саласындағы ақпараттандыру жұмыстары» ғылыми-тәжірибелік семинары өтті.

Іс-шара Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында қоғамдық сананы жаңғырту міндеттеріне сәйкес мәдени мұраны зерттеу және насихаттау бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Шараны ашқан Елбасы кітапханасының орынбасары Күләйша Ақтаева көрме жобасының мазмұны мен басты іс-шаралар жөнінде айтып өтті:

– Қоғамдық сананы жаңғыртудың бірінші міндетіне өз мәдениетіңді және оның әлемдік деңгейдегі мәртебесін сақтау жатады. Бұл – қазақтандық заманауи суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындыларын ғана ұсыну емес, сондай-ақ барлық бай мәдени мұрамызды, сирек кездесетін ежелгі артефактілерімізді көпшілікке таныстыру. Осы тұста мәдени мұраларымызды сақтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін мекеме ретінде музейлердің рөлі арта түседі. Музейдің басты мақсаттарының бірі – мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау. Музей мекемелерінің қызметін жаңғырту үдерісінде цифрландыру және жаңа ақпараттық технологияларды енгізуге үлкен мән беріледі. 2007 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде біз архив, кітапхана және музей қорын біріктіруге мүмкіндік беретін «Музей» автоматтандырылған жүйесін енгізген болатынбыз. Бүгін біз Атырау облысының кәсіби қауымына музей қызметін ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесін ұсынбақпыз.

Атырау облысы мәдениет, архив және құжаттама басқармасы директорының орынбасары Азамат Жолаев алғы сөзінде Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне мазмұнды әрі жан-жақты іс-шараларды ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, үздік өлкетанушы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Рашида Харипова:

– Бүгінгі семинар Мемлекет басшысы ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі талаптарына жауап береді. Бағдарлама еліміздің экономикасының даму қарқынын үдетуге және цифрлы технологияны қолдана отырып, өмір салтын жақсартуға бағытталған. Атырау облысының тарихи-өлкетану музейі 1939 жылы ашылған. Бүгінгі күні музейде 9 филиал бар. Цифрландыру мемлекеттік бағдарламасы аясында музей қорының мемлекеттік каталогін қалыптастыру жобасы жүзеге асырылды. Музей қорының мемлекеттік каталогі музей заттары мен жинақтарын орталық мемлекеттік электронды есепке алуды қамтамасыз ету мақтасында жүргізіледі, – деді.

Атырау облысы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қор сақтаушысы Оксана Әлжанова мекеменің тарихы мен қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді:

– Біздің музейіміз маңыздылығы жағынан өңірдегі екінші мекеме. 1992 жылы ашылған мекеменің қорында қазіргі таңда 1 790 кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы бірегей өнер туындылары сақтаулы тұр. Музейдің сегіз залында шығармашылықтары еліміздегі бейнелеу өнерінің дамуына ықпал еткен республикаға танымал кәсіби кескіндемешілердің жұмыстары орналасқан. Олардың қатарында Шаймардан Сариев, Жантай Шарденов, Молдахмет Кенбаев сынды сурет өнерінің хас шеберлерінің туындылары бар.

Елбасы кітапханасы Музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің сарапшысы Ғайни Өтегенова музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бойынша «Музей» автоматтандырылған жүйесін жетілдірудегі қызметкерлердің зерттеу және тәжірибелік жұмыстарының нәтижелерін ұсынды.

– Бұл жүйенің негізгі басымдығы ретінде бағдарламамен жұмыстың икемділігін, жеңілдігін әрі өте ыңғайлығын айтуға болады. Модульдерді бірыңғай жүйелеуге болады, мәліметтер бір рет қана енгізіледі. Бұған қоса, осы мәліметтерді бір сәтте бірнеше модульдерде қолдануға болады. Қордың қозғалысы, ғылыми сипаттама, қорды тексеру автоматтандырылған жүйемен жүргізіледі.

Елбасы кітапханасының қызметкерлері Ғайни Өтегенова мен Арай Ержанова нақты қолданбалы мысалдармен қорды зерттеу бойынша ғылыми-теориялық және практикалық ізденістердің жинақталған тәжірибесін ұсынды, сондай-ақ Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың мұрасын шұғыл зерттеу мақсатында электрондық мәліметтер қорын қалыптастыру қызметінің нәтижелерін көрсетті.

Семинар барысында музей саласындағы ақпараттық технологияларды дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Семинар соңында қатысушыларға Елбасы кітапханасының сертификаттары табыс етілді.